Ұлағаты мол кездесу
Ұлттық ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор, қоғам қайраткері Ғарифолла Есім Атырау өңіріне келіп, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ұжымымен, студенттерімен кездесті.
Кездесу шымылдығын аш-қан университет ректоры Абзал Тәлтенов: «Елбасы мақаласы аясындағы мағынасы терең мәселелерді түсіндіру, ұжымымызбен кездесіп, ашық әңгіме алаңында басқосу туралы ұсынысымызды қабыл ал-ғаныңызға көп рахмет. Сіз секілді қазақ философиясының негізін қалаушылардың бірімен пікірлесіп, ой тоғыстыру, пікір алмасу – бүгінгі кездесу қатысушылары үшін аса маңызды» дей келе, таяуда 70 жасқа толған мерейгерді құттықтады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласының маңыздылығы, одан туындайтын міндеттер кездесудің басты тақырыбына айналды. Аталмыш мақала төңірегінде кездесу қонағы өз көзқарасын, философиялық ойларын ортаға салды. Соның ішінде сананың жаңғыруы, латын әліпбиіне көшу мәселесіне, Қазақстанның 100 есімін анықтау идеясына ерекше тоқталды. «Ұлттық құндылықтарды жоғалтпай, сананы жаңғырту, болашаққа дұрыс бағдар жасау үшін жастарға бағыт көрсету – біздің міндетіміз» деген ғалым залға лық толы кездесу қатынасушыларын өнегелі ой өрнектерімен баурап алды.
Кездесу барысында сөз алған профессор, филология ғылымдарының докторы Қадыр Жүсіп мерейгерді құттықтап, ізгі тілектерін арнады. «Жетпіс жастағы адамды қазір «жап-жас жігіт» деп бағалайтын болдық. Сіз бәріне жетуге тырыстыңыз және жеттіңіз. Жеттіңіз және жетілдіңіз. Философиялық жағынан кемел шаққа келдіңіз. Сол шақ құтты болсын. Жалпы, менің өзіндік философиям бойынша жыл 12 айдың ішінде аса қолайлы екі ай бар. Бірі – желтоқсан, бірі – сәуір. Өйткені, ұлылардың бәрі осы уақыт аралығында өмірге келген. Сіз де сәуірде өмір есігін аштыңыз. Бірақ, өзіңізді ұлылар қатарына жатқызбайсыз. Алайда, халық оған қарамайды. Сіздің болмысыңызды бағамдай білген халық өз бағасын берді» деп, ақ жарма тілегін жолдады.
Бұдан кейін де сөз алған профессор, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Бақтыбек Таубаев, философия ғылымдарының докторы Өмірбек Бекежан Атырау мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры Ғарифолла Есімді құттықтап, мерейгерге толайым табыс тіледі.
Кездесу соңында университет ректоры А.Тәлтенов кеш қонағына Мұрат Мөңкеұлының кітабын тарту етіп, Ғарифолла Есімұлының жары Рымкеш Сұлтанқызына гүл шоқтарын табыстады.
Гүлжан ӘМІРОВА