МҰНАЙЛЫ МЕКЕННІҢ МЕРЕЙЛІ СӘТІ
Облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов пен ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрінің бірінші орынбасары Ұ.Қарабалиннің Жылыойға жұмыс сапары осы жағымды жаңалықтармен тұспа-тұс келуі жақсылықтың нышаны болар ма?!
«Аэропорт» ауылында – жаңа балабақша
Өмір ағымы өзгерістерге толы. Тағы да бір жағымды жаңалық!
Міне, қаланың «Аэропорт» ықшамауданында «Құлыншақ» атауын иеленген екі қатарлы 280 орындық балабақша ғимараты бой көтеріп, әсем де айшықты бедерімен айналаға әр мен сән беріп тұр. Мектепке дейінгі мекемені тапсыру рәсіміне тұрғындар көп жиналды.
Жиында облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов құттықтау сөз сөйлеп, Елбасының кейінгі жас ұрпақ тәрбиесіне, олардың ертеңгі күні білімді, білікті азамат болып қалыптасуына баса мән беріп отырғанына тоқталды. Облыста 5500 балаға тәрбие ошақтары ашылғанын қаперге берген ол Жылыойда да елеулі мүмкіндіктер барын, бірақ елді мекендер мектепке дейінгі мекемелерге зәру болып отырғандығын қаперге берді. Қазір Жаңа Қаратонда 280 орындық балабақша салу жұмысына қозғау салынса, төрт елді мекенде 160 орындық бүлдіршіндерді тәрбиелеп, шыңдайтын мекемелер салу тендерден өтті, ол ғимараттардың құрылысын келесі жылы аяқтау көзделуде. Алдағы мақсат – 2020 жылға қарай қазақстандық 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамту.
Облыс әкімі балаларға әсем ғимарат сыйлаған «МұнайҚұрылысСервис» ЖШС және «Құлыншақ» балабақшасы ұжымдарының қуанышына ортақтастығын білдірді.
Қала тұрғыны Ажар Түйешиева өз сөзінде аудан, облыс басшыларына және құрылысшыларға ата-аналардың шынайы алғыс сезімін жеткізді.
Бұдан кейін Бақтықожа Салахатдинұлы балабақшаның меңгерушісі Зайнат Мұхамбетоваға рәміздік кілт тапсырды. Ол ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалинмен бірге кіреберісте лентаны салтанатты жағдайда қиды.
Қонақтар балабақшаның ішін аралап көріп, сәбилерді оқыту үрдісімен танысты, олардың би өнерін тамашалады.
Екі ауысымдық емхана – ерекше сый
Өңірдегі денсаулық сақтау мекемелері ғимараттарының уақыт үрдісінде тарлық етіп қалғаны ұзақ уақыттан бері әңгіме болып келген еді. Заманауи аппарат-қондырғылардың өзіне оңтайлы орын табу қиындады. Міне, осы олқылықтардың орнын толтыру, адамдардың аурулық деңгейін азайту бағытында қазіргі заман талабына сай ауысымына 250 адам қабылдайтын емхана салу елеулі оқиға болды.
Құлсары қаласының бірінші ықшамауданындағы емхана құрылысы жобасының құжаттарын дайындаған «Эр-Ли» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де, құрылыс әкімгері – облыстық құрылыс басқармасы екендігінен хабарымыз бар. Тендерде оның құрылысын салуды 1 млрд. 337 млн. 480 мың теңгемен «МұнайҚұрылысСервис» ЖШС жеңіп алған болатын. Ал, «ҚазТрансСервис» ЖШС қосалқы мердігер ретінде құрылыс жұмыстарына араласып, канализация-насос құрылғысын, жылу қазандығын орнатып, сылақ және монолитті құю, блоктар аралық тас қалау жұмыстарын жүзеге асырды.
Емхананың ашылуында құттықтау сөз сөйлеген облыс басшысы Б.С.Ізмұхамбетов ақ халатты абзал жандардың қуанышына шынайы көңілден ортақтастығын білдіріп, Елбасының балалар мен қарттарға қамқорлық жасауға әрдайым баса мән беріп отырғанын айтты. Соңғы екі жылда облыста заманауи жетілдірілген құрал-жабдықтармен қамтылған бес жаңа емхана іске қосылды. Оған республикалық бюджеттен 1 млрд. 300 мың теңге қаралды. Міне, енді өздеріңіздің де заман талабына сай емханаларыңыз бар, дендеріңіз сау болып, көңілдеріңіз әрдайым көтеріңкі жүрсін!
