М.Әденов: «Туберкулез – қауіпті ауру емес»
Қазіргі медицина жетілген заманда туберкулез айналадағыларға қауіпті аурулар қатарынан шығып келеді. Бұл туралы Алматыда Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында дәрігерлер айтты,-деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР ДСМ Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры Мәлік Әденовтың айтуынша, жылына Қазақстанда 8,5 млн. адам скринингтік тексеруден өтеді.
Тексерілген азаматтардың ішінен ауру белгілері табылған адамдар бірден бақылауға алынып, тез арада емделе бастайды.
«Туберкулез ауруы табылған адамдардың 70 пайызында аурудың жұқпалы емес формасы, ал қалған 30 пайызында жұқпалы форма болады. Бірақ сонда да туберкулез ауруы қауіпті емес. Ол бұрыннан қалыптасқан стигма. Ол кездерде тез анықтайтын диагностикалық технологиялар болған жоқ. Дәрігерлер бұрын ол адамға қандай дәрі беру керек екендігін шешкенше 2,5 ай күтетін. Қазір 2 сағаттың ішінде ауру жұқпалы ма, емес пе соны анықтап бере алады. Науқас адам қазір бұрынғыдай қауіпті емес. Олардың 70 пайызы әдеттегідей жұмыс істеп, оқуын оқи берсе болады. Қалған 30 пайызы ғана бұрынғыдай 7-8 айға емес, 2 айға ғана оқшауланады»,-деді Мәлік Әденов.
Қазақстанда бүгінде туберкулезге қарсы қызметтің жұмыс жасауына, дәрігерлердің жалақысына, дәрі-дәрмекпен қамтуға жылына 42 млрд. теңге бөлінеді.
Соңғы 10 жылда туберкулезге шалдығу жағдайы 2,4 есеге төмендеп, 2017 жылы 100 мың халыққа шаққанда 52,2 адам ауырған. 10 жыл бұрын бұл көрсеткіш 126 болатын. Өлім-жітім жағдайы 100 мың халыққа шаққанда 6 есеге төмендеген.
Айқара Ғұмар
Фото ic24.kz сайтынан алынған