Мақсат – қауіпсіздікті сақтау
Өңірлік коммуникациялар қызметінде кезекті брифинг өтті. Онда Атырау облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Жасболат Бержанов биылғы жыл басынан бері атқарылған жұмыстар жайын баяндады.
Есепті мерзімде облыста 147 өрт оқиғасы тіркеліп, екі адам қаза тапқан. Тіркелген өрт оқиғаларының 86-сы немесе 59 пайызы тұрғын секторында орын алған. Келтірілген материалдық шығын көлемі 20,4 млн. теңгені құраған. 15 сәуір — 15 мамыр аралығында аймақта өрт қауіпсіздігі айлығы өткізілген. Оның барысында он бес мыңнан астам жеке тұрғын үй қамтылып, тұрғындарға арнайы дайындалған өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау жадынамалары таратылған. Жергілікті полиция және Батыс өңірлік аэроұтқыр құтқару жасағымен бірлесіп тұрғындар арасында 40-қа жуық жиын (2000-ның үстінде адам тартылған) өткізілген.
Судан құтқарудың қиындығы
Сондай-ақ, судан құтқару қызметінің жайына да назар аударылды. Бұл жөнінде «Батыс өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы» мемлекеттік мекемесі сүңгуірлік құтқару бөлімшесінің басшысы Самат Құмашев хабарлама жасады.
Биылғы жыл басынан бері облыста 6 адам (оның екеуі ересек, төртеуі бала) суға кеткен. Бұған балалардың ата-анасының қарауынсыз, бақылаусыз қалғандығы себеп болып отыр. Соған байланысты, наурыз айынан бастап барлық оқу орындарында, соның ішінде, мектептер мен колледждерде тақырыптық дәрістер оқылып, әңгімелесулер өткізілген. Суға батып бара жатқан адамға алғашқы көмек көрсету тәсілдеріне, су айдындарында шомылған мезгілде қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтауға көңіл бөлінді. Осы мазмұндас дайындалған үгіт-насихаттық бейнефильмдер көрсетіліп, профилактикалық іс-шараларға негізделген «Су тасқыны кезіндегі қауіпсіздік шаралары», «Су айдындарында суға түсу маусымы кезінде адамдарды құтқару ережесі» тақырыптарында интерактивті сабақтар өткізілді. Тұрғындар арасында 420 рейд, 115 әңгімелесу-кездесу ұйымдастырылып, ауылдық елді мекендердегі аулаға 1225 ескерту парақшасы таратылған.
Хабарламашының айтуынша, биыл жапай суға түсу кезеңі жылдағыдан гөрі кешірек, маусым айының 20-сында басталады, деп күтілуде. Осыған орай, қаладағы екі жағажайдың дайындығы пысықталуда. Бұл нысандардың әрқайсысына екі-екіден судан құтқару қызметінің өкілі бөлінген. Әйтсе де бұл жеткіліксіз. Кем дегенде, әлі төрт құтқарушы маман керек.
Экологиялық бақылау күшейді
Мемлекеттік экологиялық бақылау – Атырау облысы бойынша экология департаментіне жүктелген маңызды міндеттің бірі. Оның орындалысы туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте департамент басшысы Қабижан Қапанов хабардар етті.
Осы мақсатта 2016 жылы табиғатты пайдаланушы субъектілерге қатысты 382 тексеру жүргізіліп, экологиялық заң талаптарын бұзудың 278 фактісі анықталған. Кінәлі тұлғаларға жалпы сомасы 48,97 млн. теңгені құрайтын 248 әкімшілік айыппұл салынған. Бүгінге дейін соның 43,85 млн. теңгесі өндіріліп, қалғаны бойынша іс сот орындаушыларға жолданған.
Қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеу мақсатында, өткен жылы заң талаптарын бұзушы тараптардың атына 19,52 млрд. теңгеге бағаланған 135 жазбаша нұсқама беріліп, оның дені мемлекет пайдасына өндірілді. Бұдан басқа, жүргізілген экологиялық бақылау жұмыстарының нәтижесінде, өз қызметін қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат құжатынсыз жүргізген үш табиғат пайдаланушының («Сабиров Б.», «Ермеков Ж.» жеке кәсіпкерліктері мен «Жылыой су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны) шаруашылық қызметі сот шешімімен тоқтатылған.
Биылғы бес айда департамент тарапынан табиғат пайдаланушы заңды тұлғалардың қызметіне 47 тексеру жүргізіліп, 128 экологиялық заң талаптарын бұзу дерегі тіркелген. Кінәлі деп танылғандарға қатысты тиісті шаралар қабылданып, әкімшілік жазалау шарасы алынды.
Дәулетқали Аруев