Мақаш жастары ауылдастары Ерслан Қуановқа үй салып берді (+ФОТО)
Көңіл тебірентер қайырымдылық іс жақында Құрманғазы ауданына қарасты Мақаш ауылдық округінде жүзеге асты. Бір ерекшелігі, оған ұйытқы болған ауылдың атқамінері мен үлкендері емес, қарапайым ғана жастардың бастамасы.
Түрлі қиындықтарға тап болып, денсаулығы кеміп, басындағы баспанасының да әбден тозығы жеткен Ерслан Қуановтың кембағал халі Ерқанат Ілиясов, Нұрлыбек Абдолов, Нұржан Қажетов сынды ауылдастың жандарын жүдетіп, ойласа келе бас біріктіріп үй тұрғызып берсек деген шешімге келеді. Бұл тоқтамдарын қалған жастар да қолдап, 1975 пен 1998 жылдары аралығында туылғандар өзара келісіп, қажетті құрылыс материалдарын, жұмыстарды бөлісіп алады.
Ерсланның ескі үйін бұзып, орнына үш бөлмелі баспана салу жұмысы өткен жылдың мамырында басталған еді. Бірі қаржылай жәрдемдесіп, енді бірі құрылыс жұмыстарымен айналысып бос уақыттарында осы маңнан табылып отырды. Күнжан Мусағалиева мен Жеміс Серікбаева ішкі-сыртқы сылақ жұмыстарын жүргізді. «Көз – қорқақ, қол – батыр» деген осындай үлкен ұйымшылдықтың арқасында Ерсланға жаңа жылға жаңа үй салып берді. Суы, газы тартылып, жылуы жүргізілген үйдің ішіне ағайынды Мәдениет, Болат Кенжеғалиевтер, Құлесов Жұмабек бастаған көршілері төсеніш, көрпе-жастық, үй жиһаздарын алып беруге қол ұшын созды.
«Ерсланмен бірге оқып, бірге жүрген құрдаспыз. Вахталық жұмыста жүріп алған жарақатынан мүгедек болып қалды. Содан кейін тұрмысы нашарлап кеткені жасырын емес. Көзіміз көріп тұрғасын қолдан келгенше көмектесіп жүретінбіз. Құрдастардан Ержан Батырханов пен Асхат Үмбетәлиев тиын-тебенін тапсын деп аяқ киім жөндейтін құралдар алып берді, Мұхан Камалов оның мүгедектік алуы үшін көп көмектесті. Шаруа қожалығы иесі Есболат Құбашев те ағалығын білдіріп, үнемі қамқорлап келеді. Енді, міне, ауыл жастары болып асарлатып жаңа үй салып бердік» дейді Алға ауылының тұрғыны Тасемен Сәрсенов.
Айбек НӘЖІМОВ