Латын әліпбиіне арналған пернетақталар таныстырылды
Қазақ тілінің латын әліпбиіне арналған жаңа пернетақта нұсқалары Білім және ғылым министрлігіне жіберілді.
Пернетақтаны жасап шығарғандар қазақ тілінде ең жиі қолданылатын әріптерді анықтаған. Олардың қорытындысы бойынша, сөздік қордың 80 пайызында негізінен 42 әріптің 19-ы пайдаланылады. Институттың бас ғылыми қызметкері Асқар Жұбановтың айтуынша, ғалымдар сөздердің 6-7 миллиондай қолданысын қарастырып, қазақ тілінің бес стилін қамтыған.
Бірінші нұсқада стандартты пернетақтаны толықтай өзгертіп, көбінесе қатар кездесетін әріптерді бірге орналастырды. Екінші нұсқада – стандартты пернетақта еш өзгертілмеген. Бірақ оң жақта латын әріптерінің батырмалары тұрады.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұйрығымен Қазақстанда мемлекеттік тіл кезең-кезеңімен латын әліпбиіне көшеді. Іс-қағаздары, баспа және оқулықтар 2025 жылға қарай ауысуы тиіс. Әліпбиде қазақ тілінің төл әріптері үшін диакритикалық таңбалар қолданылмақ.
Аман ШАМАР