ӘЛЕМ КАРТАСЫНДАҒЫ ЖАҢА ҚАЛА
Atr.kz/24 наурыз, 2019 жыл. Сонымен, дүние жүзі картасында жаңа шаһардың аты пайда болды.
Осынау тарихи қадам турасында біз ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Бақтыбек Таубаевты сөзге тарттық.
— Аталарымыз бір пұшпақ жерімізді жатқа бермеу үшін ат ойнатып, қылыш сермеген Сарыарқаның төрінде Нұр- Сұлтан қаласы өмірге келді, — дейді ғалым. — Іргетасын өзі қалаған елді мекен Елбасының есімін иеленді.
Арғы-бергі әлем тарихында елден ерек, жұрттан бөлек тұлғаларға ат беру әуелден бар. Қазақ даласындағы жер- су, жайылым мен шалғын, тау- тас атауы да белгілі адамдардың есімімен аталады емес пе? Жәнібек пен Керейдің, Қабанбай мен Бөгенбайдың, Кеңесары мен Наурызбайдың аттары қалған орындар жеткілікті. Қазақ бір түнеген жеріне де есімін қалдырған. Ал, Елбасымыздың еңбегі ерен емес пе?
Жалпы, астанамызды Мемлекетіміздің Тұңғыш Президентінің атымен атау туралы бастама бұрын көтерілген болатын. Ол кезде билік тізгінін ұстап отырғандықтан Елбасы келісім бермеген. Қарапайымдылық танытқан. Енді сол ұсынысты ұғынықты етіп халыққа жеткізудің сәті түсті. Ендеше, неге қолдамасқа?
Турасын айтқанда, Сарыарқаның төсінде сәні мен салтанаты жарасқан, сәулеті мен дәулеті үйлескен келбетті шаһар пайда болды. Ел астанасы осы жерге орналасқанда есіме Асан қайғының Жәнібек ханға айтқан өсиеті оралған- ды. Жаугершілік заманы ғой ұлы ойшыл орданың шекараның шетінде, желдің өтінде емес, қалың қазақтың ортасында болғанын қалаған. Сол арман Елбасының кезінде жүзеге асты. Ширек ғасырда Тәуелсіз Қазақстан дүние жүзіне танылды, күллі ғалам мойындаған мемлекетке айналды. Ең озық дамыған отыз елдің қатарына қосылды. Астанада ЭКСПО көрмесі, дүниежүзілік дәстүрлі дін иелері басқосуы, еуропалық және әлемдік деңгейдегі кеңестер ұйымдастырылды. Енді мұндай шаралар Нұр- Сұлтанда өтеді.
Қысқасы, Атыраудағы зиялы қауым бұл шешімді қуана қолдайды. Бас қаламыздың алдағы уақытта да гүлденіп, бүгінгіден де көркем боларына сенім мол.