«Ұлы адам туралы ұлағатты кітап»
Таяуда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жайлы «Ұлы адам туралы ұлағатты кітап» атты жаңа туындының тұсаукесері өтті. Тәуелсіз ел тарихында Елбасының ерен еңбегі ұшан-теңіз. Осы орайда қалың көпшілікке жол тартқан жаңа кітап жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленуде.
Кітап авторы – Ресей Федерациясының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, тарихшы, жазушы, публицист Николай Зенькович. Тарихшы, әрі деректанушы бұған дейін де әлемдік тұлғалар туралы 30-дан астам кітап жазған. Оның кітаптары дүние жүзінің 13 тіліне аударылған. Туынды авторы өз кейіпкерлерінің тізіміне Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы болып енгенін айтады.
«Мен бұл кітапты 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейiн жаза бастадым. Содан бері Нұрсұлтан Назарбаев туралы оғаш пікір айтылғанын естіген емеспін. Қоғамдық пікір деген осы. Нұрсұлтан Назарбаев туралы қоғам ойының өзгергенін де көрмедім. Ол халқының, ал, халқы Мемлекет басшысының қадірін біледі. Әлемде мұндай көшбасшы аз. Нұрсұлтан Назарбаев туралы дүние жүзінде көптеген кiтап жарық көрген. Менің кітабым балаларға арналған. Өзiн ғана емес, бүкiл әлемдi өзгертiп жатқан ұлы тұлға туралы алғашқы кiтап. Дүниені өзгертуден бұрын, өзiңдi өзгерту қиын. Кітаптағы басты идея – өз елінің өсіп өркендеуі жолында барын салып келе жатқан тұлғаны дәріптеу. Кітапты ұлы адамға деген құрметпен жазып шықтым» дейді автор.
Қаламгер тұсаукесер барысында кітапты шығару идеясы мен Елбасының өміріндегі сюжеттік желіге арқау болған негізгі оқиғалар туралы баяндай келе, «Нұрсұлтан Назарбаев тарих үшін маңызды оқиғалардың басы-қасында жүріп қана қоймай, қиын кездері жағдайды өз қолына ала білді. Бұл үшін ерлік, білім және тәжірибе керек. Ең бастысы – Отан үшін еңбектену. Президенттің өмірі Отанымен, халқымен бірге өрбіді. Соның арқасында оны тек Қазақстанда емес, шет елде де ерекше бағалайды» деп атап өтті.
Ресейлік жазушының кітабын қазақ тіліне белгілі қазақстандық журналист, қаламгер, ТМД журналистер конфедерациясы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Олжай аударған.
«Елбасының саяси тұлға ретіндегі еңбектері көп дүниеге арқау болды. Бірақ, оның жастық шағы туралы фильмнен басқа ештеңе жоқ. Тоқсаныншы жылдардың басында Бейбіт Сапаралының Президенттің балалық шағы туралы кітабы шыққан болатын. Бірақ, жоғары сынып оқушыларына, студенттерге арналған кітап жоқ еді. Осы кітап сол бос орынға кірпіш болып қаланды» деген Қайнар Олжай кітаптың стилін Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасына ұқсатты.
Тарихи оқиғаларға жүгіне отырып жазылған жаңа кітапта тарихи, тың деректер көп. Мәселен, «Қазақстан мұнайын қалай игереміз?» деген мәселеге орай Нұрсұлтан Назарбаев «Шеврон» компаниясына барып, екі апта тәжірибеден өткен. Мұны біреу білсе, біреу білмейтіні сөзсіз. Осы секілді көпшілікке беймәлім мәліметтер кітапта көп кездеседі.
«Үшқоңырдан шыққан ұлан». Бұл – Президенттің балалық шағы мен жастық жылдарын сөз еткен кітаптың бірінші бөлімі. Ал, «Мәртебелі Президент» деп аталатын екінші бөлімі оның әлемге танымал тұлғалар қатарына қалай қосылғаны туралы сыр шертеді.
Айтып өткеніміздей, жаңа кітап көптің көңілінен шығуда. «Кітаптың оқушылар мен жастарға қажетті дүние екені көрініп тұр. Мұнда ұлттық тәрбие алған, салтымыздан сусындаған баланың Елбасы болғанға дейінгі өсу жолы құнарлы тілмен жеткізілген. Бұл жастар үшін, ұстаздар үшін де пайдалы болмақ. Назарбаев зияткерлік мектептері оқу процесінде оны міндетті түрде пайдаланатын болады» дейді «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова.
Қазақстанды әлемге танытып, елді өркендеткен Ұлт көшбасшысының ғұмыр жолын танып білуге құштар жандар көп болғандықтан, туындының электронды нұсқасын да шығару қажет деген бастама көтеріліп отыр. Мәселен, «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық қозғалысының атқарушы директоры Олжас Әбуов: «Бұл шығарма интернет кітапханасына шығып жатса, тек жастарға ғана емес, шет елдегі қазақтарға да зор мүмкіндік болар еді, өйткені, кітаптың ішінде Елбасының алдына қойған мақсатына жету жолында үлгі, өнеге ретінде қолданылатын мәліметтер көп» деді.
Айта кетелік, «О Великой жизни», яғни, орыс тіліндегі нұсқасы екі мың дана, аудармасы да екі мың данамен жарық көрді.
Дайындаған: Гүлжан ӘМІРОВА.