Жарнама
Жаңалықтар

«Көшені кеңейтеміз бе, әлде көшеміз бе?»

Жуырда редакцияға қала маңындағы Құрсай ауылының тұрғындары қалаішілік «Дина» базары – Құрсай ауылы» бағытына қатынайтын №5 автобустың қызметі көңіл көншітпейтіндігін айтып, шағымданған болатын. Олар өз өтініштеріне құлақ асып, мәселенің оң шешілуіне ықпал етуді өтінген соң жауапты мекемелерге хабарласып мәселенің мән-жайын анықтауға тырыстық.

Тұрғындар жергілікті атқарушы орган өкілдері бұл мәселенің тиісті деңгейде орындап отырмағанын айтады. Тұрғындардың өтініштеріне назар салсақ, Құрсай ауылына қатынайтын көліктің салоны өте тар, санаулы орынға шақталған шағын автокөліктің болғандығына наразы. ​Тұрғындардың айтуынша, таңертеңгілік және кешкі уақытта қысылып-қымтырылып, аяқтың ұшымен тұруға мәжбүр екен. Соңғы уақытта қала бойынша тасымал жасайтын жолаушылар көлігінің басым бөлігі үлкен автобуспен жаңартылып жатқанда, дәл осы №5 автобусқа тұрақты мінетін Құрсай, Перетаска ауылдарының жолаушылары тар көліктердің ауыспайтындығына наразы. Осы жайтқа байланысты қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінен білгенімізде, аталған шағынаудандағы көше аралығы ұзын автобустардың еркін қозғалыс жасауына мүмкіндік бермей отырғандығын, бұл туралы тұрғындарға жауапты бөлім тарапынан бірнеше рет жауап берілгендігін айтты.
​Ал тұрғындар болса №5 автобусының ауылдың ішіне кіріп, шағын көшелермен жүретіндіктен кейбір жолдардың арнасын кеңейту керек екендігі бірнеше жылдан бері айтылып келе жатқанымен, әлі «жабулы қазан» күйінде қалып отырғандығын жеткізді.

– Ендігі жерде біздің мұң-мұқтажымыз ескеріліп, осы айтылғандар жергілікті билік тарапынан құр сөз күйінде қалып қоймай, оңды шешімін тапса деген үміттеміз. Таңертеңгі, түскі, кешкі қауырт мезгілдерде мектеп оқушылары, студенттерді айтпағанда, жұмысқа баратыны-бармайтыны бар былайғы жұртшылық иін тірескен көлікке отыруға таласып-тырмысып, біріне сыймай қалып қойса, келесісін күтуге тура келеді. Автобус кішкентай, тар, адамның қозғалуына қолайсыз, автобустардың тозығы жеткен, орындықтары қисайып, әбден кірлеген. Таксимен жүру қазіргі таңда өте қиын, бағалары қымбат. Сондықтан халық тек автобуспен қатынауға тура келеді. Салдарынан тіпті қыста панасы, жазда саясы жоқ, жаңбыр жауса кірерге тесік таппай қалатын, «аялдама» деген аты ғана бар белгінің тұсында сарылып тұруға мәжбүрміз, — дейді ашынған тұрғындар.

Ұшы-қиыры жоқ мұндай шағымдарды 26 мыңнан астам жазылушысы бар облыстық әкімдіктің телеграм желісіндегі парақшасынан да жиі кездестіруге болады. Демек мәселе көп.
​Аталған бағыттағы көліктерден басқа да автобустарға жолаушылардың сын-ескертпелері жалғасып келеді. Мәселен, жолаушылар кейбір жүргізушілердің қатты жылдамдықпен жүретіндігін, олармен дөрекі сөйлесетінін, тіпті балағат сөздер айтуға дейін баратындарын айтып жататын жағдайлар жиі кездеседі.
​Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің бас маманы Жадыра Сәндібекова қоғамдық көліктерге қатысты толғантқан сұрақтарға жауап берді.

– Құрсай ауылындағы жолдың тарлығынан айналып өту, бұрылу секілді әрекеттер жасау автобусқа қиындық тудырады. Кейде адамдар көлік тоқтап, түсіп жатқан кезде қарама-қарсы бағытқа көлік шығып қалады. Бір көшеге автобустар мен жеңіл көлік сыймай жатады. Келісімшарт бойынша күніне «Дина базары – Құрсай ауылы» бағытына 7-8 автобус қатынайды, — деді бас маман.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button