Бұдан кейін денсаулық сақтау ұйымдары ардагерлер кеңесінің төрағасы Боранқұл Беков әріптестерін қуаныштарымен құттықтап, алдағы қызметтерінің жемісті болуына ақжарма көңілден тілектестігін білдірді.
Облыс басшысы аурухананың бас дәрігері Қуаныш Өтегеновке рәміздік кілтті салтанатты жағдайда тапсырды.
Бақтықожа Салахатдинұлы мен Ұзақбай Сүлейменұлы лента қию рәсімін жасағаннан кейін емхана ғимаратын аралап, заман талабына сай жетілдірілген медициналық жаңа құрал-қондырғылармен танысты.
Жұмыс сапарында қонақтар, сонымен қатар, бастапқы бағдарламадан тыс бірқатар нысандарға ат басын бұрып, істің иінімен танысуды жөн көрді. Әуелі ТШО компаниясының «Игілік» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан «Жансая» саябағында болды. Бұдан кейін жылу беру маусымы алдындағы орталық жылыту қазандығының жұмысымен танысып, қысқа дайындық жұмыстары бірың-ғайланғандығына куә болды.
Келешек кеңею жобасы – кемел қадам
Түс әлетінде қонақтар «Кең Жылыой» Мәдениет үйінде аудан және қала әкімдігінің бөлімдері басшылары, тұрғындары, сондай-ақ, мәслихат депутаттарымен кездесу өткізді. Жиынды аудан басшысы Мақсым Ізбасов кіріспе сөзбен ашты.
ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалин әңгімесінің әлқиссасын Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» деп аталған биылғы қазақстандықтарға арнаған дәстүрлі Жолдауында айқындалған басым бағыттарға нақтырақ тоқталды. Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру тұжырымдамасында алдағы жұмыстың ұзақ мерзімді басымдықтары белгіленген. Бізге мұнай-газ секторының әлеуетін сақтай отырып, басқару, өндіру және көмірсутектерді өңдеудің жаңа тәжірибелері керек. Мұнай-газ саласы бойынша әзірге еліміз ауқымында 25 пайыз, ал инвесторлардан 99 пайыз пайда түседі. Дамыған он бес елдің қатарында газ өндіру бойынша екінші саптамыз, жылына 40 млн. текше метр газ өндіріледі. Облыс бойынша мұнай өндіру саласында 23 компания еңбек етуде. Бұл ретте Теңіз және Қашаған кен орындарының алатын орны зор. Алғы болашақты болжасақ, жылына 100 мың тоннаға дейін мұнай өндіруге мүмкіндік бар. Бұл ретте Болашақ кеңею жобасы кемел қадам болмақ. Алғашында біз жылына 12 млн. тоннадай мұнай өндіруді жоспарлап отырмыз.
Атырау мұнай өңдеу зауытында екі жоба жүзеге асады, ол – бензол мен полиэтилен өндіру. Мұнайды терең өңдеу – 5 млн. тонна өндіру көлемімен бензин, дизель отынын және авиабензин шығарудың көзі болмақ. Мысалы, полиэтилен – жылына 500 мың тонна. Мұнай-химия пропилинінде бутадиен – зауыттан жылына 200 млн. тонна көлемінде болжанады.
Атырау облысын газдандыруда атқарылған шаруа ауқымды. Екі қала және 127 ауыл табиғи газбен қамтылды.
Біткен істің иіні, тапсырмалар түйіні
Одан әрі облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов бұған дейінгі кездесу жиынында айқындалған міндеттердің жүзеге асу барысына тоқталып, аудан басшылығына бірқатар тапсырмалар берді.
— Өнеркәсібіміздің негізі мұнай десек, бұл өңір – ен байлығын игеруде ел экономикасының локомотиві. Соңғы жылдары мұнай саласында көп өзгерістер болып, заманауи жетілген озық техника мен технологияны қолдану өрісі кеңейе түсті. Отандық және шетелдік өндірісте тәжірибе жинақтаған білікті жас кадрлар қатары көбейіп келеді.
Жылыой ауданы – мұнай-газ өндірісі қарқынды дамып келе жатқан, облыстағы жетекші өнеркәсіпті өңір. Аудан бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі өткен кезеңде 3 трлн. 150,2 млрд. теңге құрады. Инвестиция көлемі 333 млрд. 453 млн теңге құрап, нақты көлем индексі 56,0 пайызға артқан. Құрылыс жұмыстарының көлемі 38 млрд. 63 млн. теңгені, нақты көлем индексі 147,7 пайыз құрап отыр.
