ҰЛТ КӨШБАСШЫСЫ СҮЙЕТІН СПОРТ
Айта кетсек, өткен жылы да аталмыш мерекеге орай Атырау облысының әкімі, республикалық үстел теннисі федерациясының президенті Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қолдауымен мұнайлы өлкеде үлкен дода өткен болатын. Бірақ, бұл жарыс республикалық деңгейде ғана ұйымдастырылып, еліміздің әр өңірінен спортшылар сынға түскен еді. Ал, осы жолы жарыстың ауқымы кеңейіп, отандастарымызбен (астаналық, ақтөбелік, қостанайлық, алматылық, атыраулық теннисшілермен, — ред.) қоса, Татарстан, Башқұртстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдері мен Ресейдің Мәскеу, Орынбор, Самара қалалары командалары кубок үшін сынға түсті.
Турнирдің ашылу салтанатына облыс басшысы, республикалық үстел теннисі федерациясының президенті Бақтықожа Ізмұхамбетов, вице-президенті Мәлік Бисалиев, облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұржан Ермұханов, университет ректоры Бейбіт Мамраев және тағы басқалар арнайы қатысып, мерекемен құттықтап, теннисшілерге сәттілік тіледі.
— Соңғы жылдары Қазақстан тек экономикасы өркендеген мемлекет ретінде ғана емес, сонымен қатар спорт саласындағы жетістіктерімен де күллі әлемге танылып келеді. Отандас спортшыларымыз әлемдік, халықаралық деңгейлердегі жарыстарда топ жарып, ел мәртебесін асыруда. Біздің барлық жетістігіміз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланысты. Мемлекет басшысының өзі бастап үлгі көрсетіп, үнемі спортпен шұғылданып жүреді. Салауатты өмір салтын ұстанады. Осындай қолдаудың арқасында үстел теннисі спорты елімізде қарқынды дамып келеді. Жарысты тиісті деңгейде өткізуге барлық жағдай жасалды деп ойлаймын. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, — деді аймақ басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы.
Үш күнге созылған турнир барысында теннисшілер екі бағытта мүмкіндіктерін саралады. Алдымен, командалық жарыстар өтіп, нәтижесінде Орынбор қаласының командасы жеңіс тұғырынан көрінді. Күміс жүлдені Татарстан Республикасының командасы еншілесе, қола жүлде мәскеуліктер үлесіне тиді. Ал, алматылық спортшылар IV орынды қанағат тұтты. Жекелей сында да орынборлық теннисші Кирилл Андриянов ешкімге жол бермей, мықтылығын тағы да дәлелдеді. Екінші орын мәскеулік Алексей Жуковқа бұйырса, қола жүлдені де орынборлық Евгений Регентов иемденді.
Турнирдің жабылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан бастаған топ жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттап, кубок, медаль, диплом және ақшалай сыйлықтарын табыстады. Жарыстың жалпы жүлде қоры 1 миллион 740 мың теңгені құрады.
— Қазақстан жас мемлекет болғанымен, дамыған елдер қатарында келеді. Жетістіктеріңіз туралы жиі естиміз. Мұндай үлкен деңгейде жарыс ұйымдастыру да спорт саласына деген оң көзқарасты білдіреді. Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз, — дейді жарыстың жеңімпаздары – орынборлық спортшылар.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.