Жарнама
ЖаңалықтарМәдениетШаһар шырайы

Мәскеуге сапар Атырау театрының абыройын биікке көтерді

Газетіміздің өткен санында Махамбет атындағы облыстық  қазақ драма театры Ресейге гастрольдік сапарымен барып, Мәскеу жұртшылығына қазақша қойылым көрсеткенін жазған едік. Ресейлік жазушы Георгий Пряхиннің «Тергеу» деп аталатын повесі негізінде жазылған спектакльде негізінен театрдың жастар құрамы өнер көрсетті.

Өнер

Келесі жылдың күз айында Махамбет атындағы қазақ драма театрының  80 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтпек. Ал, Мәскеу сапары – мерейтой аясында ұйымдастырылған шараның біріншісі. Біз спектакльді ұйымдастырушыларды сөзге тарттық.

 

Берік ЖӘМЕНОВ,

Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры:

Парижге жолдама алдық

– Біз Мәскеу сапарына көп дайындалдық. Бірінші кезекте көрермендерге түсінікті болуы үшін қазақша қойылатын спектакльдің орысша нұсқада түсіндірме кітапшаларын тараттық. «Көрермен жиналмай қала ма?» деген күдік те болды. Керісінше, қойылым кезінде кісі көп болды. Оның ішінде Ресейде тұратын қазақтар арнайы іздеп келгенін білдік. Қойылым біткен соң актерлеріміздің сахнада ойнау шеберлігіне таңданыс білдіргендері соншалық, ықыластарын жеткізіп, суретке түсіп жатты. Әсіресе, прокурорды сомдаған  әртіс Дастан Пышанов пен Борис Пастернак рөлін алып шыққан Асылбек Бәделге деген халықтың қошеметі зор болды.

Біз өнер көрсеткен Модерн театры – Мәскеу орталығындағы беделді өнер ошағы. Онда да біздегідей жоспарлы шаралар жүріп отырады. Қойылым біткеннен кейін Мәскеуде оқитын қазақтың қыз-жігіттері келіп, спектакльді қайта сахналауымызды өтінді. Бірақ, алдын ала  жоспарланып қойылған іс-шаралар    болғандықтан  қайта көрсете алмадық.  Театр сыншылары Қазақстаннан бар-ған атыраулық әртістердің кәсіби шеберлігіне таңданыс білдіріп, Парижге, Миланға барып өнер көрсетуге жолдама берді. Бұл сапарды жазға қалдырып отырмыз. Сондай-ақ, биылғы жылдың жаз мезгілінде Алматы қаласына гастрольмен барып келсек, келесі жылы күзге дейін Астана, Қостанай қалаларына өнер көрсетуді жоспарлап қойдық.

 

Темірбек МӘЖИТОВ, театрдың бас суретшісі:

Билеттің құны 15 000 теңге болды

– Мәскеуге баруымыздың негізгі себебі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың екі жыл қатарынан Атырауда өткен халықаралық театр фестивалінің жемісі деп айтуға болады.   Фестивальге ресейлік жазушы Геогрий Пряхиннің қазылар құрамында болып, атыраулық әртістердің деңгейін көріп, оларға баға бергені де үлкен жетістік болды. Мәскеуден алған әсерімізді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бір таңғаларлығы, мәскеулік көрермендер театрға 10000-15000 теңгеге билетпен кіреді екен. Модерн театрында үш зал бар. Бірінде қойылым бітсе, келесісінде жалғасып жатады. Күніне бес спектакль жүреді. Біздің театрда  бір айда  ғана төрт-бес қойылым өтеді.

 

Жанат ТЕЛТАЕВ, «Тергеу» спектаклінің қоюшы режиссері:

Зор абыройға бөлендік

– Әртістер еш қатесіз, өте жоғары, кәсіби деңгейде өнер көрсете білді. Бұған Еуропаның ең мықты деген театр сыншылары өз бағасын берді. Солардың бағалауы арқылы театр ұжымы Еуропа елдерін аралауға мүмкіндік алды. Қойылым біткен соң, сыншылардың өздері іздеп келіп, маған ризашылығын білдіруі – әртістеріміздің кәсіби деңгейде өнер көрсете алғандығы деп білемін. Оның үстіне осы кезге дейін әртістерімізді кезең-кезеңімен қайта оқыту, білік-тілігін арттыру мәселесі шешімін таппай келген еді. Бұл сапарда «Мәдениет» халықаралық қорының өкілі, қоғам қайраткері Ермек Алданов атыраулық актерлерді Мәскеуден, Санкт-Петербургтен біліктіліктерін арттыруға шақырды. Бұл сапар арқылы  Атырау театрының Еуропаға шығуына жол ашылды. Театрдың мәртбесі жоғарылады. Қазір бүкіл Қазақстан театрлары біздің бұл жетістігімізді әңгімелеп, жылы сөздерін арнап жатыр.

Түйін

Актерлер құрамы толыққан театр ұжымы қазір кезекті қойылымға дайындық үстінде. Алда келе жатқан театр күнін Атырау мен Батыс Қазақстан облыстық драма театры бірлесіп атап өтпек.

Сондай-ақ, биыл драматург Иран Ғайыптың  «Сүйінбай» спектаклі Атырау сахнасында қойылады. Оны сахналайтын режиссер – Мұрат Ахманов.  Оған дайындық сәуір айында басталады деп күтілуде. Мамыр айында драматургтың шығармалары бойынша фестиваль өткізу жоспарланған. Күзге қарай бүлдіршіндерге арналған ертегілер фестивалі де аталмыш өнер ұжымында ұйымдастырылады.

Нұргүл Ысмағұлова

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button