Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

КҮНГЕЙ мен КӨЛЕҢКЕ

Atr.kz/5 қараша, 2019 жыл. Атырауда қоғамдық көлікте жол жүруге арналған дифференциялды тариф енгізілді. Дегенмен, жаңа жобаға қатысты арыз-шағым азаймай тұр.

ТЕКСЕРУ НЕНІ КӨРСЕТТІ?

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әсет Оразғалиевтің баяндауынша, 2017-2020 жылдарға арналған Атырау қаласының жолаушы тасымалын дамытудың кешенді тұжырымдамасы жүзеге асырылуда. Оның ауқымында биылғы жылдың 11 қазанынан бастап сараланған тариф енгізілді.

– Электронды билеттеу жүйесі елімізде алғаш рет Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында қолданылды. Бұл жоба өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Ал, Атырау – жаңа жобаға қосылған үшінші қала, — деді басқарма басшысы.

Жол ақысына дифференциялды тариф енгізу жолаушы тасымалындағы көлеңкелі қаржы айналымын жарыққа шығаруға, бюджеттік кірістерді арттырып, автопарктерді жаңартуға мүмкіндік береді. Сервистік қызметтің сапасы мен сала мамандарының жалақысын көтеруге де себепші болады. Дегенмен, Әсет Оразғалиев «жаңа жүйеге кондукторлар тарапынан қарсылық бар» дейді.

Мамандардың пікірінше, олардың жаңа әдісті айналып өтіп, жолаушы ақшасын қалтасына басқан деректері кездеседі. «Атырау» газеті тілшісінің сауалы осы мәселеге қатысты қойылды. – Жаңа жүйе аясында бақылауқадағалау қызметі құрылды. Құрылым жол бойындағы заңсыздықтарды, кондукторлар тарапынан орын алатын олқылықтарды қадағалайды. Келеңсіздіктер кезіксе, сол жерде акт жасалып, жолаушы тасымалын жүзеге асырушы мекемелерге жіберіледі.

Бүгінде өрескел қателігі үшін жұмысынан шығарылған, ескерту жасалған кондукторлар бар, — деді облыстық жолаушы тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы. «Smart Qala» ЖШС директоры Болат Жамашев біздің сұрағымызға байланысты мынадай мысал келтірді.

– Жуырда әріптестерімізбен бірге жүйенің қызметін тексергенімізде, кондуктордың жолаушылардан 80 теңгеден алып жатқанын байқадық. Осы себептен, автобустағы дауыс зорайтқыш арқылы «билет берілмесе, берген ақшаларыңызды қайтарып алыңыздар» деп жариялауға мәжбүр болдық. Дегенмен, бірде-бір адам олай жасамады. Мұны жергілікті жұрттың менталитетіне жатқызсақ та, халықтың бақылауы болмаса, ештеңенің өзгермейтіні анық. Айтпақшы, заңсыздық жасаған кондуктор жұмыстан шығарылды, — деді серіктестік басшысы.

КЕЛЕҢСІЗДІК НЕДЕН ТУЫНДАДЫ?

Дифференциялды тариф енгізудегі келеңсіздіктер төлемақы жүйесіндегі ақауға байланысты туындады. Қыркүйек айында бір апта бойы 20 мыңға жуық атыраулық тұрғынның қоғамдық көлікте тегін жүргендігі белгілі болып отыр. Жүйе есеп жүргізгенімен, картадан ақша алмаған. Төлем жүйесінің дұрыс істемеуі салдарынан жолда жүру ақысын төлеу кезінде жолаушылардан бірнеше күнгі жүрген ақшалары бірден алынған.

«Smart Qala» ЖШС басшылары жол жүру карталарының шоттарындағы қаражаттың неліктен жоғалып кеткендігін осылай түсіндірді. Серіктестік директорының техникалық мәселелер жөніндегі орынбасары Қанат Нұрекеновтың айтуынша, тұрғындардың шоттарындағы ақшаның жоғалуы мүмкін емес. Себебі, картадағы қорғаныс банк заңнамасының стандарттарына сәйкес, криптографиялық құралдарымен жүзеге асырылды.

– Төлем жүйесінде 21-27 қыркүйек аралығында ақау орын алып, 17 мыңға жуық транзакция тегін өткізілді. Жүйе жаңартылғаннан кейін көрсетілген мерзім ішінде апта бойы тегін жүрген адамдардың карталарынан қаражат сол себеппен алынды. Алайда, «Smart Qala» ЖШС басшылығы төлем жүйесінің ақауы кезінде жол карталарын пайдаланушылардың жол ақысын кері қайтару туралы шешім қабылдады. Осыған байланысты барлық қаражат тұрғындардың жол картасы есебіне түсетін болады, — деді Қанат Нұрекенов.

Жүйедегі техникалық ақауға байланысты 5300 транзакция көлемінде екі есе жолақысын төлеген тұрғындардың да қаржысы қайтарылуда.

– Қаражатты есептен шығарудың үшінші жағдайы барлық карталарда бастапқы тариф белгіленбегендіктен, мысалы, кейбір зейнеткерлер 40 теңгенің орнына 80 теңге төледі. Біз бұл мәселені де оң шешіп жатырмыз. Жол карталарын пайдаланушыларға барлық қаражат қайтарылады, — деген «Smart Qala» ЖШС директоры Болат Жамашев оның нақты сомасын атаған жоқ.

Электрондық билеттер жүйесінің операторлары «қазіргі қалыптасқан жағдай тұрғындардың берілген уақытты тиімді пайдаланбауынан, соңғы сәтте жол жүру билетін рәсімдеуге жаппай ұмтылуынан орын алды» деген ұстанымда. Расыменен, жаңа жүйені енгізу мерзімі бірнеше рет кешіктірілді. Сол кезде 4 мың зейнеткер карта алған. Ал, 11 қазаннан кейін олардың қатары 11 мыңға бір-ақ өсіпті.

Сабақ мезгілінде оқушыларды автобусқа мінгізбейтін жағдайлар кездеседі. «Smart Qala» өкілдері балаларға карта рәсімдеу жұмыстары тездетілетінін баяндады. Атырау қаласы әкімінің орынбасары Жұмабек Қаражанов жолаушы тасымалдаушылармен құжат жасақтағанға дейін оқушыларды (сабақ кезінде) тегін тасымалдау туралы келісім барын жеткізді.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button