МҰНАЙЛЫ ӨҢІРДІҢ ШЫРАЙЛЫ ШАҒЫ

Жылыой және Мақат аудандарының әкімдері тұрғындар алдында есеп берді 
Жаңа жобалар – ел игілігіне!
Кеше Жылыой ауданының әкімі Мақсым Ізбасов жұртшылық алдында өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және алдағы міндеттер туралы есеп берді. Өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы қатар дамып келе жатқан өңірге облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қадам басып, аудан активімен кездесті.
Аудан басшысының айтуынша, облыстың жетекші өнеркәсіп аймағында өнім өндіру өңірдегі барлық кәсіпорындар бойынша жыл қорытындысымен 4 трлн. 395 млрд. теңге игеруге мүмкіндік берді. Ал, құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 162,2 пайызға өсіп, 60 млрд.183 млн. теңге құрады.
Құлсары қаласы күн өткен сайын көркейіп келеді. Көшелерді көгалға бөлеу мақсатында екі мыңнан астам шаршы метрге 53775 түрлі түсті гүлдер отырғызылып, 56 дана вазон орнатылды. «Теңізшевройл» ЖШС демеушілігімен 1-ші және 5-ші ықшамаудандарда «Достық» және «Жансая» саябақтары жасалып, тұрғындар игілігіне берілді. Ал, орталық көшелердің ұштасқан нүктесінде сарматтар көсемі «Алтын адам» монументінің орнатылуы қала жұртшылығы үшін елеулі оқиға болды.
«Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы бойынша «Ағымдағы жайластыруды және бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру» үшін 790,7.0 млн. теңге бөлініп, толықтай игерілді. Айталық, Құлсары қаласындағы ықшамаудандардың кәріз жүйелері және үш мектеп күрделі жөндеуден өтті.
«Бюджеттік инвестициялық жобалар» бойынша Құлсары қаласының 7,5 шақырым автокөлік жолдары және алты шағынауданды электрмен қамту нысандары қайта жаңғыртылды.
624 орындық жаңа мектеп пайдалануға беріліп, ауданда үш ауысымдық оқыту жүйесі жойылды. Босаған мектеп ғимаратынан 140 орындық «Айналайын» балабақшасы ашылды.
«Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша Ақкиізтоғай, Майкөмген ауылішілік ауыз су құрылысы аяқталса, ал, Шоқпартоғай, Тұрғызба ауылішілік ауыз су құрылысы ағымдағы жылы бітеді.
Ауданның бөлшек сауда көлемі 13,2 млн. теңге болса, өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 105,1 па-йызға артты.
«Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы»  бағдарламасы бойынша 37,5 млн. теңге қаражат бөлініп, «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ арқылы мал шаруашылығын дамыту, көрпе дайындау цехын, шаштараз ашу үшін 14 адамға несие берілді. Есепті кезеңде барлық мақұлданған жобаларға 43,8 млн. теңге субсидия төленді. Сегіз жобаның жетеуі іске қосылып, 21 жұмыс орны ашылды. Жаңа өндірістерді ашуға 10 млн. теңге грант берілді.
Құлсары қаласында «Зәкірлі» инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін үш жоба енгізілген. Бірінші– «Каспий Сервис-Е» серіктестігінің жылына 84 мың тонна әк (известь) шығару зауыты. Бүгінде зауыттың кірме пункті мен шарбағы салынды, әкімшілік ғимараты тұрғызылды. Қазіргі уақытта әк шығаратын құрал-жабдықтары әкелінді. Екіншісі – «Эко Техникс» ЖШС-нің 12000 текше метр мұнайшламын қайта өңдеу бойынша өндірісті жаңғырту жобасы. Кәсіпорынның өткен жылға жоспарлы қуаты – 3000.0 текше метр. Үшінші– «Металл Продукт» ЖШС-нің жылына 30,0 мың тонна металл жаймаларын шығаратын (арматура, бұрыштама, швеллер) комбинаты. Комбинаттың 2014 жылға жоспарлы қуаты – 600 тонна. «Зәкірлі» инвестициялық жоба инфрақұрылымдарының құрылысын жүргізу үшін республикалық бюджеттен 96.2 млн. теңге қаржы бөлінді.
«КазТрансОйл» мекемесі қаржыландыруымен «Аэропорт» ықшамауданында 300 орындық мектеп құрылысы басталды. Сондай-ақ, Құлсары балалар өнер мектебінің де жаңа құрылысы басталмақ.
Әйтсе де, ауданда әлі де білім сапасы жақсы емес – 51.8 пайыз. Кадр жетіспейді, қазір де 71 педагог қажет.
Аудан әкімінің есебінен соң бірінші болып мінберге көтерілген аудандық мәслихат хатшысы Мұхтар Кенғанов өткен жылы ауданда атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.
