Жарнама
ЖаңалықтарЭкономика

Мұнайлы өлкенің қарашаңырағы

…Бұдан бір ғасыр бұрын бұл өңір меңіреу дала болған екен. Көп кешікпей Қарашүңгілден, одан кейін Доссордан мұнай бұрқағы атқылады. Бұл – қазақ жерінен тұңғыш табылған «сұйық алтын» еді. Алайда, туған жердің байлығы халқына бұйырмады. Оған ресейлік, еуропалық алпауыттар қожалық жүргізді. Бабалар ащы терін төгіп, еңбек еткенімен, тапқаны қапқанына жетпеді. Сонда да болашағынан үмітін үзбеді. Атакәсібін мұнайшылыққа ауыстырған олар бірте-бірте жаңа мамандықтың қыр-сырын меңгеріп, шын мәнінде өз жерінің қожасы, өз байлығының иесі атануға құлшынды.

Безымянный

Солардың көшбастаушылары Доссор мен Мақаттың «қара алтынын» көздеген алғашқы қазақ мұнайшылары болатын. Олардың дені Жем, Сағыз өзендерінің аңғарларын мекендеген, қыста Каспийдің сағасын жайлаған, Тайсойған, Бүйрек құмдарында мал бағып, Ойылдың төменгі ағысының бойында қоныс тепкен, Ақ Жайықты сағалаған қандастарымыз еді.

«Қаһармандық  дегеніміз – Доссор!» Орыстың жиһанкез жазушысы К.Паустовский баба ұрпақтың қызметін осылай бағалады. Шынында алғашқы мұнайшылардың қайрат-күшінің арқасында Қазақстанның мұнайы қаз тұрып, қалыптасты. Осы өңірде бүгінгі мұнайлы астананың қарашаңырағы бой көтерді. Елсіз, сусыз аймақты адамдар түлетсе, туған жерінің қойнауында тұнып жатқан «қара алтыны» олардың мәртебесін жаһанға асқақтатты.

Тарих қойнауына енген  ХVII ғасырда және XIX ғасырдың бас кезінде Ембі өңіріне бірнеше зерттеушілер мен саяхатшылар келді. Олардың ең маңыздысы 1857 жылы Н.А.Северцов жасаған зерттеу еді. Северцов өзінің есебінде Доссордағы мұнай көзінің барлығын мәлімдейді. Бұдан кейін тау-кен инженерлері Кирпичников, Новаковский Доссордан басқа Ескене, Қарашүңгіл сияқты жерлерді зерттеп, мол мұнай барлығын анықтайды. Алайда, олардың бәрі де мұнай көзін игеру аса қиындыққа соғатынын көрсетеді. Бұл арада тұщы су аз, мал жайылатын жайылым жер жоқ деген қорытынды шығарады. Маңайдағы елді мекендерге қарым-қатынас өте қиын. Ембі өңірін зерттеудің екінші кезеңі Орынбор-Ташкент темір жолын салумен байланысты өрістеді. 1892 жылы Геологиялық комитеттің геологі С.Н.Никитин келіп, алғаш рет бұрғылау-барлау жұ-мыстарын жүргізді. Мысалы, Доссорда тереңдігі 9 метрден аспайтын 6 скважина, Ескенеде бір скважина қазылды.

1911 жылы ғана Ембіде терең бұрғылау басталды. Оның сәтті аяқталғаны  Доссорда жүргізілген бұрғылау жұмысы еді.

Доссордағы фонтан осы өңірдің бағалы қазынасын ашты. Бұл фонтан Ембі мұнай өнеркәсібінің, бүкіл Қазақстан мұнайының бастауы болды. Доссор хабары шығысымен шет жерлік мұнай компаниялары анталап лап қойды. Бас-аяғы екі-үш жылдың ішінде-ақ онға тарта акционерлік қоғам құрылды. «Урал-Каспий мұнай» және басқа үлкенді-кішілі қоғамдар бірінен соң бірі пайда болды. Доссорға әйгілі ағылшын-нидерланды «Ройял Датч-шелл» мұнай компаниясы, қазіргі халықаралық Нобель сыйлығын негіздеген ағайынды бельгиялық Нобельдер де қожалық еткен еді.

