«Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері» атты халықаралық форум басталды
Биыл Атырау көрісуді ерекше атап өтуде. Атырауда Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық дәстүрді жандандыру арқылы қоғамдық сананы жаңғырту мақсатында «Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері» Халықаралық форумы басталды. Салтанатты шара «Жаңа жасыңмен, Ұлы далам» атты фестивалімен шымылдығын ашты.
Тұңғыш рет өткелі отырған «Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері» форумы ұлттық салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды, мәдениетімізді, өмір салтымызды заманға сай одан әрі байытуда, оны бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіру арқылы жаңа ұрпақты қалыптастыруда маңызы зор. Форумға Түркия, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінен қонақтар келді.
Орталық алаңда 10-нан астам этномәдени бірлестіктердің ұлттық өнімдері қойылған. Сондай-ақ, мерекелік шарада қол күрес, кір тасын көтеру, қазақща күрес, арқан тартыс секілді ұлттық спорт түрлерінің жарыстар ұйымдастырылуда.
Бүгін форум барысында «Туған жерге туыңды тік» Республикалық ақындар айтысы, Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына арналған «Ақынға тағзым» әдеби оқулары, абсолюттік салмақ дәрежесіндегі балуандар қатысатын «Қазақша күрестен» халықаралық чемпионат, Халық әртісі Бақыт Қарабалина атындағы күйші-домбырашылардың республикалық байқауы, дәстүрлі әншілер мен күйшілер өнер көрсететін «Ән-Дария» халықаралық дәстүрлі әндер фестивалі, «Спикер #7» жастар зияткерлік конференциясы және «Ringo», Нұрболат Абдуллин, Али Оқапов, Тәуекел Мүсілім және тағы басқа Қазақстан эстрада жұлдыздары мен жергілікті әртістердің қатысуымен кешкі концерт өтеді деп жоспарлануда.