ҰЛЫ МАҚСАТТАРДЫ ҰШТАСТЫРҒАН АТЫРАУ
Қазақстан-Ресей ХІ аймақаралық ынтымақтастық форумының басты алаңына айналды
Қазақ елі мен Ресей арасындағы қарым-қатынас тарихына көз жіберсек, оның тамыры ғасырларға кетеді. Ежелден қиындықты бірге бөлісіп, қуанышын бірге тойлаған қос халықтың арман-мұраты да, мақсат-мүддесі де ортақ. Әсіресе, тәуелсіздік алған жылдары экономикасы қарқын алған Қазақстанның теңізге шығар жолдың жоқтығынан тұйыққа тірелгені де рас. Осындай сәтте Елбасымыз көрегендік танытып, Ресеймен экономикалық байланысты нығайтудың барлық шарасын алды. Нұрсұлтан Әбішұлының «Бізде теңізге шығар жол жоқ, бірақ, теңізге бергісіз Ресей бар» деген сөзі көп нәрсені аңғартса керек. Осындай ұстаным көршілер арасында жаңа экономикалық арналарды ашты. Соның ең маңыздысы – екі ел арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумы.