Ұлттық мақтаныш
1992 жылдың 4 маусымында Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Әнұран қабылданып, бұл Тәуелсіздік алғаннан кейiн алты ай iшiнде мақұлданды. Мемлекеттік рәміздерді қастерлеу және құрметтеу – болашақ ұрпаққа даруы тиіс дәстүр.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің қабылданғанына 26 жыл толуына орай салтанатты шара кеше Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында өтті. Оған облыс пен қала басшылығы, департаменттер мен басқармалар, мекемелер мен кәсіпорындар жетекшілері, қоғамдық ұйымдар мен қала жұртшылығының өкілдері, ардагерлер қатысты.
Жиынға қатысушыларды облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев құттықтады.
– «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай: «Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа деген үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер». Көк Ту астында берекелі бірлігіміз бен тату тірлігіміз, Гимніміз бен жетістігіміз дүниежүзіне танылуда. Тәуелсіз Қазақстанның Көк Туы өзімен тілектес, экономикалық және достық қарым-қатынас орнатқан көптеген шет елдерде желбіреп тұр. Көк байрағымыз Елбасымыздың шетелдерге ресми сапары барысында, спортшыларымыздың әлемдік спорттық додаларда олжа салып, жеңістің ең биік шыңын бағындырған сәтінде көтеріледі, — деді облыс әкімінің орынбасары.
Бұдан соң әр саланың өкілдері мен жекелеген ұжымдар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Мемлекеттік рәміздер күні мерекесіне арналған салтанатты шара өнер шеберлерінің концертіне ұласты.
Бақытжан ЖҰМАТ