Құлсары ұлттық спорттың қазанын қайнатты (ФОТО)
Құлсары қаласының күніне орай ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылды. Солардың бірі – «Жеңіс» саябағында өткен қазақ күресінен кіл мықтылар сынға түсті.
Кілемге 14 балуан шығып, жеребе бойынша қарсыласын таңдады. Оларға қазақ күресінен жаттықтырушы Мейрам Лайбаев пен еркін күрес шебері Нұрлан Әлжановтар төрелік етті. Белдесу кезінде қатысушылар өз бойындағы күшін, әдісін түгел пайдалануға тырысып бақты. Ереже бойынша әр балуан қарсыласын шалу, жата тастау, арқалай тастау, қол байлап күресу, салмақпен басу, тіресу, аяқтың басымен іліп тастау, жамбасқа алып иіре лақтыру, белінен қысып, тірсектен шалу сияқты әдістерді қолданды. Нәтижесінде, 1-орынды Н.Майлашов, 2-орынды Б.Қоңқақов, 3-орынды М.Әбілдиевтер иеленді.
Жылыой аудандық денешынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырған тағы бір сайыс — асық ату болды. Қазақ халқының ежелгі әрі өте кең тараған ұлттық ойынының басты объектісі де, құралы да — асық. Соңғы жылдары ұмытыла бастаған бұл ойынның ережесін жасау бұл күні оңайға түскен жоқ. Өйткені асық ойынының бірнеше түрі бар және әр өңірде әрқалай ойнайды. Міне, осылардың бәрін бір ізге түсірген ұйымдастырушылар сол маңға жиналған балаларға ұлттық ойынды насихаттағандай болды. Балалар да асығы алшысынан түспей, ойынға беріле кіріскен жігіттерге таңдана қарайды. Сөйтіп, А.Бекенов жеңіске жетті, тиісінше екінші және үшінші орынды Б.Жұбаев пен С.Серікбаев бөлісті.
Орталық алаңға жиналғандарды ерекше қызықтырған тағы бір сайыс – қой көтеру жарысы болды. Жарыс шарты бойынша кез келген адам салмағы шамамен 40 келі тартатын семіз қойды көтеріп алып, отырып-тұруы керек. Негізгі күш бел мен аяққа түсетін бұл сынға шыдамай, сүрінгендер де табылды. Дегенмен, білекті жігіттердің ішінен Қуандық Қазиев топ жарып шықты.
Перизат ҚИЗАТОВА