Жарнама
Жаңалықтар

ҰЛЫН АЙДЫН ДЕП АТАДЫ

Тарихи жәдігерлер жайғасқан Сарайшық мұражайын тамашалап, көне дүниенің күмбіріне құлақ түрген ғарышкер Айдын Айымбетов алған әсері туралы пікірлерін естелік кітапқа жазып қалдырды. Осыдан соң мәртебелі мейман Махамбет ауданы әкімдігінің мәжіліс залында жұртшылықпен жүздесті.

— Мен бірнеше тілді білемін. Ондаған жылдар бойына ғарышқа ұшу сапарына дайындық барысында шетелдік әріптестеріммен жақын танысып, тәжірибе алмасу үшін өзге ортақ тілде сөйлесуге тура келді. Дегенмен, өз ана тілімді ұмытқан жоқпын, жақсы түсінемін, бірақ акцентпен сөйлейтінім бар. Келесіде алдарыңызда қазақша таза сөйлейтін боламын, маған біраз уақыт беріңіздер, — деп емен-жарқын әңгіме тиегін ағытқан Айдын Ақанұлы.

Ол өзінің ғарышқа сапары кезінде бесінші ғылыми-зерттеу бағдарламасы бойынша шетелдік әріптестерімен бірге жоспарлы жұмыстар жүргізгендігін баяндады. Оның айтуынша, Елбасы тапсырмасына сай сапар барысында Қазақстанның ғарыштық зерттеу бағдарламалары толық орындалған. Арал, Каспий теңіздерінің экологиялық жағдайларын ғарыш төрінен бақылап, мониторинг жүргізген. Сондай-ақ, микрогравитация жағдайындағы микробөлшектердің физикалық қасиеттеріне үңілген. «Осының бәрін болашақта ғалымдарымыз термоядролық энергетика, плазмалық медицина, нанотехнология және тамақ өнеркәсібі салалары бойынша зерттеулерінде пайдаланатын болады» деп сөзін қысқа қайырды. Сонымен қатар, құрт, ірімшік, ұнтақталған қымыз секілді қазақтың ұлттық тағамдарын ғарышқа алып шығудың мүмкіндігі мол екендігін ризашылық сезіммен әңгімелеп берді.

Әрине, он күн бойы ғарышта ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келген батыр бауырымыздың ол жақта көрген-білгені, ойға түйгені көп болар. Оның бәрін кездесу барысында айтып жеткізу мүмкін емес. Батыр ағаларының лебізін естуге құмартып, ерекше сезім құшағында отырған мектеп оқушылары да сұрақты қарша боратты. Ерге тән сабырлы қалпынан айнымаған Айдын Ақанұлы оларға ерекше ықыласпен жауап қайтарды. Ғарышкер болу үшін әсіресе, физика, математика пәндерін тереңдетіп оқып, спортпен жүйелі түрде айналысу қажеттігін айтып өтті. 1993 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың атына ғарышқа ұшу туралы алғаш рет өтініш түсіргенін еске алған ғарышкер «ғарыштан қарағанда жер көріне ме?» деген келесі сауалға үлкен мән беріп, өзінің әсерімен бөлісті.

— Иә, көрінгенде қандай, — деді Айдын Ақанұлы. — Тек Қазақстан аумағы емес, картадағыдай барлық жер шары көрінеді. Өзің басқа планетада ұшып жүріп, ортақ үйің – Жерге деген айрықша махаббатыңды сезінесің. Оны анаға деген перзенттік махаббатпен теңестіруге келер, басқа балама сөз табу қиын. Осындай тіршілігімізге нәр беріп отырған Жердің бір қиырларында қырғи-қабақ соғыстар жүріп, адамзат баласын қайғы-қасіретке душар етіп жатқандығы жүрегімді ауыртады. Сондықтан, болашағымызды ойласақ, Жер-Анамызды көздің қарашығындай сақтауымыз қажет.

Келесі кезекте сөз алған ішкі істер қызметінің запастағы полковнигі, ауданның Құрметті азаматы Нәсіпқали Сәменов Отанына олжа салған оғылан Айдын бауырымызға аға ұрпақ атынан шексіз ризашылығын білдірді.

— Айдың нұрына жанарыңыздың жарқылын шағылыстырып, жыпырлаған жұлдыздарды қолмен ығыстырып, құс жолының бойымен серуен салған мың жылдықтарда бір туатын өзіңіздей нағыз батырмен бетпе-бет келіп, шынайы лебізіңізді естудің өзі бір ғанибет, — деді мінберге көтерілген аудандық «Жайық шұғыласы» газетінің бас редакторы Нұрым Ерғалиев. Бұдан кейін сөз алған Д.Төленов атындағы орта мектеп оқушысы Н.Төлегенова ғарышқа өзімен бірге сүйікті қызының қуыршағын алып ұшқан батыр ағасына деген риясыз сезімін жалынды сөздерімен жеткізді.

— Осы ауданға келген сайын Махамбетте тұратын адамдар қандай бақытты деген ойға берілемін, — деді облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан. — Өйткені, киелі топырақтан Қазақстан Тәуелсіздігі үшін қандай қиындыққа да иығын тосқан небір жақсылар мен жайсаңдар, аузымен құс тістеген ақын, жазушылар мен жыраулар, Иманғали, Бақтықожа болып жалғасып кете беретін елге танымал қоғам қайраткерлері шықты. Облысқа келген жұрттың бәрі ақын да, батыр Махамбет атындағы ауданға бір соқпай өтпейді. Бәлкім, топырақтың киесі, жердің тартылыс күші деген осы болар? Бүгін міне, ғарыштан оралған Айдын бауырымызды қарсы алып, құрмет көрсетіп жатырсыздар. Біз де ғарышкермен аз ғана уақыт бірге болып, әңгімесін тыңдап, өзіміз де ғарышқа барып келгендей әсерде болдық. Мәселен, ғарышта күннің ұзақтығы бар болғаны 45 минут екен. Мұндай қызықты деректерді әлі де көптеп келтіруге болады. Болашақ өмірдің өзегі – ғарышта. Сондықтан, ғарышты игеру әлі жалғасын табатындығына сенімдімін.

Қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымов жырлағандай «Қыр баласы қол созады аспанға…» деп ойын түйіндеп, қорытынды сөз сөйлеген аудан әкімі Әлібек Нәутиев ғарышкерге жиналған жұртшылық атынан алғысын айтып, оның алдына ер тоқымы келіскен ақ боз атты көлденең тартты. Ауданның Құрметті азаматы Жылқайдар Сұлтанов болса мәртебелі мейманға ақ батасын берді. 

Қазақстанның үшінші ғарышкері, «Халық Қаһарманы» Айдын Айымбетов Махамбет ауданына сапары кезінде еңбек ардагері Қобылан Сисенов немерелі болды. Дүниеге жаңа келген нәрестеге елдің ардақты азаматы, батыр ұлына ұқсасын деген ниетпен Айдын аты қойылды.

Нұрым Ерғалиев,

Махамбет ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button