Мұғалімдерді газет-журналдарға күштеп жазғызу қашан тоқтатылады?
Облыс ұстаздарының тамыз мәслихаты барысында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жұртшылыққа ашық микрофон ұсынып, жиналғандардан ой-пікірлерін ортаға салуды ұсынды.
Ашық микрафон кезінде қойылған сауалдардың бірі баспасөзге жазылуға байланысты болды. «Мұғалімдерді газет-журналдарға күштеп жазғызу қашан тоқтатылады?» деген сұраққа аймақ басшысы былай деп жауап берді:
– Жалпы, баспасөзге зорлап жазғызуға ешқандай бұйрық берілген жоқ. Бұл – әр адамның өзінің жеке шаруасы. Қарап отырсаңыздар, газет беттерінде мәнді де мазмұнды мақалалар басылып жүр. Ендеше, оларға неге жазылмасқа? Менің ойымша, әр ұстаз ой-өрісін кеңейтіп, білімін жетілдіргісі келсе, газет оқуы керек. Бұл пікірім қате ме, айтыңыздаршы? – деді ол.
Тағы бір сұрақ мұғалімдердің 9-сынып оқушыларын оқуды аяқтауға мәжбүрлеуіне қатысты туындады. Өңір басшысы бұл мәселе де әр оқушының өз еркінде екенін атап өтті.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