ҚЫЗМЕТ ОРЫНДАРЫ САҚТАЛАДЫ

«Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында халықты жұмыспен қамту, кәсіпкерлік саласын дамыту бағытында облысымызда нақты жұмыстар атқарылуда. Бағдарлама аясында өткен жылы 3729 адам жұмыспен қамтылса, өз ісін ашуға, немесе кәсібін кеңейту мақсатында 492 адам несие алған. Бұл туралы «Халықты жұмыспен қамту және халық табысы» бағыты бойынша партиялық тәлімгер жанындағы сараптамалық топ отырысында белгілі болды.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында өткен жиында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Клара Мұқашкереева өз ісін жаңадан бастаушылар мен кәсібін одан әрі дамытушылар тарапынан 517 жұмыс орнының ашылғандығын сөз етті. «Кейбір мекемелерде жұмыс көлемінің азаюына байланысты қызметкерлердің бірлі-жарым қысқартулары орын алуда, жыл басынан бері 113 адам жұмыстан қысқарды», – деген ол «Казстройсервис» АҚ Атырау филиалы, «Ойл Тран Грунт» ЖШС, «Центркредит Банк» АҚ, «Фугроказпроект» ЖШС, «Халлибуртон» ЖШС және «Промстройэнерго» ЖШС компанияларында қысқартулардың орын алғандығын атап айтты.

Бүгінгі таңда тұрғындарды жұмыспен қамту өз алдына, қолда бар жұмысты сақтап қалу да оңай емес. Сараптамалық топтың отырысында бүгінгі күнде азаматтарды жаппай қызметтен босатуға және қызметкерлердің еңбек құқықтары мен кепілдіктерінің бұзылуына жол бермеу мақсатында облыс көлемінде нақты жұмыстардың қолға алынғандығы жайында да айтылды. Мәселен, осы бағыттағы әлеуметтік саланы дамыту бағытында жұмыс берушілермен арада меморандумдарға қол қойылған. «Басты мақсат – экономикалық қатер туындаған жағдайда өндірістегі жұмыс орындарын сақтап қалу, персоналды жұмыспен қамту жөніндегі шараларды жалғастыру болып табылады» деп атап өтті басқарма басшысы Клара Мұқашкереева.

Мәлике МӘЛІКҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз