Артур СӘДІБЕКҰЛЫ: «Атырауда 15 мың тонна балық өсірілмек» (+ФОТО)

img 20210708 wa0160 Жаңалықтар

Жыл сайын шілде айының екінші жексенбісі елімізде балық шаруашылығы саласы еңбеккерлерінің кәсіби мерекесі – Балықшы күні ретінде атап өтіледі, деп хабарлайды Атырау облысы Балық шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметі.

Осы орайда, «қара алтынмен» қатар, «тайдай тулаған» балығымен белгілі болған Атырауда қандай жұмыстар атқарылып жатыр, мұны Атырау облыстық қоғамдық-саяси «Atr.kz» сайтының тілшісі арнайы саралап көрді.

Тоқсанға бөліп төлеу – тиімді

Балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының баяндауынша, облыста 18 табиғат пайдаланушы субъект (оның ішінде екі бекіре балығын өсіру зауыты бар) балық аулаумен шұғылданады. Былтыр Жайық-Каспий бассейні бойынша барлығы 11600 тоннаға тарта су маржаны ауланған.

whatsapp image 2019 06 10 at 12.39.57 1024x682 1

Өңделген балық өнімдерінің басым бөлігі елімізден өзге, Ресей, Украина, Әзербайжан, Израиль мемлекеттеріне экспортқа шығарылады.

  • – Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі көктемгі балық аулау маусымының мерзімін (Жайық өзенінде 16, Каспий теңізінде 25 мамырға дейін) ұзартқаны белгілі. Мұның өзі табиғат пайдаланушы субъектілердің маусымға бөлінген лимитті игеру көрсеткішін көтеруге мүмкіндік берді. Көптен бері балықшыларды толғантып жүрген биоресурстарды пайдаланғаны үшін алынатын төлемақы жүйесін өзгерту мәселесі де оң шешімін тауып отыр. Сөйтіп, табиғатты пайдаланушы субъект оның 80 пайызын жылдың бірінші және екінші тоқсанында, қалған 20 пайызын төртінші тоқсанда төлейді, – дейді басқарма басшысы.
img 0406 07 07 18 03 14

Флот жаңаланбай, жағдай жақсармайды

Артур Сәдібекұлының айтуынша, бүгінде өңіріміздегі балық аулау флоты ескірген, заманауи талаптарға сәйкес келмейді. Әлі күнге балық өндірісінде әрісі 50, берісі 30 жыл бұрын жасалған суда жүзу кемелері қолданылады. Ұзындығы 30 метрден кем болмайтын теңіз кемелерін қазірде «Амангелді», «СевКаспийФиш», «Тілекші», «Абылайхан» ЖШС-терінде ғана пайдаланылуда.

dsc06431

Браконьерлер бұғалық салдырмай тұр

Заңсыз жолмен балық аулаушылардың қатары әлі де азаймауда. Мамандардың пікірінше, бұған кінәлілерге қолданылатын жазаның жеңілдігі мен салынатын айыппұл сомасының аздығы, сонымен бірге, Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының материалдық-техникалық базасының нашарлығы себепші болып отыр. Браконьерлікпен күресті күшейтуге бағытталған «Бекіре-2021» кең ауқымды балық қорғау акциясы аясында облыста табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 1 262 дерегі тіркелсе, оның ішінде 862 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

foto 149

Бекірені сақтау – басты мақсат

Бекіре тұқымдас балықтардың қорын молайту мақсатында «Жайық Атырау» және «Атырау» бекіре балығын өсіру зауыттары жыл сайын Жайық өзеніне 7 млн. дана бағалы балық шабағын жібереді. Мамандардың айтуынша, мұның көлемі әлі аз. Бүгінде бекіре жойылып бара жатқан балық түріне жатады. Қауіпті жағдайдың алдын-алу үшін ең әуелі оның популяциясын, яғни биологиялық алуан түрлілігін сақтап қалу керек. «Тығырықтан шығып, жағдайды қалыпқа келтірудің бірден-бір жолы – бекіре тұқымдас бағалы балықтарды жасанды тәсілмен көбейту» дейді сала мамандары.

Ол үшін бекіре зауыттарында өсіріліп, Жайық өзеніне жіберілетін шабақтардың санын 12-ден 15 млн. данаға (қазіргіден екі есеге) жеткізу керек.

whatsapp image 2019 06 10 at 12.39.58 1024x682 2

Өңірлік бағдарлама – өміршең жоба

Үкімет басшысының тапсырма-сына сәйкес, былтыр облыста «Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы» қабылданғаны белгілі. Осы мерзімде бағдарлама шеңберінде 9 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Осыны тілге тиек еткен Артур Сәдібекұлының түсіндіруінше, оның алтауы – тоған, біреуі – қоршамада балық өсіру шаруашылығы, біреуі – тұйықталған құрылғыда балық өсіру зауыты және соңғысы – бұрыннан пайдаланудағы жобаны кеңейту жолымен қуаттылығын арттыру болып табылады. Бұл жобалар жүзеге асырылған жағдайда балық өсіру көлемі 15 мың, экспорттық өнім 25 мың тоннаға жеткізіледі.

Осылайша, Жайық-Каспий бассейніндегі кәсіптік балық аулау көлемі 1,5 есеге көбейтіліп, жылына 25 мың тоннаға дейін балық ауланады.

201006100129986e

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз