ҚЫЗМЕТТІК ПӘТЕР ЖЕКЕШЕЛЕНБЕУІ ТИІС!..
Қазанда өткен Үкімет отырысында Президент тарапынан оңбай сыналған Өңірлік даму министрлігі осылайша қоғамның оң бағасын алғанға ұқсайды. «Жаңа заң жобасына біздер мемлекеттік қызметкерлер мен өзге де азаматтарға қызметтік баспананы жекешелендіруге тыйым салуды енгізіп отырмыз. Азамат қызмет бабына байланысты басқа қалаға жұмыс ауыстыратын болса, ол қызметтік үй ала алады. Бірақ, сіздің атыңызда жеке үйіңіз болған жағдайда, қызметтік үйді өз атағыңызға аудара алмайсыз» деп атап өтті Мәжіліс отырысында Серік Нокин «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстыра отырып.
Вице-министрдің айтуынша, мұндай жағдай әсіресе құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасында жиі кездеседі екен. «Басқа облысқа жұмыс ауыстыра отырып, олар бірнеше пәтерді атағына аударып алады. Біз осыған тыйым саламыз» дейді ол. Тағы бір ерекше айта кетерлігі, бүгінде бір емес, бірнеше рет пәтер кезегіне тұрып, талай рет тегін баспаналы болып, оны сатып, бизнес жасап жүрген пысықайлардың дәурені жүріп тұрғаны белгілі. Серік Нокин «кезек арқылы алған үйіңізді сатып жіберген болсаңыз, бес жылға дейін мемлекеттік пәтер кезегіне тұра алмайсыз» деп мәлімдеді.
Осыған орай, облыстық Тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі Әлібек Ермекқалидың пікірін білген едік. «Өз басым қызметтік пәтерді жекешелендіруге қарсымын. Өйткені, қызметтік пәтер уақытша ғана ұсынылған дүние. Егер мен қызметтік пәтерімді жекешелендіріп алып, кейін басқа жұмысқа кетіп қалатын болсам, бұдан мемлекет не ұтады? Ертең менің орныма келген адамға да мемлекет дәл осындай жағдай жасауы керек болады. Ал, қызметтік пәтерлерді тұрғызуға кеткен қаржының қайтарымы кімнен болмақ?» дейді ол. Айтуынша, баспаналы болам деген азаматтар үшін қабылданған түрлі мемлекеттік бағдарламалар бар. Ал, қызметтік пәтерді бұл санатқа жатқызбау қажет. «Жаңа заң жобасындағы ұсынысты қолдаймын. Өйткені, қызметтік пәтерді жекешелендіру – ел бюджетін талан-таражға салудың бір жолы» дейді ол.
Шыны керек, қазір «алсам, ала түссем, тағы алсам», «жесем, жей берсем, тағы жесем» деген заман ғой. Ал, қызмет бабымен жұмыс ауыстыратындар — негізінен басшылық қызметтегілер. Олардың көпшілігі басқа облыстарға «сол өңірді көркейтсем» деп емес, «тезірек пәтерлі болып, оны өз атағыма аударсам» деген ниетпен келеді. Сөйтеді де, бес жылдай жұмыс істеп, пәтерін жекешелендірген соң, өз еліне тайып отырады. Есесіне, әлгі пәтерді сатып кетеді, не жалдап қойып, өзгелерден ақша сауып отырады. Келесі жолы осы картина қайта қайталанады. Рахат па? Рахат! Мұның сыртында қаншама қарапайым қызметкерлер пәтер жалдап, тиын санап жүр? Әр қызметкердің артында тұтас отбасы тұрғаны айтпаса да түсінікті. Осындайда талқыға түскен бұл заң жобасы да тезірек қабылданып, әділеттіліктің орнағаны дұрыс-ау деп те ойлайды екенсің…
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.