Ұлттық банк – мобильдік қосымшада
ҚР Ұлттық банкінің онлайн мобильдік қосымшасында жаңа бөлім іске қосылды. Енді жұртшылық «Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау» бағыты бойынша сауалға жауап ала алады. Сондай-ақ, екінші деңгейлі банктер, сақтандыру ұйымдары, зейнетақы қорлары, бағалы қағаздар нарқы жөнінде кеңінен түсініктемелер берілетін болды. Бұл туралы бізге аталған мекеменің баспасөз қызметі хабарлады.
Жалпы, бас қаржы ұйымының онлайн қосымшасы қоғамдық қабылдаудың мобильдік нұсқасы болып табылады. Яғни, көкейдегі сауалға жауап алу үшін кезек күтіп, банкке келудің қажеті жоқ. Үйде отырып-ақ қолыңыздағы смартфоныңыздан сұрақ жолдауға мүмкіндік бар. Тек құпия мәліметтерді ғана жазбаша қойған дұрыс. Ол аймақтарда банк филиалдарында жүзеге асырылатыны белгілі.
Айта кетелік, қаржы ұйымының онлайн түрде «банкноттар мен монеталар», «ипотекалық несиелер», «айырбастау операциялары», «төлемдер», «банкоматтардың жұмысы» бөлімдері қызмет көрсетуде. Жалпы, аталған қызмет түрлері өткен жылы іске қосылған.
Бұл қосымшаның пайдаланушылары алғашқылардың бірі болып қор нарығындағы (KASE-дегі) сауда-саттық нәтижелері, валюталар бағамдары туралы ақпараттарды және Ұлттық банктің басқа да жаңалықтарын оқи алады.
Мобильдік нұсқаны «AppStore» және «PlayMarket» «дүкендерінен» мемлекеттік және орыс тілдерінде жүктей аласыз.
Айбөпе САБЫРОВА.