Бұдан кейін сөз алған аудандық мәслихаттың депутаты Бауыржан Сұлтанов өзі басқаратын  «Металлпродукт» кәсіпорны өндіріс орындарын кеңейту жұмыстары жүріп жатқанын, оған жергілікті мамандар тартылғанын айтса, №16 орта мектеп директоры Нұргүл Шарғабаева қазақ-түрік лицейінің тезірек ашылуына құзырлы орындардан тегеурінді ықпал етуді сұрады. Ал, Құлсары қаласының наиб-имамы Серік Ясин салынғанына 15 жыл болған алты жүз орындық мешіт 1500 адамға тарлық етіп отырғанын алға тартып, жалақылары ең төмен деңгейде екендігіне, қала тұрғыны Бүркіт Базарбаев Атырау-Құлсары тас жолы «ажал трассасына» айналабастағанына көптің алаңдаушылығын білдірді және аудандық газет ғимаратының құрылысы әлі күнге қолға алынбай отырғанын айтты.
«Теңізшевройл» ЖШС-нің мемлекеттік органдармен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі директоры, облыстық мәслихат депутаты Мария Қаражігітова өңірде соңғы 20-25 жылда тұрғын үй құрылысы жүрмей келгендігін айтып, биыл алпыс пәтерлік бес тұрғын үй салынып жатқандығын қуана айтты. Сондай-ақ, серіктестіктің көмегімен ауданда қолға алынған игі істерге тоқтала келе, құс фабрикасын дамытуды қолға алу жөнінде ұсыныс білдірді. 
Аудан активі жиынында бұдан да басқа шығып сөйлегендер аз болмады. Социалистік Еңбек Ерлері есімін көшелер атауына беру, қала аймағына қоқыс тастайтын полигонды жаңғырту,  Абай атындағы орта мектепке қосымша ғимарат салу жөнінде көптеген ұсыныстар айтылды.
Аймақ  басшысының  тапсырмалары:
Жиынға қатысқан облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ облыста жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар туралы кеңінен айтып өтті. Аудан тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін мұқият тыңдап, алда атқарылар басты міндеттерді саралап берді.
Малдың басын көбейту, жылыжай салу;
Ауыл шаруашылығы үшін жерасты су көздерін пайдалану мүмкіндіктерін жүзеге асыру;
Халықты азық-түлікпен қамтудың маңыздылығын ескере отырып, мүлтіксіз орындау;
Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық жұмыстарын күшейту, білім беру сапасын арттырып, мұғалімдердің біліктілігін көтеру жұмыстарын жандандыру;
Биыл ауданда бір-екі жеке балабақша ашу;
Жоғары білімді дәрігер-мамандармен қамту;
«Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы шеңберінде бөлінген қаражаттың толық игерілуі және шағын кәсіпкерлікті дамытуға берілген несиелердің бюджетке уақтылы қайтарылуын қамтамасыз ету;
Ауданда инвестициялық жобаларды жүзеге асыру;
«ТШО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында тауарларды өндіру, жұмыс және қызмет жобаларын орналастыру бойынша алаңы 50 гектардан кем емес инду-стриялық аймақ құру жұмысын жандандыру;
«Каспий Сервис-Е» ЖШС-нің әк зауыты құрылысын уақытында іске қосудың барлық шараларын алу;
Терможаңғырту бағдарламасы бойынша үйлерді жөндеуден өткізу үшін қажетті шара қабылдау;
Аудан бойынша жер инспекциясымен бірлесе отырып осы кезеңге игерілмеген жеке тұрғын үй және коммерциялық мақсаттағы 488 гектар жер учаскесін қайтару шараларын алу.
2014 жылдың қорытындылары:
өндірілген өнім
Мұнай – 29.2 млн. тонна.
Газ – 14.3 млрд. текше метр.
іске қосылған тұрғын үй
Құрылыс жұмыстары көлемі 146,4 пайызға өсті.
56 726 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
ауыл шаруашылығы
Тірілей салмақпен есептегенде 5487 тонна ет, 5561 тонна сүт, 22153 мың дана жұмыртқа өндірілді.
83 гектарға егіс егіліп, 476 тонна көкөніс, 1045 тонна бақша өнімдері алынды.
кәсіпкерлік
6857 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, оның ішінде 6115-і белсенді субъекті, 10608 адам жұмыс істейді.
Бұл саладан жергілікті бюджетке 4,4 млрд. теңге салық түсті.
негізгі капиталға инвестиция көлемі
503 млрд. 484 млн. теңге – 162,6 пайыз.
Айгүл ЕРТІЛЕУ, Қаржау ОРАЗБАЕВ.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз