Жарнама
Жаңалықтар

МҰНАЙ ӨҢДЕУ САЛАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШЫ

 

— О баста, — деді жиналғандарды айтулы оқиғамен құттықтаған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, — майдан қажеті үшін салынған зауыт өзінің алғашқы өнімін 1945 жылы берді. Сондықтан, ол – Ұлы Жеңістің төл құрдасы. Кәсіпорын, әсіресе, соңғы он жылда қарқынды дамыды. Мұнда іргелі жобалардың нәтижесінде мұнай-химия кластері қалыптасты. Хош иісті көмірсутегі шикізатын алу жобасы аясында биылғы шілдеде бензолдың алғашқы партиясы өндірілді. Енді парак-силол өндіріске жол тартты. Алдағы міндет – шикі мұнайды тереңдете өңдеу жобасын мәреге жеткізу. Сол кезде әлемдік талаптарға сай келетін жанармаймен өзімізді толық қамтамасыз етеміз. Әйтсе де, мұның бәрі мүмкіндік шегі емес. Зауыттықтар әлі де жарқын жеңістерге жетеді. Біз олардан соны күтеміз және жаңа жетістіктер тілейміз.

Атырау мұнай өңдеу зауыты бас директорының міндетін атқарушы Азамат Ақышев сөзін әріден бастады. Кәсіпорынның арғы тарихын шолып өтті. Иә, құрылысы соғыс жылдары басталып, кеңес әскерлерінің жеңісімен ұластыра алғашқы өнімін берген зауыт – Қазақстан «қара алтын» өңдеу саласының тұңғышы. Осы уақыт аралығында мұнда мыңдаған адам еңбек етті, ондаған еңбек әулеті қалыптасты. Қазір де алдыңғы толқынның ісін кейінгі ізбасарлары лайықты жалғастырып келеді.

— Зауытта, — деді ол, — бастапқы жаңғырту жұмыстары өткен ғасырдың алпысыншы жылдары басталды. Сексенінші жылдары да іргелі істер атқарылды. Ұжым мұнай бағасы қазіргіден төрт есе арзан болған тоқсаныншы жылдардың қиындығына да төтеп берді. Кейінгі кезде жүргізіліп жатқан іргелі жобалар кәсіпорынның жаңа мүмкіндігін ашты. Бүгінде Қазақстанда тұңғыш рет парак-силол мен бензол өндіріле бастады. Сөйтіп, атыраулық зауыт республикада тұңғыш шикі мұнайды өңдеуші кәсіпорын ғана емес, мұнай-химия саласының алғашқы қарлығашы аталып отыр. Біз үшін бұл да – үлкен мәртебе.

Жалпы, «ҚазМұнайГаз Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мұнайды қайта өңдеу және маркетингі жөніндегі басқарушы директор Данияр Тиесовтің айтуынша, зауытта жүзеге асырылып жатқан жаңа жобалар нәтижесінде республикада бұрын-соңды шығарылмаған тың өнімдер алынып қана қоймайды, сонымен қатар, қоршаған ортаға салынар салмақ едәуір жеңілдейді. Мәселен, «Қазгидромет» орталығының деректеріне қарағанда, Атырау қаласындағы ауа бассейні ластануының 80 пайызы – автомобильдердің үлесі. Бұл жөнінде бұрын да айтылып жүр. Тұрғындар көлік соңынан шұбырған қара түтінді өздері де көреді. Ол – мұнай өнімінің құрамындағы хош иісті көмірсутектер. Енді соларды бензиннен бөліп алсақ, әрі жанармай сапасы әлемдік стандарттарға сәйкестендіріледі, әрі қоршаған орта тазарады, әрі мұнай-химия кәсіпшілігіне керекті шикізат дайындалады. Сөйтіп, жылына 133 мың тонна бензол мен 496 мың тонна параксилол өндіріледі. Ақырында, алдымыздағы жылы аяқталар жоба нәтижесінде шикі мұнайды өңдеу тереңдігі 87 пайызға жетеді. Бұл да – үлкен жетістік.

Қытайлық «Sinopec Enqineerinq» компаниясы осы жобаның мердігері саналады. Атырау мұнай өңдеу зауытында хош иісті көмірсутектерді өндіретін кешен салу – Елбасымыздың Бейжіңге барған сапарында қол қойылған келісімдердің бірі.  Ал, жобаның өзі  Францияның «Axens» компаниясының технологиясы бойынша әзірленген. Демек, әлемдік үздік үрдістер осында енгізіледі.

Жалпы, мамандардың айтуынша, егер 2003-2006 жылдары жаңғырту жұмыстары жүргі-зілмегенде, онда зауыт ендігі жабылып та қалатын еді. Әрине, бұл бағытта қыруар қаражат жұмсалып отыр. Бірақ, қайткенде де, замана көшінен қалуға болмайды. Бүгінде әлем мемлекеттері табиғатты ластамайтын, экологиялық таза тауарға ұмтылуда. Демек, осындай өнімге сұраныс артады. Сондықтан, жүргізіліп жатқан жобалардың мақсаты – жаңа технологияны енгізу немесе жабдықтарды жаңғырту ғана  емес, өтімді тауарларды сатып, экономикалық тиімділікке қол жеткізу. Мәселен, 2003-2006 жылдары жүзеге асырылған жобалар нәтижесінде бензин мен дизель отыны құрамындағы күкірт тиісінше 30 және 40 есе кеміді. Ауаға тарайтын зиянды заттар, сарқынды сулардағы мұнай қалдықтары бірнеше есе азайды. Мұның бәрі – жаңа жобалардың жемісі.

Міне, Атырау мұнай өңдеу зауыты өзінің 70 жылдық торқалы тойын осындай толағай табыстармен қарсы алып отыр. Бүгінгі жеткен жетістігін келер еңбек жеңістерінің баспалдағы санайтын зауыттықтар алдағы күндеріне сенімді қадам басуда.

 

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button