Бұған дейін белгіленген іс-шаралардың жайына тоқталсақ, «Өнер» мектебі күрделі жөндеуді қажет етеді екен. Бүгінде ғимараттың жобалау-сметалық құжаттары жасақталу үстінде. Денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу келесі жылдың еншісінде. ТШО-ның «Игілік» бағдарламасы аясында салу көзделген Жаңа Қаратондағы балабақша құрылысы тоқтады, себебі белгіленген жоба екі-үш есе қымбат. Қазір жобалау-сметалық құжаттамасы қайта жасақталып, құрылыс жұмыстары басталды. 2015 жылы Шоқпартоғай селосына кіретін жолды жөндеуге қаржыны жергілікті бюджеттен қарастырамыз. Қосшағыл селосына кірме жол мен Құлсары-Ақкиізтоғай автокөлік жолын күрделі жөндеуді бюджет мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен қарау көзделіп отыр. Құлсарыдағы кәріздік-тазарту нысанын аяқтау үшін жобалау-сметалық құжаттамасына түзету енгізілуде, келер жылдың бірінші жартыжылдығында аяқталады.
Денсаулық сақтау саласы бойынша Шоқпартоғайда дәрігерлік амбулатория құрылысы басталды. Жыл аяғына дейін бітуі тиіс.
«Ақбұлақ» бағдарламасы аясында жалпы құны 709,7 млн. теңге 4 нысан бойынша селоішілік су желісі құрылысы жүргізілуде. Оны Майкөмген, Ақкиізтоғай, Шоқпартоғай селоларында жыл аяғына дейін, ал, Тұрғызба селосында 2015 жылы аяқтау жоспарланып отыр.
Моноқала Құлсарыны дамыту үшін 2012-2020 жылдарға арналған бағдарлама ауқымында 792,8 млн. теңге қаражат қаралғанын айтты облыс басшысы. Осы негізде, қалада балалардың ойын алаңдары, 4 шақырым автокөлік жолдары, 6 шағын аудандағы электрмен қамту нысандарын қайта жаңғырту, аялдамалар орнату, мектептерді күрделі жөндеу және абаттандыру-көгалдандыру жұмыстары жүзеге асатын болады.
Бұдан кейін облыс басшысы аудан әкімдігіне нақты тапсырмалар берді. Аудан «Ақбұлақ» және «Моноқалаларды дамыту» бағдарламалары бойынша жұмыстардың орындалмауы салдарынан алдыңғы айларда бөлінген қаражатты игеруде артта келді. Жыл соңына дейінгі қаржының да игерілмеу қаупі бар. Сондықтан, ауданда әрбір бюджеттік бағдарлама бойынша қаражаттың игерілмеу себептерін талдап және шағын несиелерді беру бойынша олардың уақтылы жүзеге асуын қамтамасыз ете отырып, жыл аяғына қаражатты игеру бойынша жұмыстарды күшейту керектігі міндеттелді.
Аймақ басшысы ҰБТ бойынша іс-шаралар алынып, оң нәтижеге жетуге, оқушылардың білім деңгейін көтеріп, мұғалімдердің біліктілігін арттыруға көбірек назар аударған жөн екендігін айтты.
— Біз үшін азық-түлік қауіп-сіздігі – ең маңызды мәселе. Бұл – облысқа аса қажет. Өйткені, бағаға шектеу қоя алмаймыз. Азық-түліктің көбі Ресейден келеді, соңғы уақыттағы шиеленісті оқиғаларды ескерсек, кез келген тосын қиындықтарға әзір болуымыз керек, — деді Бақтықожа Салахатдинұлы.
Жиында Құлсары тұрғыны, әйелдер мерекесінде Елбасының қабылдауында болып қайтқан мұнайшы Майра Аманова сөйлеп, Елбасының биылғы халыққа Жолдауын мұнайшылар қолдап, қуаттап отырғандығын, облыс әкімінің қадағалауымен өңірде мектеп, балабақша және тұрғын үйлердің көптеп салынып жатқанына жұртшылықтың риза көңілдерін жеткізді.
Аудан басшысы М.Ізбасов жиынның қорытынды сәтінде қонақтарға жуырда баспадан шыққан «Киелі мекен – Кең Жылыой» атты тарихи-танымдық кітапты сыйға тартты.
Қаржау ОРАЗБАЕВ,
меншікті тілшіміз,
Жылыой ауданы.