Ұлт пен рух
Отаншылдық жайлы ой
«Жайықты келіп алғаны,
Жағаға қолды салғаны,
Еділді келіп алғаны,
Етекке қолды салғаны,
Ойылды келіп алғаны,
Ойындағысы болғаны», — деп күңіренген еді ғой Мұрат Мөңкеұлы. Замана зарын одан басқа да жүрегі қан жылай жырлағандар аз емес. Ғасырлар бойы аңсап күткен азаттықтың асқақ рухын, оның соншалықты тар жол, тайғақ кешулермен келгенін сезіну үшін де сол тарих тағылымдарын терең зерделей білуіміз аса қажет.
«Мың өліп, мың тірілген» (Жұбан ақын) Қазақтың бағы жиырмасыншы ғасырдың соңғы онжылдығында ғана жанып, Тәуелсіздік тұғырына Ту байлап, Елтаңба қадады. Енді бәрін де жаңаша, бәрін де тыңнан бастау міндеті күн тәртібіне қойылды. Өйткені, кеңестік қиранды құрылымнан мұра болып, тек қана кетеуі кеткен экономика, кенеуі кеткен тұрмыстық проблемалар ғана қалған жоқ. Сағы сынған сана, жүнжіген рух қалды. Соны көтеру бәрінен де қымбат еді.
Бірде «көшпенді», бірде «көшпелі» деп тәжікеге түскен тарихи терминнің өзіне де енді тереңдеу үңілуге тура келді: Сөйтсек, біз қазақтың кең даласында, өзімізде ғана көшіп-қонып жүріппіз. Өз жерімізде, өз елімізде! Ендеше, «біз – көшпенді халықтың ұрпағымыз» деген таптаурын тіркесті жаңа ғасырдың жаңаша көзқарасы тұрғысынан таразыласақ, біз – әбден отырықшы елміз!
Жер көлемі жағынан дүние жүзі бойынша тоғыздыққа табан тіреген Қазақстан «көшпелі» деген көшіп жүрген ұғымды отырықшылықпен түйіндеп, «Тәуелсіз Қазақ елі» деген мәртебелі атақты бұдан аттай жиырма бес жыл бұрын күллі адамзаттың санасына құйды. Дүниенің төрткүл бұрышын жайлаған жұрт енді Қазақстанға қарай өкшесін жиі көтеретін болды.
«Қазақтың сана-сезімі өткендегі, қазіргі және болашақтағы тарихтың толқынында өзінің ұлттық «мен» дегізерлік қасиетін түсінуге тұңғыш рет енді ғана мүмкіндік алып отыр. Бірақ, бұл мүмкіндік қана, ол шындық, тек қазақтардың ғана емес, барлық қазақстандықтардың жаппай санасына орныққан фактіге айналуы қажет» деп өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында жазғанындай, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев халықтың өзін-өзі тануы арқылы өзін өзгеге танытуы мәселесін мемлекеттік тұрғыда көтерді. Ол әлдекімдер алыс-жақыннан сұқ қадап, егемен елдің ертеңіне күдікпен қараған сол тұста «біздің де тарихымыз тереңде, өткеніміз өнегелі, өркеніміз өміршең» деген өршіл қағида ұстанып, тарихтың тағылымды сабағын қайыра оқып, қанаттана сілкінуге шақырды. Тәуелсіздіктің таңсәрісінде-ақ жас мемлекеттің болашақ рухани тұғырын ойлап, «Ұлттық татулық жылынан» кейін «Халық бірлігі және ұлттық тарих жылын» жариялады. Бұл шын мәнінде кең ойлап, кемел зерделенген қадам болды. Бұл игі жемісін берді, бергенін дүйім ел көрді.
Әрине, өткен жиырма бес жыл мемлекеттің нарықты экономика жолында жедел де, қарышты қалыптасуының ерекше үлгісі болғанына күмән жоқ. Елбасымыз жүргізіп келе жатқан сындарлы саясаттың арқасында еліміздің еңбек ендіктері мен береке бойлықтарында қызу еңбек қайнады. Соның өн бойында мемлекет халықтың рухани әлемінің кенжелеп қалмауына зор көңіл бөлді. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев мұны өзінің жыл сайынғы халыққа Жолдауларында да, ұзақ мерзімдік бағдарламаларында да ұдайы басты назарда ұстап келеді.
