Күкірттен келер қауіп көп
Atr.kz/21 қаңтар, 2020 жыл. Өткен жылы Атырауда осындағы ірі кәсіпорындардың қоршаған ортаға әсеріне арналған басқосу ұйымдастырылды. Әрине, қатыстық. Бізді, әсіресе, күрделі кеніштердегі мұнай құрамындағы күкіртті одан әрі кәдеге жарату жайы қызықтырды.
Сонау жылдары Теңіз кен орнында он миллион тоннадан аса күкірт жинақталып, аймақтың экологиясына едәуір залал келтірген. Рас, «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны кейінгі кезде бәрін дерлік сатып құтылғанды. Тұңғиық тереңнен «қара алтынмен» бірге ілесіп шығатын бұл қоспаның төңірекке аса қауіпті екені белгілі. Қолқаны қабар күлімсі иісінен бөлек адамның тыныс алу жолдарына да зиян келтіреді.
Мамандар кезінде аймақта түрлі дерттің пайда болу себебін сонымен байланыстырған. Қазір НКОК компаниясы бас оператор ретінде игеріп жатқан Қашаған кенішінде де күкірт бар. Солтүстік Каспий жобасына қатысты о бастағы болжамда да оның болуы қарастырылған. Бірақ, көп мөлшерде емес еді. Және айналасына аса қатер төндірмеу жайы көзделген.
Батыс Ескенедегі мұнай мен газды кешенді даярлау қондырғысы облыс орталығына тым жақын орналасқандықтан, бұл мәселе қалалықтар үшін өте маңызды. Онсыз да шаһар ауасы осындағы өнеркәсіп ошақтарынан шығатын залалды заттармен әбден бүлінген. Демек, жел шығыс жақтан соқса, айдын өнімі өңделетін зауыттан тарайтын зиянды қалдық елді мекенге лап қоймақ. Міне, жиналғандар осы жайға алаңдаушылық танытты. Рас, белгілі бір мөлшерде күкірт жинақталуына рұқсат етілді. Одан артығына тыйым салынған. Енді келісілген күкіртті орналастырғаны үшін компания қанша төлем төлеп отыр?
- Жалпы, барлығы қанша? Соңғы бес жылдағы мәлімет бар ма? Міне, осы ақпарат жиналғандарға ұсынылмады. Әрине, дерек жоқ емес шығар. Бірақ, жұрт жарнама материалдан көргісі келген. Оның үстіне, компания қызмет етіп жатқан нысан бірінші категорияға жатады. Демек, оған қырағылық аса қажет. Айдынға тамшы мұнай тамса, төңірегіндегі елдердің жағалауы бүлінуі ықтимал. Ал, бұл халықаралық жанжалға соқтырады. НКОК басшылығы да мұны дұрыс түсінетін шығар. Дегенмен, әр жылы табиғат қорғау шараларына бөлінген қаражат көлемі ойландырады.
Мәселен, 2019 жылы – 4,8; 2017 жылы – 4,2; 2018 жылы – 4,3; ал, былтыр 13,9 млрд. теңге жоспарланыпты. Бәрі де қомақты қаржы. Әйтсе де, өткен жылы алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда
неге үш еседей көп болды? Әлде кешенді ғылыми-зерттеу шаралары қолға алынбақ па? Олар қандай? Мүмкін табиғатқа зиянын тигізбейтін тың технология енгізілмек шығар? Сонымен танысуға бола ма?
Бұған дейін де айтылып жүргеніндей, Солтүстік Каспий өңірі – аса нәзік дүние. Мұнда құстар мен балықтардың өте сирек кездесетін түрлері қоныстанады. Өсімдіктер де сан алуан. Соның бәрін саф таза күйінде сақтай аламыз ба? Әлде мол мұнай жолында құрбандыққа шаламыз ба? Әрине, «қара алтын» байлығымыз болғанымен, қоршаған ортаны қорғау одан да маңыздырақ болуы тиіс. Жаңа Экологиялық кодекс ірі кәсіпорындарға үлкен талап қоймақшы.
Солтүстік Каспий жобасы да соған жатады. Демек, табиғатқа еш зиян келтірмейтін озық технология енгізілуі тиіс. Оның құны қымбат делінгенімен, әркез айыппұл төлеуден жеңілірек шығар. Әлемдегі іргелі компаниялар мұндай әдіспен әлдеқашан жұмыс жасап жатыр. Өйткені, дүниежүзі халықтарының талабы сол. Біз де соған аяқ басамыз.
Әйтсе де, біраз жыл жүрдім-бардымға салынып, инвестордың икеміне көбірек көнгеніміз де жасырын емес. Осы жоба қолға алынғалы теңіздің тазалығына, облыс орталығына зиян келтірмеу жайына қатысты үлкенді-кішілі басқосуларда экология мәселесі тұрақты көтеріліп келеді. Дегенмен, көп нәрсе қағаз жүзінде қалатын тәрізді. Соның ішінде шаһар мен мұнай-газды кешенді даярлау қондырғысы аралығына тал егу әлі жүзеге асырылған жоқ.
- Түрлі себеп көлденең тартылады. Жердің тұздылығы, судың тапшылығы, теректердің жерсінбеуі, әйтеуір толып жатыр. Аздаған ағаш отырғызып, тәжірибе жасайды да одан әрі жалғастырмайды. Мәреге жетпеген істің нәтижесі болар ма? Мұның бәрін айдын төсін игеру басталған кезде-ақ қолға алғанда ендігі жайқалған бақ орнамас па еді? Әттең, бар назар өндіріске аударылып, қоршаған ортаға қатысты мәселе екінші кезекке ысырылды.
Алайда, Каспий мұнайы бүгін-ертең сарқылмас, әлі де тылсым тереңнен тартылар. Ендеше, жер қойнауын игерушілерге талапты енді күшейтсе де кеш емес. Оның үстіне, жаңа Экологиялық Кодекс бар. Соның ережесі мүлтіксіз орындалса, біраз игі іс тындырылғалы тұр. Сонда күкірттен келер қауіп те біраз сейілер еді.
Махамбет ЖЕКСЕНОВ,
география ғылымдарының кандидаты, инженер-эколог,
Атырау қаласы