Жарнама
Жаңалықтар

Ұлтты сүю – ұшқан ұядан

«Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни, туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады». Бұл – Елбасының «Болашаққа бағдар:  Рухани жаңғыру» атты мақаласында қозғалған өзекті мәселенің бірі. Әр адам өз туған жеріне іңкәр сезіммен қарап, дамуына атсалысса – елін сүюдің озық үлгісі осы болар. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген. Аймақтағы кәсіпкерлік саласының кең қанат жаюына зор үлес қосып, өзге де игі іс-шаралардың басы-қасында жүрген ізгі жан, бірлескен көп салалы кәсіпорынның басшысы Мұрат Сарманов – қай ісімен де көпке үлгілі азамат.

13051603_571797046328207_3944592870428982753_n

Намыс табысқа бастады

Тоқсаныншы жылдардағы тоқыраумен тұспа-тұс келген алмағайып шақта табыс тауып, отбасын асыраудың өзгеше тетігін іздеген ол екінің бірі бара бермейтін бағытты, яғни, кәсіпкерлікті  қолға алуды жөн көрді. «Салық саласында қызмет етіп жүргенімде жолдастарымызбен өзара ақылдаса келе, «бір-бірімізді демеп, қолдап көмектесерміз, кәсіпкерлікке кетсек қалай болады?» деген сауалға біраз басымды ауырттым. Ойлана келе, бастап та кеттік» дейді Мұрат Сатыбалдыұлы бізбен әңгімесінде. Алғашқы кезде азық-түлік тасымалы, көтерме сауда секілді шағын бизнестен бастау алған берекелі іс бүгінгі күні қанатын кеңге жайған сан салалы кәсіпорындағы қайнаған тірлікке ұласты.

Әкесі өмірден өткен шақта соңында қалған сегіз баланың бас көтерері, 33 жасында жесірліктің ауыр кебін киген анасы Қоңырдың сүйеніші де осы тұңғышы Мұрат болатын. «Жетім» деген сөзді жұбату емес, мүсіркеу деп түсінген намысшыл ұл «қалай да оқимын, қалай да өзгелерден кем түспеймін» деген мақсатпен күн кешті. Бүгінгідей жетістікке жетуінің бір тетігі осы қайсарлығының да жемісі болса керек.

Атырау қаласын айтпағанда, Қызылқоға, Индер, Махамбет аудандарындағы кәсіпкерлік нысандары, мал, егін шаруашылықтары бұл күнде жергілікті жандардың нәпақасын табар табыс көзіне айналып отыр.

«Кейбір жігіттерге қарасам, қарным ашады…»

Қай-қай істің де басы-қасында өзі жүретінінен хабардар болған соң, «Мамандар мәселесі қалай шешілуде? Өз ісін тиісті дәрежеде атқаратын қызметкерлеріңіз жоқ болғаны ма?» дейміз біз. «Олай емес. Табиғатымнан сондаймын. Таң ата салысымен тұрып, бүгінгі күнімді жоспарлау, атқарылар ісімді бағамдау – үйреншікті дағдыға айналғалы қашан? Мамандарым бар, жеткілікті. Осы тұста айта кетер бір мәселе бар. Негізі қазақ десе өзімізге тиеді. Менде мал бағатын адам тапшы. Ауылдағылар бұл жұмысқа құлықсыз.

Елге барған бір сәтімде көшелердің әр жеріне жиылып, темекі тартып топтасып отырған орта жастағы тепсе темір үзетін жігіттерді көріп, «Бұларың не?» десем, «Ақылы қызметте жүрміз» дейді. Талдарды күтіп-баптау, суару, көше жинау тәрізді жұмыстар жігітке тән бе еді? «Жүріңдер, құдық қазып, мал қырқуға. Ақыларыңды төлеймін» десем, әлгілердің ішінен тек екі-үшеуі ғана соңымнан ерді. Сонда олар жұмыссыздық бөлімінен төленетін азын-аулақ ақшаны місе тұтып, отбасын асырап отыр. Осыны көріп қарным ашты. Қырлыққа барып, мал бағуға да олардың қыры жоқ. Амалсыз, арзан еңбек күші саналатын көрші ел азаматтарын жалдауға мәжбүрміз.

Айтылған мәселені оңтайлы шешуде құзырлы орындармен бірлесіп, кәсіпкер, жұмыссыздық бөлімі және ауыл шаруашылығы арасында өзара келісім жасасу біраз мәселенің шешімін табуға септеседі. Бұл – біраздан бері менің тарапымнан айтылып келе жатқан ұсыныстардың бірі» дейді ол.