Міне, «Қазақстан-2050» стратегиясы – жалпыұлттық, бүкілхалықтық, мемлекеттік бағдарлама. Онда тарихи Қазақстан халқының күллі тағдыры, Отанымыздың мерейі мен мәртебесі жолындағы парасатты пайымдар, алғы күнге ұлы мақсаттар қойған азаматтық өре, ең бастысы, көшбасшылық кемел болжам бар. Соның ішінде өзіміз сөз етіп отырған еліміздің руханият әлемінің бүгіні мен ертеңі де тұжырымды зерделенген. Бұл іс жүзінде айқын көрініс те тауып жатыр: Тәуелсіздіктің жемісті жиырма үш жылы ішінде Қазақстанда бірнеше ондаған театр мен кино-концерт залдары, мәдениет ошақтары мен клубтар, кітапханалар мен оқу залдары, ғылыми-зерттеу институттарының ғимараттары, шығармашылық одақтардың үйлері мен өнер жайлары, демалыс орындары мен шипажайлар, жастар мен балалардың дарыны мен талантын ұштайтын орталықтар, стадиондар мен спорт алаңдары салынды. Әсем Астанамыздағы «Тәуелсіздік Сарайы», «Бейбітшілік және рухани келісім Сарайы», «Қазақстан» атты кино-концерт залы, Жастар сарайы, Спорт аренасы, Опера театры және басқа да адамның рухани әлеуетін арттыратын нысандар қанатын кеңге жайып келеді.
«Экономикамыз нығайса, өнер мекемелерін көптеп салуға мүмкіндік болады» деп Елбасымыз орынды айтқандай, Азиада ойындары өткен осы екі қаладағы спорт орындары да – экономикамыздың өсімі мен тұрақтылығының тікелей көрінісі. «Әуелі экономика, сосын саясат» деген тұжырым туған халқының тұрмыстық деңгейін жаңа, заманауи сатыға көтергенін мемлекет Басшысы енді ризашылық сезіммен айтады. Оны айтасыз, тіпті тәуелсіздіктің алғашқы ауыр да күрделі жылдарында, экономикалық дағдарыс дендеп, қазанның түбі көрініп, жоқтық пен қатшылық қабырғадан қысып тұрған кездің өзінде Президентіміз тәуекел қадамға барып, еліміздің мәдени-рухани күйзелісіне барынша тосқауыл қойды. Халықтар достығын орнықтырып, ұлтаралық татулықты қалыптастырып, өзара сыйластық пен ынтымақты ту етіп көтеріп, осының арқасында жұртымыздың мәдени-рухани ахуалын сауықтырудың батыл бастамасын жасады. Бұл, әрине, қазір айтуға ғана оңай. Әйтпесе, сананы тұрмыс билеп, жоқтық қос өкпеден қысқанда, мәдениеттің мәселесін ойлап, маңызды қадам жасау ерлік емей немене?!
Ұлттың рухани әлемі. Бұл – аса маңызды мәселе. Рухани азаттық дегеніміз – қоғам дамуының ең басты өлшемі, ең басты қайнар көзі. Санаң азат болмай, өзің толық азат бола алмайсың. Рухың жаңармай, жаңа заманға ілесе алмайсың. Рухың қайсар болмай, ұлттың ұлы дәстүрлерін жалғастыра алмайсың. Ұлттың рухани әлемін қалыптастыру саясаты – ел тәуелсіздігін тұғырлы да, мәңгілік етудің бірден-бір кепілі.
Арқалы ақын Қасым Аманжоловтың:
О, дариға, алтын бесік туған жер,
Қадіріңді келсем білмей, кеше гөр.
Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей,
Ақын болмай, тасың болсам мен егер, — деген өлең жолдарын оқығанда Тәуелсіздіктің бағасын біле түсесің. Отаншыл отты сезім алпыс екі тамырыңды иітіп, көгілдір көкпен астасып, алып таулармен бастасып жатқан ұлы далаңа қарап, өзіңді шексіз бақытты сезінесің. Бұл бақыттың алтын тамыры Азаттықта жатыр. Аңсап күткен азаттық. Рухани әлемі бай, жан-дүниесі таза адам ғана оны шынайы сезіне алады, оны баянды етуге жанын салады.
Бірлікті байыптаған бәйіт
Тәуелсіздіктің көк байрағын желбіреткен ширек ғасырда Қазақ елі ынтымақ пен бірліктің феноменіне айналды. «Біздің баға жетпес байлығымыз – бірлігіміз. Татулық – тұрақтылықтың ең басты тұғыры. Ал, тұрақтылық – ұдайы дамудың бірден-бір кепілі» деген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жүгінсек, қоғамдық келісімнің бақуатты тұрмысқа бастайтын баламасыз жол екенін, сондықтан да, оның айрықша маңыздылығын жан-жүрегімізбен түйсінеміз.
…Тәуелсіздігімізді жаhанға жар сала әйгілеп, егемен ел екенімізді жариялағанымызға бірнеше жыл ғана болған, әлі кеңестік империядан мұраға қалған күйреген экономиканы жолға қоюмен арпалысып жатқан 1995 жылдың көктемінде Елбасымыз Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қойған болатын.
