Жарнама
ЖаңалықтарМәдениет

«Мөлдір махаббат» мойымауға шақырады

Халық арасында «Әкемтетар» аталып кеткен М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық театры атыраулық жұртшылықты «Мөлдір махаббат» туындысымен тәнті етті. Сәбит Мұқановтың аттас романының желісі бойынша Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әубәкір Рахимов (әрі қоюшы режиссері) жазған драмадағы оқиға желісі Торғайдың төсіндегі Қызбел ауылында өрбиді.

713212185_26182_17167163372941722043-1200x800

Романдағы Сұлтанбек пен Бәтиманың рулас болуына қарамастан, ғашықтық дертке шалынуы – театр тілімен, актерлердің шеберлігімен шынайы сомдалды. Қысқасы, данышпан Абайдың «Махаббатсыз – дүние бос, хайуанға оны қосыңдар» деген сөзін ұғындырғандай болды. Екеуі де өмірде болған кейіпкерлер. Сұлтанбек 1942 жылы 13 наурызда 34 жасында өкпе ауруынан қайтыс болған. Артында тұяқ қалмаған. Ал, Бәтима кейін үйлі-баранды болып өмір сүрген. Міне, драма осы оқиға желісімен өріледі.

…Алдымен шымылдық ашылып, Қызбелдің құмдақ даласы мен он жыл айдаудан азып-тозып қайтқан Бүркіт көрінді. Ол қазақ қоғамындағы зұлматтың Алаш зиялылары көксегендей дара да даңғыл жолға ұласатынына сенімді. «Алғашқы мөлдір махаббатымды қадірлеп қорғай алмағаныма өкінемін!» деп туған топырағынан кешірім өтінеді. Бүркіт – Қалқаман-Мамыр, Төлеген-Қыз Жібек, Қозы Көрпеш-Баян сұлу, Сырым-Қаракөз, Ләйлі-Мәжнүн шығармаларындағы сияқты ессіз махаббат құрбаны.

Оны бай баласы деп мектептен шығарды, газетке жазды, әкесін түрмеге жапты, сүйгенін басқа біреу алып кетті. «Мөлдір махаббат» романы бойынша қойылған спектакль мәңгілік бірге боламыз деген Бүркіт пен Бәтестің тағдыры, Мүсәпірдей жандардың қастандығы арқылы халқымыздың қилы кезеңді тарихынан терең сыр шертеді. Ақыры, режиссерлік мықты шешімнің нәтижесінде қос ғашықтың сезімі солақай саясаттың сайқымазағына айналмай, аз уақыт болса да баянды болды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button