Шет ел капиталистері, әсіресе, ағылшын мұнай иеленушілері Доссор мұнайын ұқыпсыз пайдаланды. Олар мұнайлы алаңның өркендеп дамуын емес, мұнай құнының қымбат болуын көздеді.

Доссор мұнайының игерілуімен бірге бірнеше кен орындарына да барлау жасала бастайды. Өйткені, Доссор мен оған іргелес барланған кен орындары мұна-йының құрамы күкірт пен парафин мөлшерінің аздығымен ерекшеленеді. Демек, Доссор құрылымының мұнайы жеңіл, әрі сапалық құрамы жоғары болуымен де сала мамандарының назарын аудара түсті. Оған дәлел ретінде Доссор «қара алтынына» деген қызығушылықтың, әсіресе, соғыс жылдарында да, одан кейінгі кезеңде де арта түскенін айтуға болады. Доссор мұнайшылары соғысқа алынбай, броньмен мұнай өндіруге қалдырылады. Жан алысып, жан беріскен соғыс жылдарында доссорлық мұнайшылар 12 сағаттық жұмыс кестесімен толассыз мұнай өндірді. Сөйтіп, тылдағы еңбектің көрігін қыздыра жүріп, майдан даласындағы танктердің іркіліссіз жауға қарсы шабуылдауы үшін жанармайлық мұнайды майданға үздіксіз жөнелтіп отырған.

1911 жылғы 29 сәуірде № 3 ұңғымадан мұнай бұрқағының атқылағаны тарихи оқиға болды. Себебі, бір тәуліктен астам уақытта, дәлірек айтқанда, 30 сағатта 226 метр тереңдікте қазылған дәл осы №3 ұңғымадан 16 мың пұт «қара алтын» өндірілген. Сол кездің өлшемімен есептегенде, бұл аз өнім емес еді. Содан бері 100 жылдан астам уақыт өтсе де мұнда мұнай тасқыны әсте тоқтаған емес. Доссор кенішінің мұнайын өнеркәсіптік игеру де, алғашқы жұмысшы табының қалыптасу кезеңі де дәл сол кезден, яғни, 1911 жылдан бастау алды. Екі жылдан соң Доссорда 2100 жұмысшы тұрақты кәсіпке орналасып, Ембі мұнайшыларының қатары 6000-ға жеткен. Ал, Доссор атауын иеленген елді мекенде мұнайшылар қалашығының іргесі қаланып, он тұрғын үй, сегіз казарма, үш барак, екі асхана мен аурухана, сондай-ақ, монша мен электр стансасы секілді күнделікті тұрмыс пен ырғақты жұмысқа қажетті нысандар бой көтереді.

P.S. Ақын Асқар Тоқмағамбетовтің «Мұнайшылар мұнай бер, Соны сенен сұрайды ел» деп басталатын өлең жолдары ұдайы мұнайшылар санасында жаңғырып тұрады. Бір ғасырдан астам уақыт  өтсе де Доссордың берер мұнайы әлі таусылған жоқ. Жоғарыдағы деректерге сүйенер болсақ, алғаш-қы №3 ұңғымадан бұл күндері мұнай алынбайды. Бұл ұңғыма, 1914 жылдан 1926 жылға дейін 12 жыл бойы мұнай берген. Доссор кен орнындағы ең ал-ғаш мұнай атқылаған осы №3 ұңғымаға,  Қазақстанда тұңғыш рет өндірістік негізде мұнай алынған жерге ескерткіш белгі қойылды. Мұнайшылар күнінде осы қасиетті орынға ардагерлер барып тұрады.

Абай АҚМҰРЗИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button