— Мен елімнің Президенті ретінде қоғамдық тұрақтылықты және ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуді өзімнің басты міндетім деп санаймын. Бірлік аспаннан өзі келіп түспейді, тек қарқынды жұмыс арқылы ғана келеді. Мен кең-байтақ жерімізде татулық пен тыныштық болғанын тілеймін. Мұның, ең алдымен, миллиондаған қазақстандық отбасына керек екенін еске аламын. Мен қайғыдан шашы ағарған аналардың балаларын жоқтамағанын, сәбилердің мүгедек болмауын, қарт адамдардың күйреген үйлерінің алдында қасірет шегіп, жыламағанын қалаймын, — деген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде-ақ бұл жаңа құрылымның қоғамдағы рөлі мен басты мақсаты, қызметінің негізгі контурлары анық көрініс тапты.
Міне, содан бері сынаптай сырғып тарихи оқиғаларға толы 21 жыл өтті. Ассамблеяның тарихы – осы уақыт бедеріндегі Қазақ елінің тарихы. Бұл кезеңде этносаралық қатынастарды реттеудің толық заңнамалық базасы құрылды. Ассамблеяға конституциялық орган мәртебесі беріліп, ол Парламент Мәжілісіне 9 депутат сайлау құқығына ие болды. «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» арнайы Заң қабылданды. Бүкіл ел болып талқылаған «Ел бірлігі доктринасы» өмірге келді. Ал, «Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы» ел бірлігін нығайтудың стратегиялық бағытын нақтылай түсті.
Елімізде 820 этномәдени бірлестік жұмыс істесе, олардың құрамында 67 мыңнан астам адам бірлік пен ынтымақтастықты дамыту жолында белсенді қызмет атқаруда. Біздің облысымызда да 17 этномәдени бірлестік бар. Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Еркін Қадырғалиевтың мәліметінше, қазір мұнайлы өңіріміз тұрғындарының 91 пайызы – қазақтар болса, 33,6 мың орыс, 2,9 мың корей, 2,3 мың татар, 1,1 мың өзбек бар. Қалған ұлт пен ұлыстар саны мыңға жетпейді. Қалың қазақ шоғырланған облысымызда өзге диаспора өкілдеріне деген құрмет пен шынайы бауырластық ахуал қалыптасқан. Атырауда олар бас қосатын арнайы «Достық үйі» ашылған.
Халқымызда мынадай бір тамаша тәмсіл бар: «Бақ, қайда барасың?» десе, «Ынтымаққа барамын» дейді екен. Біздің ширек ғасырдағы қол жеткізген жарқын жетістіктеріміздің бәрі де –осындай ынтымақ-бірлігіміздің бақ-берекеге бастағандығының жемісі. Осы тұрғыдан алғанда, біздің этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделі шет мемлекеттерге де үлгі болып отыр. Қазақ елінің бұл бағыттағы тәжірибесі Еуразиялық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше 56 мемлекеттің тіліне аударылып, Қазақстанның барлық елдердегі елшіліктеріне таратылғандығы –осының айқын айғағы.
Тарихымыз туралы тәмсіл
Былтыр ғана Қазақ хандығының 550 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Бәзбіреулер Қазақ елінің мемлекеттілігі тым әріде жатқандығына күмән келтіріп, ауыздарына келгенін көкіп жүргенде, батыл түрде ғасырлар қойнауындағы көне тарихты қайта жаңғыртуға шешім қабылданғаны ұлттық рухымызды ерекше көтеретін тағылымды бастама болды.
Бұрынғы «Қазақстан тарихы» оқулығының өзі қандай жұқа болса, ішкі мазмұны да кеңестік саясаттың сүзгісінен өткендіктен тым тайыз болғанын баршамыз да білеміз. Алайда, атамекенінде азаттық туын көтеріп, дербес іргелі хандық құрған қазақ халқының талайлы тағдыры маңдайына жазған тар жол, тайғақ кешулері хақында от жүректі, патриот тарихшылардың там-тұмдап жазып қалатын, көнекөздердің там-тұмдап айтып қалатын шежірелерінен сана саңылауына ғасырлар қойнауының әлдебір күмбірлері жетіп жататын. Содан-ақ біз тарихымыздың тым әріде жатқандығын жүрегімізбен сезінетінбіз.
Кезінде тарихшы Талас Омарбеков жазған мынадай жолдарды қойын дәптеріме түртіп қойған екенмін. «Біздің тарих –күрмеуге келмейтін қысқа тарих емес, түп тамыры мыңдаған жылдарға кететін күрделі тарих. Көп томдық қазақ мемлекеттілігінің тарихын жазатын кез болды. Оның түп қазығы Қазақ хандығы болуы тиіс. Ал, бастауы сонау ғұн, қаңлы, үйсін және басқа тайпалар болғаны жөн. Мәселен, 100 кітаптан тұратын қазақ мемлекеттілігінің тарихын неге жазбасқа? Бізде осыншама томға жүк болатын тарих бар» деген екен Талас тарихшы.
