Жарнама
ЖаңалықтарСаясат

Ұлы елдің ертеңі – ұланының қолында

Еліміз Тәуелсіздік алғалы Қазақстанда түрлі жастар ұйымы құрылып, белсенді қызмет атқаруда. Солардың қатарында балғындарды бір арнаға  жұмылдырған «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының орны ерекше. Өскелең ұрпақтың бойына отаншылдық сезімді ұялатуда аталған ұйым қандай табысқа қол жеткізді? Осы және өзге де сауалдар аясында Атырау қаласындағы «Жас ұлан» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Мартагүл Қанатовамен әңгімелескен едік.

ҰЛЫ ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІ – ҰЛАНЫНЫҢ ҚОЛЫНДА

– Мартагүл Төлеуқызы, балалар ұйымының маңызы мен мәні неде? Алдымен, әңгімемізді осыдан бастасақ…

– Жастар қозғалысының құрамдас бөлігі саналатын балалардың қоғамдық ұйымдары мен бірлестіктері өскелең ұрпақты демократиялық қоғамға қатысуға тәрбиелеуге, мемлекеттің әлеуметтік институттарына араласуына, әлеуметтік бейімделулеріне қолдау көрсету мен дамытуға бағытталған.

Балалар қозғалысы  – әр қатысушысына жұмыс жасаудың белсенді әдістері мен формалары арқылы қоғамның адамгершілік нормалары мен әдеп құндылықтарын бойға сіңірулеріне мүмкіндік беретін өмір мектебі. Мұнда бүлдіршіндер өз қатарластарымен әртүрлі бағыттағы іс-шараларға қатысып, тәжірибе алмасып, тек өзінің ғана емес, достарының әрекетіне деген жауапкершілікті сезінеді.

Ұйымның құрылу тарихына тоқталсаңыз…

– Елбасы 2011 жылы  «Нұр Отан»  партиясының  ХІІІ съезінде «Жас ұлан», «Жас қыран» балалар мен жасөспірімдердің бірыңғай ұйымын құру туралы бастама көтерді. Осының негізінде республикалық  «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы сол жылы Астана күні мерекесіне орай құрылды. Астана қаласының №66 мектебінде Мемлекет басшысы «Жас ұланның» алғашқы мүшелерін салтанатты түрде қабылдады.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деуінің астарында отаншылдықты қалыптастыру идеясы жатыр. Жас ұрпақтың бойында патриоттық сезім, біліммен қатар,  өзін-өзі жетілдіруге деген құштарлық, Отан тарихына, тәуелсіз Қазақстанның бүгіні мен болашағына деген жауапкершілікке тәрбиелеу мақсатында құрылған ұйымның Атырау облысындағы филиалы да өз жұмысын сол жылы бастады.

Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында «20 жұлдызды күн» шаралары шеңберінде мектептердегі оқу озаттары, ғылым, білім, өнер, спорт салаларында ерекше жетістіктерге қол жеткізген мың оқушы алғашқылардың легімен, ерікті түрде ұйым қатарына қабылданды. Ал, 2012 жылы ұйым филиалы заңды тұлға – қоғамдық бірлестік ретінде тіркелді.  Сол уақыттан бері облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстары негізінде облыс шеңберінде өз қызметін жүзеге асыруда.

Өмір мектебіне шыңдайды

– Өзіңіз айтқандай, балаларды өмір мектебіне шыңдауда бірлестіктің бүгінгі қызметі қандай?

– Бес жыл ішінде облыстық ұйым шеңберінде мектептерде «Жас ұлан» идеясын насихаттайтын екі жүзге жуық топ құрылды. Облыстық ұйымның құрамына 40 мыңға жуық белсенді «жасұландықтар»  жұмылдырылған. Олар интеллектуалдық, спорттық, патриоттық, экологиялық, еңбек тәртібін қалыптастыру, құқықтық мәдениет, адамгершілікті дамыту бағыттарымен қызмет етуде. Сондай-ақ,  «Руханият», «Зерде», «Атамекен», «Жеті жарғы», «Салауат», «Экоәлем», «Еңбек» бағыттары бойынша оқушылардың қоғамдық белсенділігін арттыру көзделген. Нәтижесінде оқушылар «Мәңгілік ел ұландары» жүлдесімен марапатталады.

Бұдан басқа облыстық, қалалық деңгейлердегі слеттер мен көшпелі оқыту семинарлары қолға алынған. Бірлестік облыстық Патриоттар форумын және Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың рөлін насихаттауға бағытталған «Елімнің тағдыры – менің тағдырым» атты жыл сайынғы өңірлік форумды белсенді ұйымдастыруда. Бүгінгі күні ол өңіріміздегі белсенді үкіметтік емес ұйымдар қатарынан табылады.

Мақсат – айқын, міндет – зор

– «Жас ұланның» биылғы жұмыс жоспары қандай? Елімізді табысқа  жеткізетін  ұрпақ дайындауда жаңашылдықтар бар ма?

– Биыл мектептердегі ұйым жұмысын дамыту, жасөспірімдердің Отанға  деген адалдықтарын арттыруда бірқатар іс-шара өтуде. Атырау өңірінің белсенді ұландары мен тәлімгерлері көршілес Батыс Қазақстан облысында өткен «Ұланымыз ұлы елдің» аймақаралық форумына, Алматы қалалық Оқушылар сарайының жанындағы жазғы лагерьде ұйымдастырылған «Елбасымен бірге – ел үшін» республикалық көшбасшылар слеттеріне қатысып, өзге өңірлердегі ұйым қызметімен танысып, тәжірибе алмасты.

Балалардың шығармашылық, қоғамдық белсенділігін арттыру және жазғы демалысты тиімді ұйымдастыру мақсатында Атырау қаласындағы Бесікті елді мекенінде орналасқан «Тұлпар» тынығу лагерінің екі кезеңінде «Көшбасшылар мектебі» белсенді балаларды дамыту бағдарламасы ұйымдастырылды.

Балалардың белсенділігін арттыруда нендей шаралар алынуда?

–  Қазіргі уақытта  мектеп қабырғасында жүріп, бірлестік жұмысына белсене қатысып, өз қабілеттерін тануға құлшынысы бар балғындарға «Жас ұланның» берері көп. Биыл Алматы қаласындағы UIB халықаралық бизнес университеті «жасұландықтарға» арнайы республика бойынша бес грантқа конкурс жариялап, оның екеуін атыраулық оқушылар ұтып алды. Қазіргі уақытта Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектеп түлегі, былтыр облыс Ұланбасы болып сайланған Альбина Мерекеқызы осы университеттің грантын жеңіп алып, тегін білім алуда. Сондай-ақ, өңірде «Жас ұлан»  көшбасшысы болған түлектер республиканың әр түкпірінде білім алып, өз оқу орындарының алдыңғы қатарлы студенттері сапында жүр. Олар – ертеңгі күні еліне қалтқысыз қызмет ететін азаматтарымыз. «Жас ұлан» ұйымының өміршеңдігі де осында.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button