Әлеуметтік желі талай отбасының шаңырағын ортасына түсірген
Адам өмірі түрлі жаңалыққа толы. Соның бірегейі — Интернет — әлеуметтік желі. Мұның құдіреттілігі сол, осы арқылы көпшілік жоғын іздейді, табады, бөліседі, қауышады…
Тіпті көпшілік арасында: «Мына пальтомды Интернетпен сатып алдым!», «Үйімізді Интернет арқылы ауыстырдық», «Біз Интернетпен танысып, шаңырақ көтердік!» — дейтіндер де аз емес. Осыншама жақсылық сыйлап жатқан Интернеттің басқадай қыры бар ма, болса қандай — енді соған назар аударалық.
Желіге жиі «кіріп», желігіп кетті…
Абзал мен Әселдің отау құрғандарына он бес жылға жуықтады. Араларында екі ұл, екі қызы, үш бөлмелі баспаналары, астарында көліктері, тұрақты жұмыстары да бар. Былай қарағанда, сүттей ұйып отырған шаңырақ. Бірақ, соңғы бір жылдан бері отағасы әлеуметтік желі арқылы бір келіншекпен танысып, оған өлердей ғашық болып қалады. Мұнысын әйелінен қанша жасырмақ болғанымен «ұрының арты қуыс» демекші, ақыры сыры ашылып қалады. Содан бері үйден береке кетеді: күнде айқай-шу, ұрыс, жылап-сықтау…
— Жасым болса, қырыққа таянды. Енді ажырасқанда, бір емес, төрт бірдей баламен қайда барамын? Ата-анам қайтыс болды. Бауырларымның өз отбасылары, бала-шағалары бар. Менсіз де өз проблемалары бастарынан асып жатыр. Не істесем болады? — дейді Әсел сұраулы жүзбен. Әрине, қиын жағдай. Қандай ақыл қосарыңды білмейсің. Тек «сабыр түбі — сары алтын», аңысын аңды, бәлкім ақылға келер, қояр…» дегенің болмаса.
Мұның тек бір отбасының басындағы жағдай еместігі өкінішті. Дәл осындай оқиға күні кеше қосылған жас шаңырақ иелері ғана емес, отасқандарына бес-он жыл болған ерлі-зайыптылар басында да бар. Өзіміз білетін бір жас келіншек үш баласын еріне тастап, өзі «жаңа махаббатымен» кетіп қалды. Балалардың бас көтергені алтыншы сыныпта оқыса, кішісі бар болғаны екі-ақ жаста. Үш баламен қалған әкелері не істерін білмей, сарыуайымнан жүдеп-жадаған. Қазіргі күнде оған кәрі анасы жәрдемдесуде. Ара-кідік ол кісі сырқаттанып қалса, үй-күйі бөлек қарындас-әпкелері қарасады екен. Үйдің кішкенесі «мамалап» жылап жүрсе, ашуға булыққан ересектері «енді маманы үйге кіргізбейміз!» дейтін көрінеді.
«Сүйіншілеген» жалған ақпарға сенбеңіз!
Әлеуметтік желі түрлі жаңалық пен ақпарға толы. Солардың бәрі бірдей шындыққа жанаса бермейді. Мұндай хабарды таратушылардың не көздегені бар, бұдан кімге қандай пайда — түсініксіз. Алаяқтардың бірі «соңғы демі» шыққалы жатқан балаға қаржылай көмек сұраса, екіншілері көпшілікті «шындық үшін» әкімдік үйі алдына «бас көтеруге» үгіттейді. Ал, үшіншілері онсыз да қажып жүрген әйел-аналарды «зейнеткерлікке ертерек шығасыңдар!» деп дәмелендіреді. Осы соңғы ақпарға қатты сеніп қалған әйелдер бір-бірін құттықтап, «менің зейнеткерлікке шығуыма осынша жыл қалды, бұйырса демаламын» деп қуанумен жүр.
Бұқара халыққа аталған министрліктен, болмаса үкіметтен ешқандай заң, болмаса өгеріс пен түзету шықты деп хабарламап еді, бұл не әңгіме деген оймен Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Атырау облысы бойынша департамент басшысының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ләззат Сағынбековаға хабарластық. Ол:
— «ҚР-да зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына өзгерістер енгізіліп, зейнетақы төлемдерін тағайындау 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап басқаша болатынынан көпшілік хабардар. Яғни, бұған дейін де айтылып жүргендей, алдағы жаңа жылдан бастап әйелдердің зейнет жасына алты айдан қосылып отырады. Сөйтіп, олар да зейнеткерлікке 63 жастан бастап шығады. Бұл заң өз күшінде, оған ешқандай өзгеріс енген жоқ. Ал, жеңілдік тек бес баласы бар аналарға (туған және асырап алған, оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген) ғана қарастырылған. Олар зейнеткерлікке 53 жастан бастап шыға алады, — деді. Осылайша әлеуметтік желідегі бұл хабар да жалған боп шықты.
Бұдан не түйеміз?
Қарап отырсақ, тірі пенденің осыншама есін алған әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны бірдей. Алданып-арбалғандарды сөз етпегенде, сүттей ұйып отырған шаңырақтардың нілдей бұзылуын айтсаңызшы. Аталарымыздың «қалған көңіл — шыққан жан» деген сөзі осындайда айтылатын шығар, бәлкім. Желіге еніп желіккенше, үйіңдегі бала-шағаңа ие бол, қазақ отбасы!
Лиза СЕЙТІМОВА