Ал, саяси ғылымдар докторы, профессор Сейілбек Мұсатаев та:
— Қазақстан тарихының жаңа көп томдығын жазатын кез келді. Мәселе ол қалай жазылады, сонда. Ешкімге жалтақтамай, ашық, әділетті түрде тасқа басылуы тиіс. Біз ешкімге көз алартып, жер даулап отырған жоқпыз. Мұндағы айтпағым – қазақтың жері бүгінгі шекарамен шегенделіп қалмаған. Қазіргіден әлдеқайда кең болды. Бұл – шындық, бұл – тарих. Ешкім жоққа шығара алмайды. Тіпті, шекара сызығы бекітілген тұста, талай қазақ жері сыртта қалғанын, ол жерде өмір сүріп жатқандар ешқандай да оралмандар емес, өз ата-бабаларының мекенінде тірлік жасап жатқандарын да баса көрсеткен жөн. Бұл жас ұрпаққа керек. Олар сырттағы қазақты «оралман» деп түсінбеуі үшін! – деп бұл мәселеге байланысты ой-ұстанымын қабырғасынан қойды.
Шынында да, дәл солай. Алысқа бармай-ақ, біздің облысымыздың іргесіндегі шекаралас елді мекендердің көпшілігі – біздің ата-бабаларымыздың жайлаған атақонысы. Өлкетанушы-ғалым, жазушы Өмірзақ Қажымғалиевтың «Нарынға Бөкей бастап өтіп еді» атты зерттеу мақаласында («Атырау» газеті, №141, 9.XII, 2014 ж.) бұл туралы жан-жақты баяндалады. Тіпті, сол Бөкей ханның зиратының өзі Ресеймен екі арадағы шекарадан өтсең-ақ қол созым жерде көрініп тұр, яғни қазақтың зиялы бір ханы қазір өзге елдің аумағында мәңгіге тыныстап жатыр. Егер сол аймақ бұрын қазақтікі болмаса, Бөкей ханды ел-жұрты әдейі орыстың топырағына апарып жерлемеген шығар. Немесе бұрын Қазақстанның астанасы болған Орынбор ше?..
Бір замандарда Алтын Орданың астанасы болған, Ұлы Жібек жолының бойындағы ең ірі шаhарлардың бірі – Сарайшықта қазба жұмыстарын жүргізген археолог-ғалым, тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев қазақтың тарихын қытайлар тарихының басталу кезеңімен тұстас қарастыру керектігін айтады. «Біз өз тарихымызды қола, ерте темір, орта ғасырлар дәуірі сынды кезеңдерге бөліп жазатын болсақ, қытайлар өз тарихын әртүрлі династияларға бөліп жазады. Көнелері Шань, Инь, т.б. болып басталады да, Цинь, Хань, Тан, Юань деп тізбектеліп кете береді. Египетте де тарихты жіктеу осы принциппен жасалған» дейді ол.
Сөз жоқ, ғалымның осынау пікірінде бұлтартпастай қисын бар. Яғни, тарихты өзімізге тән жаңаша зерделеудің тұжырымдамасын нақты анықтап алуымыз қажет. Осы тұрғыдан алғанда, бізде ежелден қалыптасқан қазақ шежіресі бар, тек оны жинақтай, жүйелей білу керек. Әр өңірдің сондай шежіресінен, ханы бар, батыры бар, халқының тіршілік ету ерекшелігі бар тарихынан бөлек-бөлек нақты зерттеулер жасалса, соның бәрі тұтас Қазақ елінің тарихын құрар еді. Сондай жағдайда ғана былтыр біз Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтсек, 2017 жылы Түрік қағандығының 1465 жылдығы, 2024 жылы Алтын Орда мемлекетінің 800 жылдығы сынды айтулы даталарды да назардан қағыс қалдырмас едік. Мұның өзі – біздің тарихымыздың тым әріде жатқандығының бұлтартпас дәлелі.
Түйіндеп айтқанда, Қазақ елінің мемлекеттілігін айқындап, саналарда жаңғыртатын мағыналы да, тағылымды үлкен шаруадан біздің атыраулық өлкетанушы, тарихшыларымыз да сырт қалмауы тиіс. Олардың ойлы да, жүйелі зерттеулеріне кейінгі буын сусап отыр. Өйткені, өткенін білмеген, оны әділетті де, салиқалы саралай алмаған ұрпақ болашаққа да айқын бағдар ұстай алмайды.
Исатай Балмағамбетов
Керемет жазылған екен