Әлемдік кеңістікке ашылған жол
Райса ТАСТЕМІРОВА,
Атырау облыстық мемлекеттік архивінің бөлім басшысы:
Бұрын Елбасы Жолдаулары мен мәлімдемелерінде саяси, әлеуметтік, экономикалық мәселелер басымдау айтылып, негізгі бағдарды сол бағытқа бұратын еді. Ал, осы жолы руханияттың әр тамырын түгендеп, арғы-бергі жағынан қозғап айтқаны көңілімізді көкке көтеріп отыр.
Әсіресе, біздің жұмысымызды одан әрі ерекше құлшыныспен жасауға септігін тигізді деп айтуға болады. Мақалада рухани дүниені байытуға, кезінде саяси себептермен бұрмаланып келген тарихтың кейбір тұстарын ашуға негізделген көптеген мысалдар бар. Елбасы биыл Еуразия құрлығының ұлан-ғайыр аумағын астан-кестен еткен 1917 жылдың қазан айындағы оқиғаға 100 жыл толатынын ерекше атап өткен. XX ғасырды зұлмат жылдар деп атағанымызбен, оның Қазақстанға бірқатар игіліктер бергені де айтылады. Олардың қатарында индустрияландыруды, әлеуметтік және өндірістің құрылуын, жаңа интеллигенцияның қалыптасуын жатқызуға болады. «Бұл кезеңде елімізде белгілі бір жаңғыру болды. Бірақ, бұл – ұлттың емес, аумақтың жаңғыруы еді» делінген мақалада.
Алайда, осы кезеңдегі, оған дейінгі де құжаттар біздің архивтің қорында сақталмаған еді. Ең әрі дегенде, 1920 жылдан бергі құжаттармен ғана жұмыс жасап жүрдік. Ғылыми ізденушілер мен оқытушылар, белгілі тұлғалардың мұрагерлері ата-бабасы туралы мәліметтерді сұрап келгенде ештеңе тауып бере алмай, ыңғайсызданып қалатынбыз. Олардың өздері орталық архивке барайын десе, қаржы керек, уақыттары да бола бермейді.
Ендігі уақытта Елбасының тапсырмасы аясында архив құжаттарын шетелден өзіміз алатын күнге де жеттік. Соның дәлеліндей, алғашқы жұмыстарымыз басталып кетті. Күні кеше Орынбор, Қазан қалаларына барып, көптеген құнды құжаттарды алып келдік. Архив құжаттарын ізденушілердің сұраныстарына орай Бөкей хандығына байланысты, Жәңгірханның Қазан университетінің құрметті мүшесі болғандығын растайтын, Әбілхайыр ханның жұбайы Бопай ханым жайлы деректерді, 1860 жылы Жайық бойына қазақтардың орналасуы, олардың рулық кестелері, тағы басқа да құнды құжатарды әкелдік. Көне жоқтау сөздер мен мақал-мәтелдер де бар. Бекмұхамбетов, ағайынды Танашевтардың да жеке құжаттары енді біздің архивте сақтаулы тұрады.
Ең бастысы, Қазақстан архивтерінің қызметкерлері шетел архивтерімен танысып, олармен ынтымақта, бірлесіп жұмыс жасауына жол ашылатыны қуантады.