Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайы

Құлсарыда үш батырға арналған ескерткіш бой көтерді

Жылыой ауданында туған жерін талай жаудың  басқыншылығынан қорғаған Төремұрат, Нарынбай, Өтен батырларға арналған еңселі ескерткіш тұрғызылды. Кәсіпкер меценат Мағауия Мерғалиевтің қаржысына бой көтерген үш батырдың бейнесін тәуелсіздік мерекесіне тамаша тарту деуге болады.

IMG_1490

Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар, атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі» деген болатын. XVIII ғасырда өмір сүрген  Төремұрат, Нарынбай, Өтен бабалар туралы ерлікке толы ел аузындағы әңгімелер де аңызға бергісіз. Туынды Құлсары қаласындағы аталған үш батыр атындағы көшелер қиылысатын айналма жолда орналасқан. Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, талантты мүсінші Серік Мәтениязов сомдаған ескерткіштің биіктігі – 13 метр. Бұған дейін талай туынды шығарған хас шебер бұл ескерткішті бір жылда жасап бітірген.

Қолындағы  егеулі найзасымен тас тұғырға орналасып, қасқая қарап тұрған батыр бабалар ескерткішінің салтанатты ашылуына аудан басшылары, ардагерлер мен депутаттар, аудан жұртшылығы қатысты.

– Бұл – аудан  халқы үшін үлкен тарту. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында бой көтерген ескерткіш «Біздің батыр бабаларымыз кімдер, олар қандай болған?» деген сауалға жауап беріп тұрғандай. Сондай-ақ, көпшілікке үлгі болатындай ізгілікті  іс. Осы идеяны жүзеге асырған аудан азаматтары Мақсым Шафихұлына, ескерткішті өз қаражатына салып берген кәсіпкер Мағауия Ақтөреұлына үлкен ризашылығымызды білдіреміз, — деді аудан әкімі Азамат Бекет.

IMG_5081

Бірнеше жыл ауданды басқарған, ардагер мұнайшы Мақсым Ізбасов мұның ұрпаққа өнеге боларлықтай іс екендігіне тоқталды.  «Туған жерін қорғаған, халқының сөзін сөйлеген, ұлтының қамын жеген батырларға ескерткіш орнатылып жатыр. Осы екерткіштің орнында бұрын тек үш найза тұрғандықтан, халық оның кімдердікі екенін жете білмейтін. Бұл Төремұрат, Нарынбай, Өтен аталарымызға қойылған белгі еді. Сол белгі, міне, алып ескерткішке айналып отыр.  Аталарымыз  туралы   ел білсе, бұл болашақ ұрпаққа да үлкен тәлім-тәрбие болар еді» деді ол.

Туған жеріне деген сүйіспеншілігін бабалар бейнесін жаңғырту арқылы ерекше туындымен көрсете білген Мағауия Мерғалиев  мұны өткен тарихқа деген құрметі деп біледі. «Үш батыр да – «елім», «жерім» деп қанын төккен жандар. Дегенмен, олар еленбей жүр еді. Біз өткен тарихымызды білмесек, оны ұрпаққа жеткізе алмасақ, қалай қазақ боламыз?  Міне, біздің негізгі мақсатымыз  – өсіп келе жатқан ұрпаққа өнеге көрсету. Бұл Атырау облысындағы ең биік ескерткіш болып есептеледі екен» деді меценат-кәсіпкер.

Бұған дейін мұқтаж жандарға талай жақсылық жасап, жомарттығымен танылған кәсіпкер Құлсарыда өз қаражатына «Айналайын» балабақшасын салып, елдің ризашылығына бөленген болатын.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА,

Жылыой  ауданы.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button