
Күй падишасы. Ол кім?
Сөз өнерінің сайыпқыраны, ғылымның ғаламат гәптерін меңгеруде өз аймақтарыңда оза шапқан шынайы шебер кім десе, сөз жоқ, ең алдыңғылардың сапында Қадыр Жүсіптің ныспысын атар едік. Өйткені ол сан қырлы ақын, ғибратты ғалым, сарабдал сыншы. Әншілік, шешендік, дикторлық, көшбасшылық және тағы басқа ізгі қасиеттерін тізбектей берсек көпке ұзайды. Сегіз қырлы, бір сырлы тұлғаның нақ өзі. Енді, міне, сол Қадыр Өтегенұлы жаңадан «Күй падишасы» атты дастанды өмірге әкеліп отыр. Атағы байтақ әлемге мәшһүр, әйгілі күйші Айгүл Үлкенбаева туралы деректі шығарма. Поэзия тілімен оның әдеби бейнесі сомдалған. Мұндай айтулы күй падишасы жөнінде сөз құдіретін оятып, композициялық қисынын қиыстыра жазуға тәуекел етуге өзіне кәміл сенімді бірегей қаламгер ғана барары күмәнсіз ақиқат.
Ақын дастанның шарықтау шегіне жеткенге дейін әріден бері қарай қозғап, күйшінің ататегін әдеби орамдар арқылы таныту тәсілдерін ұтымды тапқан. Иә, Айгүлдің зәузаты тегін адамдар емес еді. Үлкенбай ата да, Нариман әке де өз ортасының танымал бұйдагерлері, өз заманының бетке ұстарлары. Туындыгер осынау екі тұлғаны сипаттауда артық та кетпейді, кем де қалыспайды, дастанның бастау тұсында өз орындарына тетігін тауып, жымдастыра қалайды.
Өсіріп төрт түлігін көрген күнін,
Өмірдің жауқазындай терген гүлін.
Салт-сана бабалардан жалғастырып,
Өсірген ибалы қыз, көргенді ұлын, –
деген шумақта-ақ бәрі ап-айқын баян етілген. Зейнеп әжесінің, Шолпан анасының құйтақандай Айгүлдің күй әлеміне деген ынтасы мен ықыласының, құштарлығы мен құлшынысының әр мезетін, әр шағын көзбен көріп, көңілмен оқып қуанулары мен толқулары сәтті өріс тапқан.
Үш жасқа келгенінде Айгүл ойыншыққа алаң болмай домбыраға ниеті ауып, оның ішектерін құп-құйтақандай саусақтарымен ілгіштейді, одан шыққан дыбысқа елегізиді, елтиді.
Екі қол іске бірге кіріскенде,
Орнында тұрғаны жөн дұрыс перне.
Адамның екі қолы – қос қанаты,
Бастайтын өнегелі ұлы істерге.
Дастанның бастау тұсында ақын Қадыр Жүсіптің осылайша толғанып, кейіпкерінің өнерге өріс ашқан талпынысын сипаттауы тегін емес. Балабақшаға барғанынан бастап домбырасын өз қасынан қалдырмай, жанына серік етіп алады. Онысын әке-шешесімен қоса әжесі Зейнеп те қуана құптайды. Айгүл бара-бара нағыз құймақұлаққа айналады. Әкесі Нариманның тартқан күйлерін бұлжытпай қайталай бастауы тыңдағандардың бәрін тебірентеді.
Бір күні сұңқылдатты «Кеңес» күйін,
Деді де: «Бұл күй маған емес қиын».
Тыңдады үйдегілер кезектесіп,
«Кәне, тартшы күйіңді, мен де естиін!»
Кіп-кішкентай Айгүл, сөйтіп, өз ортасында күйге шынайы әуестігімен әйгіленіп, тіпті, екінің бірі орындауға тәуекелі жете бермейтін «Кеңес» күйін төгілдірте тартуымен таң қалдырады. Ол төңірегінде қаптаған дыбыстардың бәрін күй әуезіне, күй ырғағына теңемейді. Күйге бар ынта-ықыласымен, зейін-зердесімен беріледі.
Айгүлдің мектептегі алғашқы өнер сайысына қатысуы, бастапқы көзге ілігуі Қадыр Жүсіптің жырмен кестелеуінде қандай әсерлі өріс тапқан?! Балғын домбырашыға күй әліппесінің беймәлім қыр-сырын үйретуді бастаған ұстазы Шәмшиден Шәріповтің білгірлікпен бағыт беруін де қиюын келістіре кіргізгені жөн-ақ.. «Ақсақ киік», «Адай» сынды бірі мұңлы, сырлы, бірі дабылды, дауылды күйлерді құйқылжыта орындауы тыңдармандарының жүректерін тебірентпей қоймады. Аяқ алысы үкілі үмітке жетелейді.
Нариман-Шолпан сүйді боталарын,
Көрсеткен асқақ өнер аса дарын.
Жаулығы желпіл қағып жетті әже де,
Жаудырған шаршамастан баталарын.
Ілкі қадамдарынан-ақ осындай орамды, орайлы сәтімен өзіне назар бөлгізген талабы таудай балғын жастың келешегі қандай болмақшы? «Балдырғандар» ансамблі. Алғашқы самғау. Бастапқы байрақ. Ол әлі жеткіліксіз. Қарым, қабілетіне тәлім, тәрбие қажет-ақ. Оған тілектес ата-анасы да, тәлімгер ұстазы да, өзі де алаңдаулы. Айгүл картадан алтын тәжді Алатаудың етегіндегі шаһарды іздейді. Аңсары арман қала Алматыға, өнер ортасына ауған.
Ақыры туған жерін артқа тастап, тұлымы желбіреген Айгүл қияға қарай қанат қағады. Қиялы әлемді кезеді. Күй әлемін шарлайды. Бәріне ақын куә, ақын шабыты куә.
Елестеп қиялында Күй тауы да,
Қалғандай өңіріне сый тағыла.
«Ал келдің, саздың жиделібайсынына,
Арайын Жетісудың сүй табына, — дегендейін домбырасының құлағын мың бұраумен құбылта шарықтайды. Музыка училищесіндегі ұстазы Тілеш Бәділұлының сыныбында күй бұлағының тұнығына бас қояды. Бұдан әрі өсу, өрлеу жолы ілгері жетелейді. До, ре, ми, фа, соль әліппесіне үңіледі. Таныстығы тандантарлықтай. «Сольфеджио» атты пәннің қыр-сырын үйренуге құмартады. Дәулеткерей, Құрманғазы, Дина, Қазанғап… ғажайыптарына құлақ түреді. Абыл, Махамбет, Түркеш, Сүгір, Тәттімбет… әлемдерімен қауышады. Содан соң әлемдік деңгейдегі Глинка, Бородин, Рахманинов, Римский-Корсаков, Скрябин, Хачатурян, Бах, Брамс, Штраус, Моцарт… бәрі-бәріне ықылас-ниеті құлады. Қай елдің музыкасы да оған жат емес. Шыңдалу мектебі әрі қарай сәтті жалғасын табады. Айгүл оқу орнында Лениндік стипендиат атанады. Құрманғазы атындағы оркестрдің мүшесі. Саңылақтар сапында атақты дирижер Шамғон Қажығалиевтің алдында күй легін төгеді.
Шат күлкі тасып жатты ақтарыла,
Алтын құс қонып көңіл бақтарына.
Ауылдың мақтанышы болған Айгүл,
Айналды енді елдің мақтанына.
Ел мақтанына айналған дарынды қыз бұдан әрі музыкалық білімнің көрігі консерваторияда дәріс алуды мұрат тұтып, дегеніне жетеді. Оған анау-мынау емес бірегейдің өзі, білікті профессор Айтқали Жайымұлының шәкірті болу бақыты бұйырады. Мұнда ол киелі домбыраның, ұлы күйшілердің өзі әлі қанық емес құпия сырларына да, қырларына да қанығады. Құрманғазының, Дәулеткерейдің, Динаның, Ахметтің, Рысбайдың, Нұрғисаның… шеберліктерінің құпиялары неде, қолдарында, қимыл, қозғалыстарында нендей сиқыр бар еді, күй тартудағы әдіс-тәсілдері қандай, бәрі-бәрін зерттеп, зеуірттеп білуге құштар. Бұл тұрғыда Айгүлдің ілгері ұмтылысы, табиғи зеректігі, бірден-бір белсенділігі жоғары. Алмания еліндегі қайта-қайта сахна төріне шақырған ду қол шапалақ (овация), «Таңшолпан» телебағдарламасындағы сазды сәлем, Республика сарайындағы күй кеші… ақын осының бәрін шеберлікпен төгілте жырға қосып, Айгүлдің әлеуетін аспандатқан.
Паһ, шіркін! Күй – періште сахнада,
Қарай қал, әр қимылын бақыла да.
Аққудай ұшып келген айдын көлге,
Қанаты бұлттан аппақ, заты дара! –
деп толғануы қандай әсем, әсерлі шыққан?! Көз алдыңнан кетпейтін айшықты бейнелеу.
Айгүлдің консерваториядағы оқытушылық, профессорлық кезеңдерін, шәкірттер тәрбиелеуін, Нью-Йорк, Вашингтон, Копенгаген, Лондон, Париж, Стамбул, Анкара, Мекке мен Мәдина сапарларында, Швеция, Бельгия, Голландия, Испания, Индия, Индонезия, Корея, Иордан… құдай-ау қайда бармаған, қай елдердің төрлерінде қазақ күйінің мәртебесін аспандатқан десеңізші?! Міне, керемет, міне, құдірет! Осынау ұлан-асыр шалқымалы, сән-салтанатты шақтардың бәрінде қазақ деген халықтың кім екендігін, өрелі өнерін байтақ әлемге паш еткен тума таланттың өзі емес пе ол?! Дастанның төлиесі бәрін түгел далитып баян етпей-ақ, егіз жолдар, бірер шумақтар арқылы кестелеп, қиыстырып әдемі жеткізген, тыңдар құлаққа сіңіре білген. Дастанның V бөліміндегі «Ғажайып концерт» атты тақырып аясында Айгүлдің жаңа ғасыр жазының арайында Алматының Республика сарайында әрбір қазақ армандарлық кеші өткеніне, оның күй тартудағы асқан шеберлігіне, «Төремұрат», «Адай», «Сарыарқа», «Алатау», «Көркем ханым», «Балқаймақ»…тағы, тағы ондаған құйқылжыған күйлер шоғырын жеріне жеткізе, тыңдармандарын толғанта, тебіренте орындағанына барша куә, тәнті болмаған жан жоқ, сірә?!
«Домбыра – нағыз қазақ» дегеніңіз,
Қадырдай тауып айтқан кемеліміз.
Дәлелдеп соны айқын шыққанындай,
Айгүлдей Падиша күй – өреніміз.
Иә, солай! Айтса айтқандай-ақ. Қос ішек шертер сыр қандай көл-көсір еді. Қос ішек неткен шешен еді. Ол асылында сол домбыраны күмбірлете сөйлете білген Айгүл Үлкенбаеваның сүйріктей саусақтарының ала-бөле ерекшеліктеріне, алабөтендігіне тікелей байланысты екендігі күмәнсіз. Айгүл – дара! Айгүл – нағыз күй падишасы!
Суреттеп құйғандай қилы мүсін,
Жүргізіп дүниеге билік ісін.
Қуаныш сыйласын деп бұл әлемге,
Алланың елге берген сыйлығысың!!!
Қандай ғажайып теңеу. Дастаншы Қадыр Жүсіптің бұл бағасы, сөз жоқ, тауып айтылған бірегей байлам, тиянақты түйін. Әрине, Айгүл Нариманқызының санамалай берсе қол жеткен жетістіктері, алған марапаттары бір басына жетіп артылады. Ол – Қазақстанның халық артисі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Евразиялық халықаралық сыйлықтың алтын тәж иегері…тағысын, тағылар. Баршасын әдеби орамдарға қоса берсе шығарманың көркемдік тұтастығы кемшін соғары кәміл. Бәсі кемуі де мүмкін еді. Қадыр Өтегенұлына олардың бәрі-бәрісін ежіктей таныстырмай-ақ, тыңдармандарының өздері де әуелден біледі емес пе?!. Әйгілі дарынның аты әйгілі. Жасы сексеннің ортасынан асып тоқсанға қарай жол тартқан шақта шабытын бәсеңдетпей осындай тамаша дастан туындатқан Қадыр Жүсіптің шығармашылық әлеуетіне таңданбасқа болар ма?! Бұл дастан арқылы күйшінің ашылмаған қырлары, баршаға таныс емес сырлары, шығармашылық өсу, өрлеу сәттері ашылады. Дастан иегері бұл ретте өз мақсатына жеткен.
Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті жазушысы, Ақпарат саласының үздігі,
«Құрмет» орденінің иегері