Күмәнді дәрігерлердің көмегіне жүгінбеңіз!
Atr.kz / 15 шілде, 2020 жыл. Коронавирусты инфекцияны емдеу үшін ел арасында күмәнді дәрігерлердің қызметіне жүгінбеу қажет. Атырау облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сәдуақас Байғабылов аймақ тұрғындарын бұл талапты қатаң сақтауға шақырды.
Аймақтың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің айтуынша, «WhatsApp» мессенджерінде Атырау қаласында Қытай медицинасы туралы бейнеролик таратылды.Бұл бейнероликте дәрігер антисанитарлық жағдайда «COVID–19» — ға инъекция жасайды. Бұдан кейін облыс орталығында жүргізілген тексеріс нәтижелерінде короновирусты инфекцияның симптомдарын емдеу және алдын алу мәселерімен айналысатын клиника анықталды.
— Бұл клиникада КВИ (пневмония) симптомдарын емдеу үшін фенол ерітіндісін қолдану арқылы инвазивті емдеу әдістері пайдаланылады.Процедураларды медициналық білімі жоқ адамдар жүргізген (ҚХР-ға байланысты этникалық қазақтар). Сондай-ақ, клиника дәстүрлі емес медицинамен (инемен емдеу, массаж) лицензиясыз айналысқан.Тексеру барысында мұнда жарамдылық мерзімі өткен дәрі- дәрмектер мен Қытайда өндірілген тіркелмеген дәрілік препараттар табылды,- деді Сәдуақас Байғабылов.
Айта кету керек, бүгінде аталған фактілерге қатысты құқық қорғау органдары тергеу шараларын жүргізуде.
Алтыншаш Құрмашева