Жарнама
Жаңалықтар

ҰЛАҒАТТЫ ӨМІРДІҢ ӨНЕГЕСІ

 

Осы бір ғажайып шығарманың сарғайған газет парақтарында сақталып қана қалмай, Елбасының бүкіл өмір жолын, қайраткерлік тұлғасын ашатын дерек көзі болып шыққаны – елдің рухани өміріне қосылған зор үлес. Нұрсұлтан Әбішұлының қаламы жүйрік, ауызекі сөздің шешені екені жұртқа мәлім.  Ол жазған кітаптар ұлтымыздың құндылығына айналғаны да даусыз. Президент жазған кітаптарда қазақ қоғамы, оның өткені, бүгіні мен келешегі, әлемдік мемлекеттік құрылыстың бүкіл шежіресі туралы терең ойлар мен ұрпаққа үлгі болатын салиқалы кеңестер көп. Біздің бүгінгі қалам тербеп отырған туындымыз оларды мүлде қайталамайды.

Елбасының басынан өткен ғибратты өмір жолы, жасампаздыққа толы күрескерлігі,  жоқтан бар жасап жаңа мемлекет құруы, оның бас-аяғы жиырма  жылда әлемге танымал болуы кітапта толық көрініс тапқан. Сондай-ақ, бұл кітап Қазақ елін төрткүл әлем танып, Еуропа төріне шыққанын, ЕҚЫҰ сияқты беделді халықаралық ұйымның төрағасы болғанын, ЭКСПО-2017 сияқты әлемдік көрме ұйымдастыруға қолы жеткенін дәлелдейді. Осының өзі Қазақстанның жер-жаһан алдында абыройы асқақтауының айғағы.

«Менің тағдырым – бақытты тағдыр. «Блажен, кто посетил сей мир в его минуты роковые» деп Тютчев жазғандай, менің маңдайыма мына жарық дүниеге тарихтың тар тұсында келудің, айналасы жарты ғасырдың о жақ, бұ жағында бүкіл әлемді төңкеріп түсірердей ғажайып өзгерістерді көрудің, жаңа мемлекет құрудың, сол істің басында тұрудың бақытын жазған екен» деп жан жүрегімен толғанған Елбасының тебіренісі жанға жылы шуақ толтырғандай әсер етеді.  Бұл кітап тек Елбасының өмірі ғана емес, қазақ халқының тарихы, шежіреге толы өткені деп қарастырған дұрыс. Бүгінгі жастар сонау 90-шы жылдардың басында жаңа мемлекет құрудың қаншалықты қиындыққа түскенін білмейтіні сөзсіз. Сол жолдағы төгілген тер, кірпік ілмеген түндер, оймен атқызған таңдар, санамен сарсылған күндер ғасырлар қойнауына еніп, тарихқа айналуда. Осыны түсіну үшін де аталмыш кітапты оқып, жүрекпен түйсінген абзал. Елбасын өзіне үлгі ететін, елі мен жерін қорғауға дайын, Қазақстанның болашағы үшін өмірін арнайтын жас буын Президентті үлгі тұтуы тиіс!

Кітапта Президенттің балалық, жастық шағы, еңбек жолы, ауыр еңбекте шынығуы, абырой биігіне жетуі және елін әлемге танытуы тартымды суреттелген.  «Ұшқан ұя ұлағаты» туралы әңгіме автордың өз аузынан қызықты, ойлы, сезімге толы леппен естіледі. Туған жер, Алатау баурайындағы ел мен жер жайлы әңгімелер әр адамның да сезім пернесін тап басады. «Адам – табиғат перзенті. Адамның қалыптасуына климат пен ландшафт қатысады» дей отырып, «Таудың биіктігі мен даланың кеңдігі ақыл-ойына да, мінезіне де қатар ықпал еткенін» айтады. Елдің өткен өмірі туралы тың шежірелер, аңыздар айтылады. Оның өзі осы өлкеде туған атақты батырлар, аңызға айналған адамдар мен жер атауларына байланысты. Әкесі, анасы, бауырлары, ұстаздары, достары туралы әңгімелерін толқымай оқу қиын. Осының өзі жастарды патриоттыққа, отансүйгіштікке баулитыны айқын.

Оның еңбек жолы Қазақстан Магниткасынан бастау алады. Украинада құрыш құю мамандығын оқыған жылдардың да ізсіз кетпегені сөзсіз. «Адамның бір парызы – өз ұлтының, туған халқының намысын бермеуі, жақсы атын шығаруы» дей келіп, Украинада оқып жүргенде қазақ жігіттерінің намысқа тырысып, жігерлерін қайрап, спорттық жарыстарда алдыңғы саптан көрінуі сол намысшылдық көрінісі екенін нұсқап тұрғандай болады. Днепродзержинскіге Бибігүл Төлегенова концерт қоя барғанда сонда оқитын қазақ жастарын ұйымдастырған Нұрсұлтанның тыңдаушыларды жинауы, билет таратып, афиша іліп атсалысуы да – намысқойлық, ұлтжандылық.

«Азамат ретіндегі алтын бесігім – Теміртау» деген жолдарды оқығанда еріксіз көзге жас келеді. Өз қатарластары ішінен ұйымдастырушылық, көсемдік қабілетін ерте танытқан, комсомол қызметіне белсене араласып, партия қатарына өткен. Қалалық партия комитеті, Магнитка партия ұйымы оны шыңдаған. Сол кездің өзінде батыл бастама көтерген оның іскерлігі мен батылдығы абыройының артып, мерейінің үстем болуына әкеледі. КОКП Орталық Комитетінің басшылары М.А.Суслов, В.И.Долгихтың қабылдауында болып, Теміртау мәселесінің көкейкесті тұсын тап басып, таныта алуы оның беделін өсірді.

Қарағанды облыстық комитетінің екінші хатшысы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің өндіріс жөніндегі хатшысы, Қазақстан Үкіметінің басшысы қызметтерін абыроймен атқаруына Теміртауда шыңдалуы, жинаған тәжірибе, орталықпен байланыс, о бастан бойына дарыған іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеттің көп көмегі болды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың азаматтық келбеті оның Қазақстан Республикасы Президенті болып сайланған күннен бастап жан-жақты ашыла түсті. Ендігі ел тағдыры не болатыны жөнінде көп ойланды, көп ізденді. Сөйтіп, елді нарықтық қарым-қатынастарға көшіру қажеттігін тамыршыдай тап басты. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің құрылу жолы, заңнамалық негіздерін қалыптастыру, ұлттық экономика құру, өз ақшамызды айналымға шығару, мемлекеттік меншікті жекешелендіру туралы Президент сұхбатында толықтай ашып айтылған. Бұл оқиғалар іске асқан кезде халық әртүрлі көңіл-күйді басынан кешіргендіктен, осы жағына көп мән беріп, түсіндіріп кеткен.

Семей полигонының жабылуы туралы әңгіме – өте бір қажетті, оқырманды дүр сілкіндіретін сұхбат. Полигон Президент Жарлығымен 1991 жылы 29 тамызда жабылған. Бұл Жарлық Кеңес Одағы бар шақта, Мәскеуге бағынып тұрған кезде шығарылған. Оған Мәскеу қарсы шыққан. Осының өзі Елбасының елі үшін жасаған Ұлы Ерлігі!

Астана жөніндегі сұхбат та ұлағаттылықпен, парасат-пайыммен баурайды. Елбасы «Астана – тәуелсіздіктің жемісі» дей отырып, оның ең алдымен «саяси күштердің бүкіл әлемде жаңаша орналасуының нәтижесі» екенін баса айтқан. Астананың Сарыарқаға көшірілуінің тәуелсіз мемлекеттің дамуына, орнығуына зор ықпал еткеніне тоқталады. «Астананың қызығын, ең алдымен, өзіміздің халқымыз көріп жатыр. Елдің қиыр-қиырынан құйылған көш Елорданы жылдан жылға қазақыландырып барады. Азаматтарымыздың патриоттық рухын көтеруде де Елорданың орны бөлек. Астана бүкіл елдің дамуына локомотив болып отыр», — дейді Президент.

Кітап өте қызықты, жеңіл жазылған. Ресми емес, екі адамның өзара бөліскен жан сыры болғандықтан, оқырман жанын әсерлі сезімге бөлейді. Ұлы жоспарлардың авторы, ұлы тұлға – Елбасы. Алайда, кітапта еңбекпен өскен адамның қарапайым тұлғасы сол қалпында берілген. Өзіміз көрген, есімізде сақтаған үлкен өмір туралы тарихи шежіре. Осыны оқып, көп нәрсені көңілге түйдік.

Қойшығұл ЖЫЛҚЫШИЕВ, Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ақын.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button