Латын әліпбиі – тіл реформасының бір сатысы
Рухани жаңғыру аясында жүзеге асуы тиіс негізгі мәселенің бірі – латын әліпбиіне көшу. Атырау қаласындағы №1-орталық кітапханада өткен «дөңгелек үстел» басында аталған тақырыпқа қатысты өзекті мәселелер кеңінен талқыға салынды.
Жалпы, қазақ әліпбиінің тарихы тым тереңде. Жазу стиліміз талай мәрте өзгерістерге ұшырап, талай сатылардан өткен. Мәселен, адамзат тарихындағы ең көне әліпбилердің бірі ретінде белгілі болған «Орхон-Енисей жазуларынан» соң ислам дінімен бірге қазақ халқына араб әліпбиі ене бастады. Бір ғасырға жуық қолданыста болған араб тілінен соң, «латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы жаңа заңға» сәйкес, кириллицаға көшірілді. Енді, міне, тәуелсіздік алған тұстан бері айтылып келе жатқан латын әліппесіне ауысу туралы мәселенің нүктесін қойған Елбасы нақты мерзім белгілеп, бұл бастаманы сатылап жүзеге асыруды міндеттеп отыр.
Қазіргі уақытта республика көлемінде құрылған арнайы комиссия өз жұмысын бастап та кеткен. Ғалым, академик, сала мамандарынан құралған бұл топ тиімді әліпбиді даярлауға жұмыстануда. Себебі, пікір де, ұсыныс та сан алуан. «Ахмет Байтұрсынұлы заманында айтылған «әліппедегі әріптер саны неғұрлым аз болса, соғұрлым үндестік заңына бағынады» деген ұстанымнан ауытқымаған жөн». «Дөңгелек үстел» барысында жиылғандар тарапынан айтылған пікірлер осы арнаға құйылды. Сонымен қатар, жаңа графикадағы бірыңғай емлені бекіту, латын әліппесіне көшуге дайындық жұмыстары, кездесетін кедергілер, оларды жоюдың жолдары жайлы да әңгіме қозғалды.
Бүгінгі таңда қазақстандықтардың 30 пайызы ағылшын тілін меңгерген. Латын әліппесіне көшу арқылы бұл көрсеткішті еселей түсуге мүмкіндік бар. Десек те, аға буын арасында «Бізге осы көшудің не берері белгісіз. Біз мектепте неміс, не француз тілдерін оқыдық, әліппені ауыстыру қиын болады-ау» деген пікірлер бары рас. Жастар – тез бейімделгіш, олар құлшынысты болса, тез меңгеріп кете алады. Шара барысында айтылған осынау пікірлерге орай модератор, кітапханашы Гүлнұр Құспанова «Бір әріптің өзін бірнеше таңба арқылы беретін араб тілін біздің ата—бабаларымыз еркін меңгеріп, кең қолданған. Сондықтан да, қоғамдық қажеттілік болса, кез келген әліппені үйреніп алуда кедергі болмайды» деп нақты жауап берді. Расында да, өмір көшінен кейін қалмауға талпынып, бүгіннен бастап бейімделе беру керектігі – қазіргі таңда өзекті боп тұрған мәселенің бірі.
Сол секілді «дөңгелек үстел» барысында үштұғырлы тіл тақырыбы да кең талқыға салынды. «Көп тіл білгеннің артықшылығы мол. Десек те, бұл жерде еліктеушілікке жол бермеген жөн. Әлемдік руханияттың көшбасшысы Жапония елі балаларын 11 жасқа толғанша тек ана тілінде ғана оқытады. Менің ойымша, бұл – өте дұрыс.
Ал, латын әліпбиіне көшу тек бүгін қозғалып отырған мәселе емес. Түрколог, ғалым Әбдуәлі Қайдаров осы мәселені біраз жыл бұрын алғаш рет көтеріп, Президентке хат жазған болатын. Өзбекстан, Әзербайжан, Түркіменстан секілді елдер әлдеқашан көшіп кеткен. Біз түркі әлемінен қашықтап барамыз. Қалай болғанда да, келешек ұрпақ үшін әліппені ауыстыру қажеттілігі туындауы дұрыс. Қазіргі таңда мемлекеттік комиссия жұмыс үстінде. Өмірзақ Айтбайұлы, Серік Қасқабасов сынды академиктер қатысқан топ ауқымды жұмыстар жасауда. Латын әліпбиін пайдалану арқылы 250 миллион адам сөйлейтін түркі әлеміне Қазақстан жақындай түсуі тиіс» деді «Қазақ тілі» қоғамының Атырау облысы бойынша филиалы төрағасы Әбілхан Төлеуішов. Сонымен қатар, қазақша ата-текті жазудағы кемшіліктерді жойып, біріздендіргеннің де оң нәтиже берері мол екендігі айтылды.
Медицина мамандары үшін латын тілін меңгеру – негізгі міндеттердің бірі. Осы үрдіс Атырау медицина колледжінде де жүзеге асырылып келеді. Яғни, студенттер негізгі дәрістермен қатар, латын тілін міндетті түрде оқиды. «Дөңгелек үстелге» арнайы шақырылған болашақ медицина саласының мамандары аталмыш тақырыптың маңызды екендігін айтып өтті.
Шараны қорытындылаған кітапхана басшысы Құралай Бүркітова: «Аталған мәселедегі, яғни латын әліппесіне көшудегі кез келген қиындықтарды еңсеруге бәріміз бірдей атсалысуымыз керек. Соған қоса, әр отбасы өзінен бастаса, жетістікке жақындай түсеміз» деді.
Гүлжан Әмірова
Сіз не дейсіз?
Қарлығаш Құлмұхамбетова,
№1-орталық кітапхана директорының орынбасары:
Қиындықты еңсеруге тиіспіз
– Рас, «қиыншылықтары көп болмай ма?» деген сауал көптің көкейінде. Жаңа жүйе болғандықтан, әрине, бастапқыда қиыншылықтар, кедергілер болатыны анық. Ең алдымен, бұл – қаржылық бағыттағы қиындықтар. Содан кейін әріптердің таңбалануына қатысты қиыншылықтар. Бір өзекті мәселе – кириллицамен жазылған мол мұраларымызды латын әліппесіне көшіру. Бірақ, бұлардың қай-қайсысы да қорқуға себеп емес. Жүйелі жұмыс жасалуы керек. Қандай қиындықты да еңсеруге тиіспіз.
Самал Масатова,
Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі:
Өркениетке қадам
– Ендігі жерде «жаңа жүйені меңгеру қиын бола ма, осы бізге қажет пе?» деп ойланудың еш қажеті жоқ. Себебі, бұл – қажеттіліктен туындап отырған қадам. Латын әліпбиі – өркениетті елдер қатарына ену үшін зор мүмкіндік. Біз осыған дейін таңбалануы қиын саналатын араб әліппесін де меңгеріп, қолдандық. Сондықтан, қажеттілік болса, бәрін де меңгеруге болады. Тек жүйелілік керек.
Әр адам өзін-өзі жетілдіріп, дамытып отыруы қажет. Бұл – бүгінгі күннің басты талабы. Қоғам көшінен кейінге қалуға болмайтынын, білімді болуға ұмтылу қажеттігін өмірдің өзі дәлелдеп отыр.
Сол секілді латын әліпбиіне көшу қазақ тілінің мәртебесін асқақтата түсуге септеседі. Әр отбасы өз баласын қазақы тәрбие мен ана тілімен сусындатса, жетістігіміз мол болары сөзсіз.
Бакдурди Кабдулов,
Атырау медицина колледжі фармацевт бөлімінің оқытушысы:
Алдымызда таңдау мүмкіндігі бар
– Жалпы, Қазақстанның алдында үлкен мүмкіндік бар. Ол – өзге елдердің тәжірибесіне сүйеніп, өзіне оңтайлысын таңдап алуға берілген мүмкіндік. Мәселен, Өзбекстан бірден көшті. Дегенмен, бірнеше рет әліппесі өзгерістерге ұшырағаны рас. Ал, көшіру кезінде сатылап ауысу тәсілін ұстанды. Яғни, ең алдымен, мектептерден бастады. Бірінші сыныпты түгел ауыстырып, келер жылы екінші сынып, одан соң үшінші сынып етіп жалғастырды. Арада он жыл өткенде автоматты түрде жоғары оқу орындарын ауыстырды. Міне, осындай тәжірибені бізге де пайдалануға болатын шығар.