
Қызылқоғадағы шегіртке мәселесі бақылауда
Қызылқоға ауданында мамырдың басынан бері қауіпті зиянкестер – итальялық шегірткелермен (Calliptamus italicus) белсенді күрес жүргізіліп жатыр. Дернәсілдердің жер бетіне шығуы алғаш рет 6 мамырда тіркеліп, 16 мамырдан бастап авиация, дрондар және жерүсті техникаларының көмегімен кең ауқымды химиялық өңдеу жұмыстары басталды.
Үйірлі шегірткелерге қарсы уланған жердің жалпы ауданы 38 413 гектарды құрады. Жергілікті бюджет есебінен 17510 гектар жерге саяқ шегірткелерге қарсы қосымша улау жүргізілді. Кызылқоға ауданы бойынша улау жұмыстары жалпы 55 000 гектардан астам аумақты қамтып отыр. Бұған 11 арнайы техника тартылған, оның ішінде жеңіл авиациялық құралдар, желдеткішті бүріккіштер, газ генераторлары мен агродрондар бар. Сараптама және зерделеу жұмыстарына зерттеушілер мен мамандар, оған қоса, жұмыспен қамту орталықтары арқылы анықтаушылар жұмылдырылды.
Қазіргі уақытта жерді улау бойынша негізгі жұмыстар аяқталды. Жағдай “Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ-нің облыстық филиалы мен Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция Комитетінің аумақтық инспекциясы мамандарының бақылауында.