Биыл өңірде инвестициялық 8 жоба енгізіліп, 560-тан астам жаңа жұмыс орны құрылады

338537832 924830441997507 2437992153508416140 n Жаңалықтар

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев пен «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясының өкілдерін қабылдап, жиын өткізді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

Жиында облыстағы инвестициялық жобалар мен инвестициялық қызметті мемлекет тарапынан қолдауды іске асыру барысы айтылды. Мәселен, ҚР Премьер-Министрінің тапсырмасына сәйкес, «KAZAKH INVEST» құрылымында «Task Force» бөлімшесі құрылған. Бұл бөлімше – жұмысты ұйымдастыруға және Инвестициялық штабтың күн тәртібін қалыптастыруға жауапты. Бүгінгі таңда «жасыл сутегі өндірісі» жобасын «Task Force» Атырау облысының аумағында «Fortesсue» компаниясы қолдау білдіріп келеді.

Жиын барысында кәсіпкерлерді қолдаудың жаңа тетігі таныстырылды. Ол – инвестициялар туралы келісім. Яғни инвестициялар мөлшері және қызмет түрлерінің тізбесіне сәйкестігі бойынша белгілі бір өлшем шарттары бар ҚР Үкіметі мен заңды тұлға арасында жасалатын инвестициялық жобаны іске асыруға арналған шарт.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы тапсырмасына сәйкес Қазақстанда инвестициялық жобалардың жалпыұлттық Пулы қалыптастырылған болатын. Ол бүгінгі күні сомасы 32 трлн. теңге болатын 930 жобадан тұрады. Осыған орай 130 000 жаңа жұмыс орны құрылды. Аталған Пул тоқсан сайын ашық көздерде жарияланады. Ал, 2027 жылға дейін Атырау облысындағы инвестициялық жобалардың жалпы Пулы 27 жобаны құрайтын болады. Оның сомасы 6 трлн теңге. Осының нәтижесінде 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады.

Ал, биыл өңірде шамамен 65,6 млрд. теңге сомаға 8 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 560-тан астам жаңа жұмыс орны құрылатын болады.

Сондай-ақ, былтыр облыста 5 жоба іске қосылып, 570 жаңа жұмыс орны құрылған. Оның ішінде 3 жобасын шетелдік компаниялардың қолдауымен іске асырылды. Пулдан жалпы сомасы 1,13 трлн теңгені құраса, шетелдік компанияның қатысуымен 1,1 трлн теңге көлемінде қаржы есептелінген.

– ҚР Үкіметінің табысты еңбегінің арқасында инвесторларды үш деңгейлі қолдау ісі қолға алынды. Айтулы шараның жүзеге асуына Қазақстан Республикасының елшіліктері, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар ат салысуда. Мұнда «KAZAKH INVEST» шет мемлекеттер мен елдің барлық аймақтарындағы өкілдіктері арқылы белсенді рөл атқарып отырғаны сөзсіз. Оған қоса, еліміздің бизнес-қауымдастығымен жүйелік жұмыс орнатылған. Осы орайда, инвестиция саласындағы елеулі еңбегі үшін аймақтарымызға алғыс білдіргіміз келеді. Ендеше, біз сіздердің әлеуетті жобаларыңызға қолдау көрсететінімізді айта кеткен жөн. «KAZAKH INVEST» командасы «бір терезе» қағидасы бойынша инвесторларға ақпараттық, заңдық тұрғыда, сонымен қатар инвестициялық келісім-шарт жасау, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен келіссөздер ұйымдастыру, елдің аймақтарында жобаны жүзеге асыруға қатысты түйіткілді мәселелерді шешуге көмектеседі, – деді «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасының орынбасары Жандос Темірғали.

Сондай-ақ, сала мамандары кәсіпкерлердің жұмысына қатысты уәждерін тыңдап, оларға толыққанды түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев жиынды қорытындылап, қатысушыларға алғысын білдірді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз