ҚЫТАЙДАН КЕЛГЕН ҚАНДАСТАР
Кездесу жиынын студенттермен жұмыс жөніндегі факультет деканы Ұлдай Қойбақова кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды. Бірден айта кетелік, бүгінгі таңда мұнда «Серпін-2050» бағдарламасымен 281 студент және қытайлық 100 қандасымыз әртүрлі мамандықтар бойынша дәріс алуда.
— Өздеріңізбен осылай емен-жарқын көрісіп, кездескендегі көздегенім, алдымен, Қазақ еліне, соның ішінде қазыналы құт мекен, еліміздің мұнайлы астанасы Атырау жеріне қош келдіңіздер айту. Екіншіден, «Серпін-2050» бағдарламасы аясында республикамыздың Оңтүстік өңірлерінен, сонымен қатар, күншығыстағы ұлы көршіміз Қытай елінен осында оқып-білім алуға ұмтылған бауырларымыздың хал-ахуалын біліп, жағдайымен жете танысу. Үшіншіден, қойылған сауалдар мен туындаған проблемалар болса жауап қайтарып, шешімін табу жолдарын институт басшылығымен бірлесе, кеңесе, пікірлесе отырып іздестіру еді. Қазір ел-жұртқа жақсы-жаман жаңалық-хабарды тарататын ақпарат құралдарының түрі де, ақпарат алудың дереккөздері де көбейді. Мұны бір жағынан жақсылыққа балап, құптасақ та, жаман жағы да жоқ емес. Өйткені, ғаламтор мен сайттар, өзге де электронды аудио-видео құралдар, ұялы байланыс телефондары мен басқа да арналар арқылы жеткізілетін ақпараттың бәрі бірдей шынайы емес. Сондықтан, оның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екендігін бағамдап, әбден көз жеткізіп алғанымыз жөн. Оның үстіне, ислам және өзге де дәстүрлі діндердің атын жамылып, жымысқы, харам әрекеттерін іске асыруды ойлаған теріс, экстремистік пиғылдағы ағымдарды насихаттаушылардың қатары күннен-күнге көбейіп, жастар үшін қауіпті де қатерлі болып тұр. Осыны қаперлеріңізге салып, әр қадамдарыңызды аңдап басыңыздар, абайлап, сақтанып жүріңіздер, сонда жаманшылық атаулы да сіздерден іргесін аулақ салатынын ескерткім келеді, — деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан қазақы дәстүрімізбен Қытайдан келген қандастарымызға сый-сияпатын ұсынды.Ең алдымен, рухани дүниеміз жұтамасын деген ниетпен, қытайлық қазақ студенттерінің жетекшісі, «Ұлы жібек жолы» тіл орталығының меңгерушісі Нұрбақыт Уәлібайға «Жыр маржаны» атты арғы-бергі қазақ ақындарының өлеңдерінен құрастырылған 10 томдық жинақты, оған қоса белгілі композитор, өнер қайраткері Ілия Жақановтың «Еділ мен Жайық» кітабын, танымал жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың редакторлығымен шығатын «Ақ Жайық» журналының соңғы шыққан сандарын сыйға тартты.
Ел ағаларының қамқорлығын сезінген студент жастардың атынан сөз алған Ермек Тілеуғазы, Жарқынбек Шекер, Серік Базарбек, Назерке Сұлтан, т.б. жылыжүзді кездесуге мұрындық болғаны үшін облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлына шын көңілден ризашылықтарын білдірді. Көкейлерінде ұялаған сауалдарын қойып, ойларымен ортақтасты.
Дәулетқали АРУЕВ.