Жарнама
Жаңалықтар

«Күй падишасының» тұсауы кесілді

Атырауда өтіп жатқан «Саз пернелі Сарайшық» ІІ Халықаралық музыкалық фестивалі шеңберінде ақын, филология ғылымдарының докторы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, Әдебиеттану ғылыми-зерттеу орталығының директоры, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одақтарының мүшесі, «Парасат» орденінің иегері Қадыр Жүсіптің күйші Айгүл Үлкенбаеваға арналған «Күй падишасы» кітабының тұсаукесері болды.

Жиынға облыстың зиялы қауымы, ардагерлер, студент жастар және өнер майталмандары қатысты. Іс-шараны кітап авторы Қадыр Өтегенұлының өзі ашып, күй өнерінің қазақ мәдениетіндегі ерекше рөлі мен маңызын атап өтті. Өнердің мәңгілік құндылығы туралы терең ойларымен бөлісті.

-Айгүл Үлкенбаева қазақтың күй өнерін насихаттауда өзіндік бір биікке көтерілген тұлға. Оның домбырадағы орындаушылық шеберлігі қазақ халқының мәдени байлығын әлемге паш етіп, ұлттық өнерімізді биікке көтеруге зор үлес қосты. Күй – қазақтың жүрегі, ал Айгүл Үлкенбаева – осы өнердің шын жанашыры, шебері әрі күй падишасы. Ал жаңа кітап – Айгүл Үлкенбаеваның қазақ күй өнерін әлемге таныту жолындағы ерен еңбегін және күйдің ұлттық мәдениеттегі тарихи маңызын поэтикалық тілмен жеткізген ерекше туынды, — деді Қ.Жүсіп.

Тұсаукесер рәсімінде Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов, Айгүл Үлкенбаеваның інісі Бейімбет Үлкенбаев, ҚР Мәдениет қайраткері Құттыгерей Дүйсеев және ақын, филология ғылымдарының кандидаты Гүлзада Ниетқалиева жаңа кітаптың қызыл лентасын қиды.

-Айгүл Нариманқызына арналған бұл көлемді дастан өнерге адалдықтың, рухани тереңдіктің үлгісін көрсетеді. Тума талант иесінің қазақтың күй өнеріне қосқан зор үлесін поэтикалық суреттермен баяндаған бұл кітап – болашақ ұрпақ үшін тәлім-тәрбиенің құнды көзі, – деді Г.Ниетқалиева.

Таныстырылым барысында сөз сөйлегендер арасында қазақ руханиятының жанашыры, Германия мен Қазақстан арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосып жүрген Сүлеймен Шадкам, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Мақыш Гайсина және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Бақтыбек Таубаев болды. Олар күй өнерінің ұлттық мәдениеттегі орнын дәріптеп, осындай шығармашылық еңбектердің қазақ өнерін жас ұрпаққа танытудағы рөлін жоғары бағалады.

Мәдени іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Сахнада республикалық және халықаралық ән байқауларының лауреаты Байбақты Ідірбай өнер көрсетіп, «Жайық деген жанды су» әнін шырқады. Сонымен қатар, Айгүл Үлкенбаеваның шәкірттері де өз өнерлерін ортаға салды. Олардың ішінде «Науысқы» күйін орындаған шәкірттердің өнері ерекше қошеметке ие болды.

Жайна МӘЛІМҚОЖА

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button