Бір жылда 500-дей әйел тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың құрбаны болған

74a7eb3f2d88f468 Қоғам

Бүгінде отағасынан зәбір көрген әйелдердің мәселесі асқынып  тұр. Мұны «елде жыл ішінде 500-дей әйел адам тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың құрбаны болады» деген ресми дерек те құптағандай…

«Қорғансыздың күні» қоғамның мұңы ма?

Таяуда Алматыда жантүршігерлік оқиға болды. Жап-жас келіншек әуелі үш баласын 9-ыншы қабаттан лақтырып, артынша өзі секіріп кеткен. Біреулер «әйелдің әрекетіне әлеуметтік жағдай себеп болды» десе, енді бірі психологиялық күйзелістегі шарасыздықпен байланыстырады. Ал, бұл істің тергеліп жатқанын айтқан Алматы қалалық полиция департаменті «Бұл – отбасылық-тұрмыстық қатынастар негізіндегі жұбайымен болған жанжал. Өлім алдындағы жазбасы бар» деп бет бақтырмайды.

Расында, «отбасында дағдарыс туындаса, одан ешкімнің ештеңесі кетпейді» деген түсініктен арылатын уақыт жетті. Қазақта «үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» дейді. Мұндайда әйелдің де, еркектің де өз уәжі бар. Соңғы кездері түсінбестіктен туындаған жанжалдың арты қатыгездікке апарып соқтырған жағдайлар жиіледі.

– Қазақ – отбасы құндылықтарын қашан да биік ұстаған дара халық. Өкінішке орай, бүгінгі қоғамда отбасы құндылықтарының құлдырауы көңілге қаяу түсіреді. Ал, әкімшілік құқық бұзушылықтардың көбеюі бүгінгі қоғамның басты кеселі болып тұр. Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотына жыл басынан бері отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласы бойынша түскен 730 әкімшілік істің 667-сі қаралды. Соның 265-і бойынша екі тарап татуласты. Бұл «ел боламын, салиқалы ұрпақ тәрбиелеймін» деген ата-ана үшін аз көрсеткіш емес. Сотқа жүгінбей, «қол сынса жең ішінденің» кебін киіп жүрген отбасы қаншама?! – дейді Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының төрағасы Самал Әбуғалиева.

Әлімжеттік – әлсіздің ісі

Зорлық-зомбылық – бір отбасының жеке проблемасы емес, қоғамға ортақ мәселе. Жұмыссыздық, құқық бұзушылық, өзге де келеңсіз жағдайлар отбасындағы атмосфераны бұзады. Бүгінде бұл мәселенің алдын алу үшін жасалған шаралар өз жемісін беріп жатыр ма екен?..

Өйткені, полиция департаментінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Райса Айтжанова отбасы институтын қалыптастырып, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру қажеттігін алға тартады.

– Бұрын әйелдер өздерінің тәрбиесі мен менталитетіне байланысты отбасындағы кикілжіңді, зәбір көріп, жапа шеккенін жасыратын. Соңғы жылдары құқық қорғау органдарына жүгініп, өздерінің құқын қорғауды өтінген әйелдер көбейді. Кикілжің көбінесе отағасының мас күйінде туындайды. Ал, зардап шеккен ана мен балалар «Алмагүл» шағынауданындағы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтарына» уақытша орналастырылады. Мұнда арнайы мамандар жәбірленген анаға жан-жақты көмек көрсетеді. Жыл басынан бері «102»-ге отбасылық жанжалды хабарлаған 4 мыңнан астам қоңырау түссе, оның 754-і «зәбір көрдім» деп арызданған. Ал, 1987 отбасына қорғау нұсқамасы шығарылып, 31 еркек мәжбүрлеп емдеу мекемесіне жіберілді, – дейді аға инспектор.

Маманның айтуынша, дәл қазір дағдарыс орталығын 4 әйел және 13 бала паналауда. Орталықта экономикалық және әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетеді. Заңгерлердің құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатындағы жұмысының нәтижесінде келіншектер жәрдемақысын ресімдеп, алимент өндірудің тәртібін түсінді.

Қайда хабарласу керек?

Күйеуі ұрып-соққан, психологиялық қысым көрген әйелдер заңмен қорғалады. Мамандар отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелге алдымен полицияға хабарласуға кеңес береді. Полиция департаментінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімшелері әр ауданда бар.

Ал, жергілікті әкімдіктерде әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиялар жұмыс істейді. Отбасында зәбір көрген әйелге тұрғылықты тіркеусіз-ақ көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, «150» тікелей желісі және 8 (7122) 46-60-60 сенім телефоны жұмыс істейді.

Әйел зорлық, бала қорлық көрмесін…

Бүгінде белең алған тұрмыстық заң бұзушылық – елдегі өзекті мәселенің бірі. Зерттеулер бойынша, бұған маскүнемдік, жұмыссыздық, әлеуметтік жағдайдың ауырлығы себепші екен. Жұмыс барысында әйелдерге қатысты отбасылық зорлық-зомбылық әрекеттердің көбейгеніне куәміз.

Тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесінде ең маңыздысы – құқық бұзушыны жазалау емес, отбасын қолдау және сақтау. Жазалау шараларынан гөрі өмірлік қиын жағдайда жүрген әрбір адаммен жеке-дара жұмыс жасау секілді принциптер басшылыққа алынады.

Орталыққа күйеуінен таяқ жеп, көмек сұрай келетіндер де бар. Әке-шешесі қуып жібергендер де, өзге облыстан келіп, енді барар жер, басар тауы жоқ, шабаданын арқалаған әйелдер де келеді. Сол кезде мамандар жаны жаралы әйелдерді демеп, жан-жақты қолдау көрсетеді. Соның нәтижесінде келіншектердің 50-52 пайызы өз отбасымен қайта қауышады.

Әрине, мемлекет үшін отбасының бүтіндігі маңызды. Сондықтан, отағасымен әңгімелесіп, жұбымен татуластыруға қадам жасалады. Бұдан қорытынды шығарып, ішкіліктен емделген немесе ашуын басып, отбасын сақтап қалған мысалдар жеткілікті. Осы кезге дейін 135 келіншек күйеуіне қосылды, 36-сы жанұясына, балаларына оралса, 57 әйелге уақытша тұратын баспана-тұрақ табылды.

Ал, жанұяны сақтап қалу мүмкін болмаса, әйелдердің күйеуінен заң жүзінде ажырасуға және балаларын асырап, бағу үшін алиментке, әкелікті тану үшін арыз жазуға көмектесіп, сотқа жолданады. Мамандардың барлық кеңестері тегін әрі құпиялылық сақталады. Орталыққа әйелдер өз көкейіндегі түрлі сауалдармен де хабарласады. Оларға толыққанды жауап беріп, түсіндіреміз.

Бұл жерден пана тапқандар арасында тұрмысқа тым ерте шыққан, ешқандай оқу-білімі жоқ қыз-келіншектер де бар. Олар қалалық жұмыспен қамту бөлімі арқылы оқу курстарында білім алып, мамандығы бойынша жұмысқа орналасады.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық ең алдымен психологиялық түрде пайда болады. Жәбірленуші үнемі өзін кінәлі сезініп, бойын қорқыныш пен үрей билеп, өз-өзін төмен сезінеді. Психологиялық зорлық бұдан әрі күш көрсетуге, яғни, ұрып-соғуға жалғасады. Кейде жәбірленуші өзіне-өзі қол жұмсауы да мүмкін. Осылай зәбір көрсету әрекеті отбасына біртіндеп еніп, қалыпты жағдайға айналатындай болады. Ол отбасы мүшелерінің қарым-қатынасын бұзып, балалардың психикасын зақымдайды.

Сондықтан, қорлыққа шыдап отыра бермей бұл туралы айту керек. Үнсіз қалмаңыз!

Айбаршын  ИМАНҒАЛИЕВА,

тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету

бөлімшесі директорының орынбасары

* Сіз не дейсіз?

Рая ШАҒЫЛБАЙҚЫЗЫ,

отбасылық психолог:

– Баланың қалыптасу процесінде ата-ананың тәрбиесі мен өскен ортасы маңызды роль атқарады. Демек, үйдегі ұрыс-керісті жиі көріп өскен ұл мен қыздан өскенде не күтуге болады?

«Сүтпен кірген әдет сүйекпен кетеді» демекші, бала жастайынан қандай тәрбие алса, ержеткенде де сол әдет қалмайды.

Маман ретінде айтарым, отбасындағы келіспеушіліктің негізгі себептері көп. Соның бірі – «агрессордың», «абьюзердің» отбасы мүшелеріне жұмсайтын өзінің эмоциясы мен агрессиясын басқаруға құлықсыздығы немесе қабілетсіздігі, келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешуге әрекетсіздігі. Тіпті, зорлық-зомбылық көрсетіп, содан ләззат алатын агрессорлар бар. Мұндайда отбасы мүшелері – «оңай олжа». Мұндай агрессорлар отбасы мүшелеріне қол көтеру үшін ілік іздеп отырады…

Қоғамдағы мұндай кеселмен күрес әрқайсымызға жауапкершілік жүктейді. Сонда ғана ұлттың қанындағы ізеттіліктің – дөрекілікке, қайырымдылықтың – қатыгездікке ауыспайтынына үміт пен сенім бар.

ТҮЙІН

«Отан отбасынан басталады» десек, отымыздың сөнбеуіне үлес қосқан жөн болар. Егер «ұлықты ұл тәрбиелеймін» деген әке өз шаңырағын шайқалтып жүрсе, ал аналар ошағының отын маздата алмай мазаланса, ұрпақ тәрбиесі не болмақ? Отбасы тыныштығы заңмен емес, махаббат, мейірім сияқты асыл қасиеттермен қорғалса екен.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз