ҰЛАҒАТТЫ АПАНЫ ҰЖЫМЫ ҰМЫТПАЙДЫ
Солардың санатында осы ұжымда ұзақ уақыт теруші-машинистка қызметін атқарып, құрметті еңбек демалысына шыққан Рысты Қарымсақованы да атаған ләзім. Таңдаған мамандығына адалдық танытып шеберлікпен меңгерген бұл апамыз – жұмыс орнын ешқашан өзгертпеген, бар ғұмырын баспасөз саласына арнап, газет шығару ісіне өлшеусіз үлесін қосқан адам.
1944 жылдың мамыр айында дүниеге келген, балалық, жастық шағы мен жанұялық өмірі облыс орталығы – Атырау шаһарында өтіп келе жатқан, соңынан ерген іні-сіңлілеріне тәлімгер болған Рысты Қарымсаққызы еңбекте ғана емес, тұрмыста да тамаша, өнегелі адам ретінде танылды. Райс ағамыздай адал да ақкөңіл, адамгершілігі мол, кісілігі мен кішілігі зор жар сүйіп, перзент құшты. Ұлықты ұл мен қылықты қыздың анасы атанды. Өкініштісі сол, отағасы пәниден бақилыққа ертелеу өтіп кетті. Балаларды жетілдіру міндеті апамыздың бір өзінің мойнына жүктелді.
Қайталанбас тамаша қадір-қасиетімен дараланған, бүгіндері немере-жиендерінің асыл әжесі болып отырған біздің қымбатты Рысты апамыз жақында ғана жетпіс атты жотаның биігіне көтерілді. Осыған орай талай жылдарын сарп еткен төл ұжымы оның 70 жасын да назардан тыс қалдырмай, өзінің екінші үйіндей болып кеткен мекемесінде атап өтуді ұйғарды. Мерейгерді алдымен «Атырау-Ақпарат» ЖШС ардагерлер ұйымының жетекшісі Айтқали Нұрғалиев құттықтады. Оған жалғаса мекеме басшысы Төлеген Берішбай мерейлі той иесіне жылы лебізге толы Алғыс хаты мен ақшалай сыйлығын тапсырды.
Құттықтаушылар легін жалғастырған облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов игі тілегіне қоса естелік сыйлығын ұсынды. Ал, мерейгермен көп жыл бойына қызмет істеген, бүгінде бас редактордың бірінші орынбасары Ермек Биғалиев барша әріптестерінің ыстық ықыласын жеткізді.
Дәулетқали АРУЕВ.