Атырау облысында 119 апатты үй бар

g2txnhcz Қоғам

Апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлер мәселесі, өкінішке қарай, жылдан жылға қиындап келеді. Бұл мәселе еліміздің басым аумағында күн тәртібінен түспей тұр. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметтеріне сәйкес, республика бойынша жалпы тұрғын үй қорындағы көп пәтерлі үй саны – 54731, оның 752-сі немесе 1,4% – апатты, 3024-і (5,5%) – тозығы жеткен. Ал, Атырау облысында бүгінде шамамен 119 апатты үй бар, оның бір бөлігі Индер, Махамбет, Мақат және Құрманғазы аудандарында.

Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов республика ПремьерМинистрі Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады.

«Өңірдегі сайлауалды жұмысымыз барысында осындай бірнеше үйді араладық. Олардың іші ылғалдан көгеріп, қабырғалары мен төбесі жарылып кеткен, кейбірінің төбесінен су ағып тұр. Үйге кірудің өзі қорқынышты. Тұрғындар пәтердің ішін өз күшімен жөндесе де, коммуникацияларды жаңартуға көп қаржы керек. Соның салдарынан қыста суық, жыл бойы антисанитарлық жағдай ғана емес, тұрғындардың да денсаулықтарына қауіп төніп тұр. Мұндай пәтерлерде әдетте зейнеткерлер, аз қамтылған адамдар тұрады. Олар үшін жағдайларын жақсартудың жалғыз үміті – мемлекеттің көмегі», – делінген депутаттық сауалда.

Мұндай проблема тек өңірлерде емес, Астанада да бар екен. Бас қалада сараптамалар мен техникалық зерттеу нәтижелері бойынша 206 үй апатты деп танылып, бұзуға жатқызылған. Барлығы да 1940-1980 жылдар аралығында салынған негізгі құрылысы мен инженерлік жүйесі әбден тозған барак типтес, көп қабатты үйлер мен жатақханалар. Ол үйлерде одан әрі тұру тұрғындардың өміріне өте қауіпті. Қазақстан Республикасы Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында бұл мәселеге ерекше назар аударылған. «АМАNАТ» партиясы да бұл мәселемен бірнеше жылдан бері айналысып келеді.

Депутат Д.Тұрғановтың айтуынша, 2021 жылы өңірлерде тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасы бекітілген, онда іске асыру тетігі мен өлшемдері, оның ішінде жөндеуге жататын нысандардағы тұрғын үй иелеріне шығынды өтеу тәртібі мен шарттары белгіленген. Қазір бұл – «Халықпен бірге!» атты партияның ағымдағы бағдарламасындағы негізгі бағыттардың бірі, оған сәйкес 30 мыңға жуық тозығы жеткен және апатты жағдайдағы үйлердің иелері жаңа пәтерлерге көшуге мүмкіндік алуға тиіс. Дүйсенбай Нұрбайұлының анықтаған мәліметі бойынша, 2022 жылдың соңында «Атырау қаласының тұрғын үй қорын жаңартудың 2022-2026 жылдарға арналған бағдарламасы» әзірленген. Бұл бағдарламаға апатты 82 үйден бөлек, қаладағы тағы 155 тозығы жеткен үй кіреді екен. Ал, Астана қаласында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі №736 қаулысымен бекітілген (бұрынғы «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының 5.4.4 тармағы) тұрғын үйкоммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес апатты жағдайдағы тұрғын үйлерді бұзу бөлігінде тұрғын үйлерді жаңарту жобасы жүзеге асырылуда. Осыған байланысты, биыл 31 қаңтарда өткен «Астана қаласын дамыту мәселелері жөніндегі» кеңесте мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Кемелұлы елорда әкімдігіне Үкіметпен бірлесіп, апатты үйлерді жаңарту және жаңғырту бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.

Қаржыландыру мәселесі толық шешілмегендіктен, оны жүзеге асыру мерзімі тым ұзаққа созылып жатыр. Тұрғын үй қорының ескіруі табиғи және кері айналмайтын процесс, бағдарламалардың жүзеге асырылуына қарамастан, шұғыл шаралар қабылданбаса, тұрғын үй қоры жылдан жылға апатты және тозығы жеткен үйлермен көбейе береді. Жергілікті атқарушы органдар қазіргі жағдайды өзгертуге қолдан келгенше ықпал етуде. Бүгінгі таңда тұрғын үй қорын жаңғырту жобаларын қаржыландыру жергілікті бюджет, жеке инвестициялар, оның ішінде мемлекеттікжекеменшік серіктестік тетіктері арқылы, екінші деңгейдегі банктердің несиелерін тарту, квази мемлекеттік секто  субъектілерінің қаражатын тарту арқылы жүзеге асырылады. Дегенмен, Мәжіліс депутатының пікірінше, өмірлік тәжірибе бұл мәселені шешу үшін жоғарыда аталған қаржы көздері жеткіліксіз екенін көрсетті. Өйткені, бұл жобаларды жүзеге асыру үшін тек жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражат жеткіліксіз, сондықтан оны республикалық бюджеттен де қарастыру керек.

«Мысалы, Атырау облысындағы апатты үйлердің тұрғындарын көшіру мәселесін шешу үшін шамамен 3 4 миллиард теңге қажет. Одан бөлек, Астана қаласы бойынша 115 млрд. теңге, тұрғын үйді инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге қосымша 117 млрд. теңге керек. Бірақ, Қаржы министрлігі республикалық бюджеттен қаржы бөлуді қолдамай отыр», – дейді депутат Үкімет басшысына жолдаған сауалында.

Енді Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов тұрғын үйді жаңарту мен жаңғыртудың әлеуметтік бағытын ескере отырып, кейбір мәселелерді шұғыл шешкен жөн деп санайды. Атап айтқанда:

1. Апатты және тозығы жеткен үйлердің тұрғындарын көшіру үшін тұрғын үй құрылысына республикалық бюджеттен қаржы бөлу мәселесін қарастыру;

2. «Отбасы Банкі» арқылы несиелік тұрғын үйді қаржыландыру үлгісі бойынша, тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үшін облигациялар шығаруды ұйымдастыру;

3. Жалғыз баспанасы апатты деп танылған тұрғындардың өздеріне коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген баспананы жекешелендіре алмайтынын ескере отырып, осы санаттағы азаматтар үшін тұрғын үйді жекешелендіру құқығын беру. Әрине, Мәжіліс депутаты Д.Тұрғанов көтерген мәселе әлеуметтік санатқа жатса да, көптен бері түйіні шешілмей келе жатыр. Республика Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бұл тақырыптағы проблемаларға аса мән беретінін ескерсек, Үкімет басшысы Әлихан Смайылов та мұның маңыздылығына мән берер деген ойдамыз.

А.САНСЫЗБАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз