Жер тозса, мал азады

жер тозса Жаңалықтар

Қосыбек Ырзағалиев,

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:

жер тозса

Елбасымыздың  мақаласында атабабамыз сан ғасыр бойы көздің қарашығындай сақтаған дархан даламыздың кеңестік кезде талантаражға түсіп, соның салдарынан аз ғана уақытта миллиондаған гектар жердің жарамсыздыққа ұшырағаны ашық айтылып отыр. Тұлпардың тұяғымен түрге енетін сахара шынжыр табанды трактормен тапталды.

Бүгінде республикада экологиялық апатқа душар болған аймақтар аз емес. Солардың бәрі қыруар қаражат пен орасан күш-жігердің нәтижесінде біртіндеп қалпына келтіріліп жатыр. Мәселен, Арал теңізін суға толтыру үшін қаншама жұмыс жасалды. Мемлекет басшысы «Осының бәрі – жерге аса немқұрайлы қараудың ащы мысалы» дейді турасынан.

Сайып келгенде, жер тозса, мал да азады. Азық-түліктің 30 пайызын сырттан тасыған елдің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төнеді екен. Қазақтың ежелгі кәсібі – малшылық. Ата-бабамыз малдың етін жеп, сүтін ішіп, терісін тұтынып өскен. Сондықтан, өмірлік қажеттілік ретінде төрт түліктің бағымына ерекше назар аударған. Оның жайылымын сақтаған, өзгеден қорыған.

Қазақстанның жері кең-байтақ. Бірақ, осы байлығымызды барынша тиімді пайдалануымыз керек емес пе? Шашпашылдыққа неге жол береміз? Елбасы «Ықылым замандардан бері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келген ұлттық прагматизм санаулы жылда адам танымастай өзгеріп, ас та төк ысырапшылдыққа ұласты» деп ашық айтып отыр. Рас қой. Жерді күтіп қолданудың орнына оны әбден тоздырдық. Ата-бабамыз жазда жайлауына, күзде күздеуіне, қыста қыстауына неге көшіп жүрді? Мыңғырған малды дархан даланың о шетінен бұл шетіне шұбыртып айдау оңай емес. Бірақ, жайылымның құнарлылығын сақтау үшін осындай қиындыққа баруға тура келді.

Бүгінде Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдеріне шетелдіктер қызығушылық танытып отыр. Олар біздің сапалы етімізді алуға құмар. Елбасы тапсырмасымен 2021 жылға дейін азық-түлік экспортын 40 пайызға арттыру көзделді. Ал, талғамы жоғары тұтынушыға сапалы өнім шығару үшін жақсы жайылым қажет. Міне, осы бағытта әлі жұмыстану керек. Турасын айтқанда, облыста отыз жыл бойы жерді баптауға бағытталған шаралар қолға алынбаған. Бүгінде ауыл шаруашылығына арналған жердің 20 пайызға жуығы ғана жарамды. Демек, эрозияға қарсы шұғыл шаралар алған абзал.

Ауыл адамдарының малын алысқа айдамай, үйдің жанына ұстауы салдарынан елді мекендердің төңірегі әбден тақырланып, шаңы шығып жатыр. Енді бұл орынға шөп түгілі тікенек те өспейді. Сонда қайтеміз? Тағы бір сорақысы – ауыл маңындағы жерлерді әлдекімдердің жекешелендіріп алғаны. Бұл да қолында азды-көпті малы бар адамдарға қиындық туғызуда. Жерге қатысты Елбасы сөзінен осындай мәселенің де ұшығы шығады.

Қысқасы, Елбасымыздың елдікке үндейтін мақаласынан Жер-Анаға деген қамқорлықты көріп отырмын. Қазақтың төрт түлігіне қажетті жайылымды сақтап, оның құнарлылығын арттыруға арналған нақты бағытты сеземін. Жалпы, Ауыл шаруашылығы министрлігі 600 мың гектар жерді айналымға енгізуге жұмыстанып жатыр. Осы шараның да жемісті нәтижесі болмақ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз