Мұнайлы өңірдің мүмкіндігі мол
Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын насихаттау мақсатында Парламент Мәжілісінің депутаттары Бақытгүл Хаменова, Жамбыл Ахметбеков және Нұрлан Дулатбековтер Мақат ауданында болды.
Аудан әкімі Берікқали Сәрсенғалиев елдің экономикасы мен әлеуетін арттыру мақсатында жүзеге асырылған жұмыстардың халықтың ауызбірлігі мен еңбекке ынтасы, мемлекеттік бағдарламалардың ықпалы екенін айта келе, Жолдаудағы бәсекеге қабілетті еңбек нарығын қалыптастырудың маңыздылығымен сабақтады.
Алдымен сөз алған Бақытгүл Хаменова қазақ елінің дамуы Елбасының саясатымен «Мәңгілік ел» қалыптастыру идеясын жүзеге асыруда бірлігі – нық, татулығы тұрақты мемлекет болуымыздың куәсі деп бағалады. Жолдауда атап көрсетілген экономиканы жаппай цифрландыру жаңа технологияны дамытуға бағытталған кезең болса, еңбек нарығын реттеуде бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті индустрияландыру саясатын жалғастыру бағытында кеңес берді. Бұл тұрғыда мұнайлы өңірдің кен өндірісімен қатар, ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды сыбайлас жемқорлыққа жол бермей пайдалана білу, білім сапасын арттырып, кәсіби маман дайындау үрдісін жетілдіру мүмкіндіктері туралы кеңінен тарқатты.
Өмір тәжірибесінде заң саласының маманы ретінде қабылданатын заңдардың халыққа пайдалы тұстары сараланып, өзгерістер енгізу процестері туралы түсінік берген Нұрлан Дулатбеков орта және кәсіптік білім деңгейін жақындату мақсатында кезең-кезеңімен білім саласында жетілдіруді күтетін реформалар, мұғалімдердің беделін көтеру мақсатында гранттар тағайындау, адами капиталды нығайту бағытында атқарылар істерге тоқталды. Жолдау жүктеген міндеттермен қатар, заң жобаларын бекітуге қоғамдық кеңестердің, үкіметтік емес ұйымдардың үн қосуын, еркін пікір білдіріп, ұсыныстар жеткізудің мүмкіншіліктерін саралап берді.
Ал, Жамбыл Ахметбеков Қазақстанның үшінші жаңғыруы еңбек нарығында өнеркәсіптік революцияның басталуымен маңызды қадамдарға, жетістіктерге ұласатынына тоқталды. Сонымен қатар, депутаттар Президенттің мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесі жөніндегі бүкілхалықтық талқылауға шығарылғанын жеткізе отырып, үн қосуға шақырды.
Тұрғындар депутаттар тарапынан ауыл шаруашылығын, орта және шағын бизнесті дамытудағы кейбір кедергілерге жіті бақылау жасалып, дер кезінде шешімін тапса деген ұсыныстарын жеткізді.
Лена НҰРБАЕВА,
Мақат ауданы.