ҰЛТТЫҚ АҚПАРАТТЫҚ ОРТАЛЫҚ БӨЛІМШЕСІ
Бұл ретте аталған акционерлік қоғам республика аумағында мемлекеттік органдардың ақпараттық қауіпсіздік саласын нығайту және одан әрі дамыту мақсатында облыс орталықтарында «Деректерді өңдеу орталықтарын» ашуды қолға алған болатын. Кеше Атырау қаласында республика бойынша осындай жетінші орталық салтанатты жағдайда есігін ашты.
— Ұлттық ақпараттық орталық, — деді жаңа нысанның ашылу салтанатына арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан, — 2000 жылдары құрылып, он төрт жылдай уақыт бойы еліміздің әр аймағында мемлекеттік органдардың және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жұмыс жасауда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ақпараттық технологиялардың қазіргі мемлекет басқарудағы рөлінің маңыздығын ерекше айтып келеді. Бүгін Атырауда ашылып отырған орталық сол игі бастамалардың жалғасы деп білемін. Бұл орталық ақпараттық технологияларды дамытуда, мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметтердің халыққа сапалы қызмет етуге үлкен үлесін қосады деген сенімдемін.
Сондай-ақ, орталықтың ашылу салтанатына «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамының Басқарушы директоры Әсел Молдабекова Астанадан арнайы келіп, атыраулықтарды дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсатында жасаған тағы бір қадамдарымен құттықтап, ұжым жұмысына сәттілік тіледі. Керілген лентаны Шыңғыс Жұмабекұлы мен Әсел Тұлахбайқызы қиып, ғимаратты аралап, танысты.
Келген қонақтарды «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамының Атырау облыстық «Деректерді өңдеу орталығының» директоры Асылбек Асан аппарат залымен таныстырды.
Оның айтуынша, аппарат залы барлық қажетті құрал-жабдықпен толық қамтылған. Ақпараттық жүйені реттейтін, қамтамасыз ететін инженерлік инфрақұрылымда 23 қызметкер жұмыс жасайды. Ақпараттық технология саласы қызметкерлерінің барлығы да халықаралық деңгейде білім жетілдіру курстарынан өтіп, сертификаттарға иеленген.
Салтанатты шара барысында облыс әкімдігі мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ арасындағы өзара ықпалдастық меморандумына қол қойылды.