«Латын қарпіне көшу – ұлттық мүддеден туындаған мәселе»
«Атырау-Ақпарат» ЖШС баспасөз клубында белгілі саясаттанушы Айдос Сарым, ІMG компаниялар тобының төрағасы, Журналистер Академиясының академигі Нұрлан Нұрғазин, «Литер» және «Аргументы и факты» газеттерінің директор-бас редакторы Қайсар Жанаханов, «Сардар» баспа үйінің директоры Әділ Қойтанов, «Abai.kz» ақпараттық порталының бас редакторы Дәурен Қуат, ІТ маманы, блогер Нұрлан Жанай және облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетовтың қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Онда бүгінгі күннің басты тақырыбына айналып отырған латын әліпбиіне көшу мәселесі жан-жақты талқыланды. Дидарласуды «Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының орынбасары Қуат Әуесбай жүргізіп отырды.
Қуат ӘУЕСБАЙ: Құрметті қонақтар, өздеріңізге мәлім, күні кеше Мемлекет басшысына латын қарпіндегі жаңа алфавит жобасы таныстырылды. Қазір елімізде қызу талқыланып жатқан тақырыпқа қатысты өздеріңіздің де ой-пікірлеріңізді білу үшін «Атырау-Ақпарат» медиасеріктестігінің баспасөз клубына арнайы шақырып отырмыз. Жұрт болып жұмылып, ұлт болып ұйысатын елдік мәселеге енжар қарамай, шақыртуымызды қабыл алғандарыңыз үшін алғыс білдіреміз. Сонымен, латын әліпбиіне көшу қазақ қоғамы үшін не береді? Жаңа алфавиттің тиімділігі қандай?
Айдос САРЫМ: Тарихқа үңілсек, латын әліпбиі елімізде бұрын да қолданыста болған. Тіпті, өз әжемнің де кезінде хат жазғанда осы қаріптерді пайдаланғаны есімде қалыпты. Ал, бүгінгі уақыт та өзгеше, қойылатын талап та басқаша. Алдымен, латын қарпіне көшудің өзіндік критерийлерін белгілеп алуымыз қажет. Жарайды, айталық, латын қарпіне толықтай көштік делік. Бірақ, содан кейін жиырма жыл өтсін, мейлі, жүз жыл өтсін, қазақ тілі өзінің о бастағы ерекшеліктерінен, атап айтқанда, төл дыбыстарынан немесе өзге тілден дараландырып тұратын қасиеттерінен айырылып қалмауы керек. Мәселен, латын әліпбиіне көшкен кей елдерде, ұмытпасам, түрік бауырларымызда-ау деймін, уақыт өте келе мынадай мәселе туындаған екен. Күнделікті қолданыстағы, яғни, айналымдағы сөздердің кей дыбыстары әліпбиде жоқ болып шыққан. Міне, осыдан сақ болуымыз керек. Егер осыны ескерсек, латын әліпбиіне қорықпай көшуге болады. Бұл жерде мәселенің тек біздің төл таңбаларымызға ғана тіреліп тұрғаны анық. Қалған әріптер латын әліпбиінде бұрыннан бар. Әйтсе де өз басым төл таңбалардың үтір арқылы берілуіне үзілді-кесілді қарсымын. Себебі, үтірмен белгіленген қаріпті ғаламтордағы «Гугл» жүйесінің іздеу жолағына енгізген кезде, ол оңайлықпен шыға қоймайды.
Дәурен ҚУАТ: Әсірелеп айтсақ, латынға көшу үрдісінде екі «экстремистік» күш пайда болады. Оның бірі-филологтар, екіншісі-бағдарламашылар, яғни, компьютер мамандары. Қазірде осы екеуі өзара «тартысып-жұлқысып» жатыр. Олар бір ымыраға келмей, белгілі бір шешім қабылдау да қиын. Бір қарағанда, мұндай бір-біріне кереғар пікірталастың болғаны да дұрыс. Әдетте, осындай пікірлер тоғысында небір керемет идеялар туындап жатады емес пе?!
Нұрлан НҰРҒАЗИН: Латынға көшудің қажеттілігін жаһандық технологияның трендтерімен байланыстыруға болмайды. Бұл шешім технологияның тілін білу үшін емес, халқымыздың шынайы қажеттілігінен туындап отыр. Айтайын дегенім, латын қарпіне көшу бұл ұлттық мүддеден туындаған мәселе. Бұл реформаны қазақ халқы өз жүрегімен қабылдағысы келеді, соны ескерген жөн. Әйтпесе, адамның ерік-жігері мен құқығын шектелген заманда талай нәрселер күштеп енгізілді емес пе? Оның қасында бүгінгі демократиялық ортада өмір сүре отырып, латын әліпбиінің қажеттілігін тек технологиялық қажеттілікке ғана таңып қою дұрыс емес.
Әділ ҚОЙТАН: Тарихтан білесіздер, елуінші жылдары жүргізілген тіл реформаларының ықпалымен қазақтың небір шұрайлы сөздері өзіндік қасиеттерінен айырылып қала жаздағаны да шындық. Ал, оған дейін айталық, «Сталин» деген сөзді жұртымыз «Ысталин» деп жазып келген еді. Міне, өзге халықтардың «осы қазақ орысша қалай таза, ешқандай акцентсіз сөйлейді?» деп таңырқауы да осыдан болса керек. Ең бастысы және маңыздысы-латын әліпбиін қалай, қандай жолмен қабылдау қажеттілігіне қатысты нақты таңдау жасап, шешім алу құқығының өзімізге қалдырылуы болып отыр. Мұның өзі тәуелсіздіктің беріп отырған зор мүмкіндігі. Сол мүмкіндікті ұлтымыз үшін, оның болашағы үшін ұтымды пайдаланылуына әрқайсымыз үлесімізді қосайық.
Адам кез келген әліпбиді ең алдымен жадымен қабылдайды. Ол не деген сөз? Мысал келтірсек, бір сөзді алып ондағы дауысты дыбыстарды жазбай біреуге оқытар болсақ, оның не сөз екенін бірден тауып қояды. Себебі, адам мәтінді оқыған кезде оның назары жекелей әріпке емес, тұтас сөзге не мәтінге ауып кетеді. Осы кезде арадағы қалып қойған әріпті де елемей қалуы әбден мүмкін. Демек, мәселенің тағы бір түйінді тұсы, өзгерісті психикалық тұрғыдан қабылдап, соған мойынұсынуға келіп тіреледі. Шынтуайтында, латын қарпіне көшу аса бір қиындық тудырады немесе түйіні тарқатылмайтын проблемаға айналып кетеді деп ойламаймын. Бәрі де әркімнің өзіндік көзқарасы мен ерік-жігеріне, белсенділігіне байланысты. Ең абзалы, латын қарпін қолданудың тиімді әдіс-тәсілдерін ойластырып, механизмін, яғни жүйесін жасап алуымыз, тетіктерін табуымыз керек. Айтып отырғанымның баспа ісіне де тікелей әсері болары сөзсіз.
Қайсар ЖАНАХАНОВ: Бұл жерде тіліміз түбегейлі латын әліпбиіне ауысып кетеді екен деп қорықпағанымыз немесе оған үрке қарамағанымыз жөн. Негізінде біз болашақта латыннан өзімізге керекті деген қаріптерді ғана алып, төл таңбаларымызды белгілейміз. Осылайша, ақпараттық кеңістіктегі өрісіміз кеңейіп, әлемдік өркениет көкжиегіне қарай қадам басуға мүмкіндік аламыз. Осы үрдіске ілесіп, оны толыққанды меңгерген ұрпақ болашақта тұтастай ұлтымыздың болмысын сақтап қалуға үлесін қосады деп сенемін.
Нұрлан ЖАНАЙ: Күллі әлем ғаламтор мен әлеуметтік желіге бағынышты, тәуелді болған бүгінгі қоғамда соны серпіліс пен зор сілкініс туғызып отырған мәселенің кім-кімді де бей-жай қалдырмасы кәміл. «Мұның өзі қалай болып кетер екен, бастамамыз дұрыс па, бұдан ұтарымыз не?»,-деген секілді сан сауалдың менің де көкейіме ұялап, көңілімді мазалағанын жасырмаймыз. Құдайға шүкір, қазірде жастарымыздың көбі білмейтінін үйреніп, жаңалықты жатсынбай қабылдауға жаны құмар. Осының өзі латын әліпбиіне көшуімізді жеңілдетеді және мен сияқты қазіргі заманғы технологиялардың тілін білетін мамандар үшін қиынға соқпайтынына сенімдімін.
Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ: Өзіміз де бала кезімізде латын қарпімен жазылған шығармаларды, әдеби туындыларды оқып көргенбіз. Сол себепті де, бұл жаңалықты жұртшылық жатсынбайды, дұрыс шешім қабылдайды деп ойлаймын. Ол үшін табиғатымызға жақын, қолданысқа ыңғайлы жолды таңдауымыз қажет.
Жазып алған: Дәулетқали ЛАТИФҰЛЫ, Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