ҚЫСҚА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?
«Біз қаһарлы қысқа қаншалықты дайынбыз? Адамдардың өмірін сақтау, қауіптің алдын алу мақсатындағы іс-шараларымыз қандай?» Облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев жиынды осындай сауалдармен бастады. Байқағанымыз, жауапты құрылым жетекшілері мәселеге қатысты тыңғылықты дайындалып келіпті. Дегенмен, комиссия отырысында олардың есептеріне емес, нақты жасаған жұмыстарына маңыз берілді.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ақылбек Байшахановтың айтуынша, аймақта жылу беру маусымына әзірлікке байланысты облыстық штаб құрылып, іс-шаралар жоспары бекітілген. Осы мақсатта барлығы 4,1 млрд. теңге қаражат бөлініпті, оның 2,5 млрд.-ы – жергілікті, республикалық бюджеттің, қалғаны — кәсіпорын, мекемелердің өз ақшасы.
— Облыс бойынша 376 білім беру, 152 денсаулық сақтау және 278 әлеуметтік сала нысаны және көп пәтерлі 1490 тұрғын үй жылу беру маусымына толықтай дайындалып, жылуға қосылды. Соның ішінде қуаттылығы 100 Гкал/сағатқа дейінгі 455 дана әлеуметтік сала нысанының жылу орталықтарына жай жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толықтай сынақтан өткізілді. Жылу беру маусымына жоспарланған 77,3 шақырым электр, 5,6 шақырым су және кәріз, 34 шақырым су желілері түгелдей жөндеуден өткізілді, — деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы.
Ақылбек Қалдыбайұлының тағы бір тоқталғаны – «АтырауЖылуЭлектрОрталығы» АҚ-ның жұмысына қатысты болды. Мұнда жылу беру маусымына жоспарланған төрт жылу қазандығының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталыпты. Резервтік мазут қоры 1050 тоннаны құрайды. «Бүгінгі күні тіршілікпен қамтамасыз ету нысандарының, әлеуметтік сала және тұрғын үй нысандарының жылу беру маусымына дайындығы 100 пайыз» деді ол.
Облыс көлемінде биыл жылу беру маусымына ерекше дайындық жұмысы жүрді. Соның нәтижесінде 1 қазаннан бастап әлеуметтік нысандардың бәрі жылуға қосылды. Ал, көп қатарлы тұрғын үйлер 10 қазаннан жылу ала бастады. Тұрғын жайлардың жылдағыдан ертерек жылуға қосылу себебін облыс әкімінің орынбасары кемшілікті алдын ала анықтау, оны уақытында жою мақсатынан туындады деп түсіндірді.
Комиссия отырысында Атырау қаласы әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары басқармасының басшысы Аманжан Тәкешов, тағы басқалары облыс әкімі орынбасарының қойған нақты сауалдарына тұшымды жауап берді. Мәселен, «Қазавтожол» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Жантас Шәріповтің баяндауынша, бүгінде қар басуы мүмкін жолдар ерекше назарда. Көлденең оқиғалардан сақтану мақсатында 23 арнаулы техника дайындалып қойылыпты. Сонымен қатар, тұздың, құмның мол қоры бар. Мұның бәрі қысылтаяң кезде көмек болары анық.
Жиында алдағы күндері «Қыс — 2014» республикалық командалық штабтық оқу-жаттығу ұйымдастырылатындығы да айтылды. Оны жоғары деңгейде өткізу үшін облыста тыңғылықты дайындық жүріп жатыр екен.
Азамат БАЗАРБАЕВ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.