«Оң қолыңның бергенін сол қолың білмесін»

Жігіттің мәрттігі – өзгеге үлгі боларлық асыл қасиеттерінің бірі. Мұрат Сатыбалдыұлының есімі ел арасында кәсіпкер ретінде қалай аталса, меценат, жомарт жан ретінде де дәл солай қадірлі. Осы жайттар турасында сұрап едік, «Негізі, жариялылыққа қаспын. Қазақта «оң қолыңның бергенін сол қолың білмесін» деген бар емес пе?! Мен жүрек қалауыммен қай іске қолдау көрсетуім керек деп тапсам, соған араласамын. Өткен жылдары тұрмысы төмен отбасыларды қамқорлығыма алғаным кең көлемде жария болып, тарап кетті. Бұған әуелгі баста «мен жалпақ жұртқа жария қылу үшін жасаған жоқпын ғой» деп шамданып қалғаным рас. Кейін ойлана келе өзге кәсіпкерлерге де бұл түрткі болуы мүмкін-ау деген тоқтамға келдім» дейді ол.

11 миллион теңге. Бұл – бір жыл ішінде кейіпкеріміздің қайырымдылыққа жұмсаған қаржысы. «Негізі бұл салаға жұмсалатын ақшаның есебін ешқашан жүргізіп көрмеппін. Әкімдіктен белгілі бір мәселеге орай сұраныс жіберген сәтте құжаттарды көтеріп, бір жылдық есепті шығаруға тура келді. Сонда осындай сома шықты» дейді Мұрат Сатыбалдыұлы қашан да қарапайымдылығынан таймаған күйі.

«Таяудағы Елбасының «Рухани жаңғыру» тақырыбындағы жазбасы – баршаға қатысы бар, аса мәні жоғары мақала. Онда айтылған барлық тармақ, тіпті сөйлеммен толықтай келісуге негіз бар. Жалпы, кәсіпкерлік – облыстың іргелі салаларының бірі. Ал, осы топтағы жандар –  мүмкіндіктері мол,  ұлтжанды азаматтар. Себебі, тәуекелі мол бұл сала жүректі, рухты болуды қажет етеді  деген кәсіпкер – аталмыш бағыттағы ісімен де көпке үлгі. Туған өңірі Қызылқоға ауданының аумағындағы күре жолдар тұсына аудан өмірінен сыр шертетін мүсіндер орнатуы – елге деген жанашырлығының жарқын үлгісі іспеттес. Сол секілді ауыл жақта қандай болмасын, бір шара өтетіні туралы естісімен-ақ, ел жаққа елеңдеп, сол іске демеушілік танытумен қатар, жоғары деңгейде өтуіне атсалысатын ұйымдастырушылық қабілетіне де ел-жұрт тәнті. Ұлттық ат спорты десе делебесі қозып, облыстың қай түкпіріндегі болса да  бәйге, жарыстардың төрінен орын алатыны да патриотизмнің жарқын үлгісі емес пе?!

Өнегелі бол, ұрпағым!

«Мен жұмыс бабымен елді көп аралаймын. Сол сәттерде батыр Бауыржан ауылының озық ісін көпке үлгі етумен келемін. Олар жол бойына билбордтар орнатып, оған батырдың рух беретін қанатты сөздерін жазып қойған. Мен де өзімнен кейінгі кәсіпкерлік саласында жүрген ауылдас інілеріме ұдайы айтамын: «Қызылқоға – шалғай аудан болғанымен, біраз істер атқарылып отырған аймақ. Ауыл ажарын келтіруге көп күш қажет емес, шағын тақтайша, не билборд жасат та, өз кәсібің туралы мәліметтерді көрнекті етіп жазып, ауыл тұсындағы күре жол бойына орналастыр. Болды. Жолмен жүрген адам бұл өңірдегі жұмыстардан мағлұмат алып, көзімен көргенін есте ұзақ сақтайтын болады». Бұл үрдіс өскелең ұрпақ үшін де маңызды. Себебі, бүгінгінің балалары кімді үлгі тұтарын білмей, дал болуда. Ғарышкер, инженерлердің заманы бізбен бірге өтіп кетті. Ендігі жерде  көзі тірі, үлгі боларлық жандарды дәріптеуді жандандырсақ, ұтарымыз көп болар еді» дейді кейіпкеріміз.

P.S.  Кейіпкеріміздің жан-дүниесі – өте нәзік, жүрегі кең. Олай деуге себеп те жоқ емес. Дәулетіне сәулеті келіскен осы үйдің қақпасынан енген сәттен-ақ құдды өзге әлемге тап болғандай күй кешесің. Әйтпегенде ше! Неше түрлі жеміс ағаштары, әдемі, сәнді талдар жанға сая, көңілге көктем ұялатады. Ал, гүлдер ше! Көздің жауын алардай. Арасында Ресей мен Өзбекстаннан арнайы алдырғандары да бар. Тіпті, зәулім үйдің сыртындағы алыстан көрінетін қазақы ою-өрнек те шаңырақ иесінің биік талғамын, қазақы қалыбын айқын аңғартқандай.

Міне, берекелі істің басы-қасында жүрген жомарт жан Мұрат Сармановтың бір қыры осындай. Туған жерге туын тігіп, ел мерейі, ауыл ажарының айшықты бола түсуі үшін жанын салып қызмет етіп жүрген оған біз де толайым табыстар тіледік.          

Гүлжан ТАСБОЛАТҚЫЗЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button