Жарнама
Жаңалықтар

МАҢЫЗДЫ ҚҰЖАТТЫҢ МӘНІ

Сенатор Сәрсенбай Құрманұлы басты мақсат – ел өміріндегі жетекші партия саналатын «Нұр Отанның» съезінен кейін онда қабылданған доктринаның негізгі құндылықтарын насихаттау екендігін жеткізді. «Президент бәсекеге қабілетті елдердің қатарына ену үшін қандай нақты істер атқарылу керек екендігін сан мәрте айтып келеді. Экономикасы мықты дамыған, алдыңғы қатарлы елдермен иық тірестіру үшін әр қазақстандық үлкен ынтамен өз үлесін қосуы тиіс. Біз ел болашағы – жастарымыздың бойына патриотизм мен рухани құндылықтарды сіңіруіміз қажет» деді ол.

Бүгінде мемлекетіміз қалыптасты, нарықтық экономикаға көштік. Ішкі-сыртқы саясатымызды қалыптастырдық. Ендігі міндет — еліміздің алға қарай жаһандану дәуірінде қалай өмір сүретіндігін айқындау. «Осы орайда Елбасы жоспарлау кеңістігін кеңейтіп, одан әрі 2050 жылға дейін жасалу керек жұмыстарды алға қойды» деп атап өткен Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов «елімізді ең қуатты отыз елдің қатарына қосу – үлкен мақсат» екендігін айтты. Сонымен қатар ол съезд барысында айтылған ең басты үш мәселеге жастардың назарын аударды.
«Бәсекеге қабілетті ел болу үшін алдымен патриоттық тәрбие керек. Өз елінің патриоты болу тек сөзбен айтумен шектелмейді, күнделікті әрбір ісіңмен өлшенеді. Сондай-ақ, қазақ тілін дамытуды алға қойған жөн. Елбасының сөзімен айтқанда, қазақ қазақпен қазақша сөйлессін, тілге деген құрмет артсын. Тағы бір айта кетерлігі, өз ана тілімізді жетік меңгеріп, өзге ұлттың тілін де құрметтей білуіміз қажет. Соның ішінде ағылшын тілін білу маңызды. Ағылшын тілін білмей дүние жүзінің кез келген жерінде жұмыс жасау мүмкін емес. Себебі, ағылшын тілі заманауи білімнің, ғылымның тіліне айналды. Ал, орыс тілін білмеу — ағаттық. Тағы бір айқындап айтар тұсымыз, ұлт бірлігін берік сақтауымыз қажет. Рушылдыққа, жершілдікке бөлінбей, ішкі бірлігімізді арттырғанымыз жөн» деген ол дін мәселесіне де ерекше ден қою керектігін алға тартты.
Одан әрі мінбеге көтерілген ғалым, профессор Ғарифолла Есім жігерлі сөзімен аудиториядағы жастарды өзіне баурап алды. Ол «Шәкәрім және бүгінгі заман» тақырыбында дәріс оқып, Шәкәрімнің сол кездегі жазғаны — қазіргі ұрпаққа рухани байлық, тәлім — тәрбие, азық екенін айтып өтті. Ұлы философтың артына қалдырған сөздерін оқып, қазіргі заманмен салыстыра баяндады.
– Шәкәрім бабамыздың айтуынша, заманға сай болу — қазіргі Қазақстанның инновация жолындағы бастапқы міндеті. Дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін заманға сай адам болу керек. «Ақылды жанның мүлкі әлемі» дейді Шәкәрім. Ақылды жан – ол кім? Ақылды жан – ойын жүзеге асыра алатын, іс-әрекетінің нәтижесін көретін адам. Егер ақылмен жұмыс істесең, бүкіл әлем сенікі болады, — деп түйіндеген ғалым жастарға өз кәсібінің шебері болуға ұмтылудың қажеттілігін айтты.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button